Есімде қалған бір адам

Бұл туралы әркім әр түрлі өз басынан өткен өмір белестерінің қадау-қадау тұстарын езіле есіне алып, парақ-парағына дейін кірлетпей ұстаған әлдебір абыз, кенен кеудесін лақ еткізе қотарып, көл-көсір алтындай ақпа сәттердің бәрін кері қайтарып; қиыны да сол қайсыбірін атарын білмей дал ұра тершіп отырған болар.

Біреуі он бесінде өзегін өртке шалған алғашқы махаббатын жазсам ба деп шағала қанатымен шарқ ұрса, енді бірі ұлылықтың биігінде тұрып ұлағатты сөз айтып, ұмытылмас тәлім берген ұстазы туралы тебірене келіп, теңеу таппай түгер. Осы шақта оларға келген деркезіндегі дәп осы қандай жомарт ой!

Құдай ау мен нені емес, кім туралы ағыл-тегіл есіліп жазсам екен? Жұртқа ұқсап балғын сезімнің бал тұстарын басынан сипап оятып, анау бір алғашқы орта жылдыққа барғанда өліп-өшіп сүйген алғашқы махаббатым жайлы жазсам ба?! О, тәйірі! Бала махаббатыма да кеш жолығыппын- ау!

Енді ол туралы айту – отарлап жатқан іш пысты қойшының әңгімесі боп кетері анық. Не жазсам екен тегі? Көбісі ауызға жиы алатын  орта;  әдеби ортадағы бүгінде таң алдындағы жұлдыздай сиреген бірсыпыра тұлғалар турасында толғасам ба  екен? Бірақ, олармен де сыр бөлісті көңіл жақындығым әмсеге аян ғой...

Есте қалу... Шынтуайтында бір сәттік алтын зерлі әріппен жазылатындай қымбат шақ болуы бек мүмкін ғой.

Таптым. Таптым... 

Әлі есімде, онан бері екі көктем шекпенін шешіп, қос күз күпісін кигені болмаса. Мен онда жоғарғы оқу орнымдағы алғы дәрісімді тыңдап үлгерген кезім. Бір күні жақын досым Жақаң ( Жақсылықты бәрі осылай атауға әдеттеніп кеткен) дүр сілкініп, лап еткен ішкі тебіренісін жасыра алмай «Алматыға Ерлан аға келеді екен», -деді қуана. Сіздерге айтпаппын-ау. Ойбай! Онысы кім тағы деп үдірейе қалған боларсыздар. Ол – ақын. Ақын болғанда да:

Мен  өмірдің темекісі секілді ем,

Шеккен сайын

Шеккен сайын кетілген,-

деп тамаша талантымен өз табиғатын, тұтас өмір ритіміндегі дәрменсіз пендауи тірлікті ашып бере алған төгілген лирик – Ерлан Нұрдықанұлы. Әліге бір көрмесем де, өнері-өлеңі тым жылы, аса  бауырмал болатын-ды. Енді неге аспанға бөркіңді ата қуанбасқа! Арада көп ұзамай қауымдастық ұйымдастырған дүние жүзі қазақтарының мүшайрасы өтетіні жайлы сыбыр еміс-еміс құлаққа естіле бастады. Ұзынқұлақтардың айтуына қарағанда Ерлан аға осы жыр додасына қатысып көрмек ниетпен келе жатқаны белгілі болды. Ендігі мақсат, тілек те сол күннің шуақты сәтіне куә болу боп қалғанды. Ақыры біз сарыла күткен сол сонылы сәтте келіп жетті- ау. Ол тұста бұрынғы Қалдарбек Найманбаев басқарған киелі шаңырақты Талғат Мамашов ұстап отырғантұғын. Салтанатты кештің ашылу салтанатында арнайы алғы сөз кезегі берілген Асылұлы Мамашовтан кейін кеш ашық деп жарияланып, шеттерінен ауыздықпен алысқан дүлдүл, жыр саңлақтарына кезек берілді. Бір қыдыру уақыт өткесін жұпыны ғана киінген. Қою да, қалың қара шашын артына қайыра жарып тараған. Қабағы маңдайынан  ағып кеп сәл алдыға қарай оза шыққан ұзын бойлы, қараторы жігіт жаймен басып мінбенің иек артпа тұсына шықты да, қайбір әдеткі ізетпен отырған қауымды тұтас бір шолып өтті. Бейне қас қыранның өз тұғырына –зәу биікке қонақтап, қиян-қиырдан олжасын болжағанындай. Сосын да байыпты, үзілмелі махаммен  «топырақ исі» деген өлеңін оқи жөнелді. Зал іші сілтідей тынып, зейін ұрлатқаны сонша:

Торы бұтақ,

Тозған кітап

Парақтары кірлеген,

Ол мен аға сахараның сағынышынан бүрлеген, -

деп барып тоқтағанда, жыр сүйер қауым едәуір уақытқа дейін қорғасын басқан таразыдай іштей бір салмақтан айырыла алмай отырды. Оның әзелгідей сол қалппен сахнадан түспекке бет алған сәтінде барып толассыз шапалақ