- Негізгі бет
- Сын
- Гүлнұр Ибатуллаева. "Ақынның...
Гүлнұр Ибатуллаева. "Ақынның өлеңі – тағдыры..."
Шығарма жазылғанда онымен қоса сын да туады. Сын шын болғанда ғана автордың миссиясы орындалып, оны шыңдай түседі. Елбасының "ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады", – дегеніндей рухани жаңғыруда рухани кодтың шырақшысы әдебиеттің оның ішінде өлеңнің ерекше орын алары сөзсіз. Асқардың "жастар сыналсын, бірақ сойыл жемесін" дегеніндей жастар шығармашылығы сыналу керек. Ал жас ақынды жас сыншы сынап жатса қоғамы бір замандастар бір-бірін рухани ұғысады деген сөз. Осындай жас сыншы Гүлнұр Ибатуллаеваның ақын Дүйсенәлі Әлімақынның шығармашылығы жайында жазған сынын назарларыңызға ұсынамыз.
Гүлнұр Ибатуллиева – 1997 жылы 5 қазанда БҚО-ның Теректі ауданында дүниеге келген. Қазір Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 3-курс студенті.
***
Әдебиет деген айдынға жып-жылмағай өзінше бір деммен ағып барып құйылатын мөлдір ағынның бары рас. Құз-жардан төгіле құйылып, тау-тасты құлатқан таудың сарқырап аққан асау ағынындай болу ақын біткеннің еншісіне жазылған қағида болуы шарт емес шығар. Әр ақынның табиғаты, болмыс-бітімі әртүрлі, бастысы поэзия бұлағына бұрылмай қосылып, өнер кеңістігінен орын алу. Екпіндемей-ақ, жай ғана тыныстап ағып әдебиеттің айдынына мөлдір ағын кеп қосылды. Ажырамас егіз қозыдай Алтай мен Тарбағатай аймағын қамтыған қоныстан елге оралған Дүйсенәлі Әлімақын қазақ поэзиясының дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген жас ақындардың бірі.
Дүйсенәлі Әлімақын – 1989 жылы ҚХР, ШҰАР , Іле Қазақ облысы, Нылқы ауданында туған. Өлеңдері Шыңжаңдағы және еліміздегі мерзімді басылымдарда жиі жарияланып келеді. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Азаттығым ғажап күнім» атты үш ел ақындарының (Қазақстан, Қытай, Моңғолия) антологиясына, «Сәкен жұлдыздары» атты жас ақындар алманағына өлеңдері енген. Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университеті Филология институты «Қазақ тілі және әдебиеті» мамандығының магистратурасын бітірген. Қазір Ұлттық Ғылым Академиясы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл Білімі институтының ғылыми қызметкері. 2017 жылы «Қараша құстар ғазалы» атты тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көрді. Жинақтың алғы сөзіне белгілі ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Жәркен Бөдешұлы: «Дүйсенәлінің өлеңдері мені бейжай қалдырмады, жырларында қуат бар екені менмұндалайды. Шынайы талантты ақындарға ықыласың ауу керек. Ал талантты ары қарай ұластыруды ақынның өзіне тапсырамын... Өлеңнің ұзақ сапарына аттанған екенсің, жолың болсын, ендеше!», - деп шынайы лебізін білдіреді. Расында да, ақынның тырнақ алды туындылары енген жыр жинағы ұлы сапарға апарар соқпақ екені даусыз.
Ақынның өлеңі – өмірі. Не жазса да, өмірден түйгенін, көргенін, сезінгенін ар таразысына өлшеп жазады. Бір кездері өзінің сайын даласында емін-еркін кезіп жүрген көшпенді халықтың басына зобалаң туып, тосын заманның шырмауына ілігіп, шекара асып кетіп еді. Өзге елде жүрген қандастардың ел десе емешегі үзіліп, атамекен десе қаны аттай тулап шыға келетіні бар емес пе?! Әрине, олардың кіндік жұртына оралғысы келеді, қазақ деп соққан жүрегінің түбінде еліне деген сағынышы жатады. Атамекенге деген аңсарын өлеңмен өріп, бала кезгі арманын кіндік жұрттың желімен жарыстырған Дүйсенәлі ақын өз жұртына арнап жыр жазады:
Көрмеген тұлпар кетіп белдеуінен,
Тербелген тосын заман гөй-гөйімен.
Менің бала арманым жарысатын,
Кіндік жұрт сенің күзгі желдеріңмен.
...Кіндік жұрт сенің асыл киеңменен,
Дер шағымда тұрманымды түгендеп ем.
Арнадым саған жүрек жырларымды
Пенде өтер өмірден жыр өлмеген.
Ақын мен өлең ажырағысыз. Ақын көңіліндегі күйік, мұң, сананы ойып жеген сартап ойлары шемен боп қатып, шерлі күйге ұласады:
Шерлі Қас,
Сен өкпелі шығарсың заманаға,
Мен өкпелі шығармын заманаға?
Балқашқа сәлем жолдап отырмын мен,
Жағаңдағы сыр айтып шағалаға, -
дейді Қасына мұңын шаға. Балқашына жетіп жығылғанша асығып бара жатқан шерлі өзенге ақын иіріміңмен ағызып әкет мені, сол кезде менің тірлігімнің мұңы жоғалар, тас тағдыр бүйіріңнен тесіп жатса да, мыңқ етпейтін шыдамың менен гөрі көбірек-ау, ендеше тағдырыңмен егіз болайын дейді. Сөйтіп, сағынышын бөлісетін сырласын, шерін тарқатар мұңдасын тауып алғандай болады.
Енді бірде ақын арманы жетелеп, толқынмен ағып, туған жерінен алыстағанда сырласын сағынады, оған арнап сағынышпен жыр жазады. «Кешір, Қас» деген өлеңінде:
Су алған анам жағаңнан сенің,
Тамшыңнан мөлдір жаралғам сенің.
Сағыныш дейтін өлең жаздырды,
Әз көркің кетпей санамнан менің, -
дейді. Ақын өзін Еділімен қоштасып кеткен осы ғасырдың Қазтуғанындай сезінеді.
Көңілдің емін табатын шығарсың,
Тентегің саған наласын шығарсын.
Сертімді саған табыс етейін,
Балқашқа ағып баратын шығарсың?
Ақынның арманы орындалып, үлкен қалаға келгенімен, туып-өскен жерін сағынады. Туған жерінен жыршы құстар ұшып келсе, елең етеді, олардың ғазалын оқып, күн шығыста қалған ескі ауылына деген сағынышын жасырмайды:
Көзден аққан үзіліп жас моншағым,
Қалаға кеп саған ауды аңсарым.
Ізгіліктің мекенісің сен маған,
Саған бастап барады ылғи жол сағым, -
деп жырлайды.
Дүйсенәлі – лирик. Ақынның сыршыл да нәзік лирикаға толы шығармалары оқыған жанды тебірентпей қоймайды. Ғашықтық тақырыбындағы махаббат лирикасы өзінше бір тың түренмен түрілген. Ғашығын Қыз Жібектен де, Ләйліден де биік қояды.
Саған енді арнаймын деп мың өлең,
Қиял қуып елес торып жүрер ем.
Мен аңсаған еркіндіктің ақ құсы,
Сенің найза кірпігіңе түнеген, -
деп бейнелі теңеулер тапқан.
Ақ әлемді сағынышпен боядым,
Жүзі жасты өтпесін деп арманым.
Сағынғанда сүйіп-сүйіп қоямын,
Саған жазған жырларымның тармағын.
Бұған не дейсіз!? Жүрегінен ақтарылған іңкәр жырдың шынайылығын ақынның осы бір өрнектерінен аңғаруға болады. Ақын жазған жырын сүйгеніне өзі айналдырып отыр. Әдетте сүйген жанға деген сағыныш өлеңге айналып кетіп жатса, Дүйсенәлінің өлеңі сүйгеніне айналып кеткендей көрінеді.
Осындай сәтті шыққан өлеңдерінің бірі - «Мені ертіп кетті сағыныш» өлеңі. Бұл туралы ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын Жанат Әскербекқызы: «Дүйсенәлінің ең тамаша өлеңі – «Қоштасып қайтып барады ол...» деп басталатын өлеңі. Бұл өлеңде үйлесімді ой ырғағы, поэтикалық егіздеудің әдемі өрнегі бар. Лирикалық қаһарманның сезімі мен сезінуі, пайымдауы мен қабылдауы айқын. Көркемдік бояуы қанық, шымырлап шыққан шынайы өлең», - деп баға береді [2]. Ақын жырлары оқырманды қимастықтың кемесіне мінгізеді де, сағыныштың самарқау шыққан жадау әуенімен тербей жөнеледі:
Қоштасып қайтып барады ол,
Жүрегі көктем, жаны қыс.
Оны ертіп кетті қара жол,
Мені ертіп кетті сағыныш,
Сөзіме менің бүлініп,
Самарқау жаны жүдеген.
Оны ертіп кетті бір үміт,
Мені ертіп кетті бір өлең, -
дейді. Өлеңнің әр тармағынан үзіліп түскен сағыныштың , қимастықтың лебі есіп тұрады. Ақынның бір арнаға тоғыса алмайтын «онысы» мен «менісінде» бөлек мән бар. Ақын Аманхан Әлімнің Дүйсенәлінің бұл өлеңін «сұмдық ұнайды» деуі бекер емес болса керек. «Шынайы. Шымыр. Сыршыл. Жалғандықтан ада» екендігі рас. Қат-қабат өрілген сырлар тереңнен ғана шығып жатады:
Сағыныш хатым сарғайды,
Жанымды біреу ұққан ба?
Сырымды айттым ол жайлы,
Қараша қайтқан құстарға.
Өртеді, мұңы өртеді,
Жыраққа тастап барлығын.
Мені ертіп кетті ертеңім,
Оны ертіп кетті тағдыры.
Поэзия тек шұрайлы сөз, көркем тіл, түйдек тіркеспен мақсатқа жете алмайды, терең сезінумен, көркем ойлаумен ақын миссиясын айқындап көрсетеді. Өлең өлкесіне қанат қаққан Дүйсенәлінің миссиясы сезім тереңіне ұмтылысынан, ойлы туындыларынан аңғарылады.
Басыңда ақ қар анамның жаулығындай,
Сен туралы әуенге салдым ыңғай
Қарсы алдымда қасқайып екі жол тұр,
Қақ бөлінген қазақтың тағдырындай.
Дүйсенәлі - атажұрттың ілкі дәстүрін бойына сіңіріп келген ақын. Ақын атаулының тағдырына құдай оңайшылық тірлік жазбаса керек-ті, қақ бөлінген тағдыр - ақынның өз тағдыры.
Аспаныңды өлең - жыр, ән мекендеп,
Өз жақсысын әз қауым хан көтермек,
Алатаудың маңына көз қыдыртам,
Абыралы қай жақта қалды екен деп.
Алыстан кісінесіп келіп шұрқырап үйіріне қосылған тұлпардың өрекпіген, тынышсыз беймаза әрекетіндей күй кешетін секілді. Қытайдың Нылқы ауданында туып-өскен ақын елге келген соң, Сарыарқаның шығыс бөлігіндегі Абыралыға жыр жазуы тегін емес, Нылқы дейтін қалашыққа қорған екенсің-ау деп жазады. Ақынды атажұртқа тартқан кіндік – Абыралы секілді көрінеді. Оның жырларын жебеп, рухын демеп, төл баласының өнердің зеңгірінен көрінуіне әр қашан биік парасат пен ортаймас ой сыйлап отыратын сол қарт Абыралы тауы – ақынның туған даласындағы береке мен мерекенің, ізгіліктің түп қазығы секілді сезіледі.
Өткенді екшеп, алас-күлес заманды ойға алсақ, тауқымет тартқан қазақтың қасіреті шыға келеді. Шетелден елге оралған әр қандасымыздың бойында ұлттық рухтың тулап тұратыны бесенеден белгілі. Неге десеңіз, олардың тамыры тереңде жатыр, тектілікте жатыр.
«Елім, атажұртым, кіндігім» деп келген Дүйсенәлідей жас ақынның қазақ руханиятына әлі талай сүбәлі жыр ұсынып, поэзия дейтін биік мұнараға өшпестей өлең қалдыратынына сеніміміз мол.
Т. Раушанұлы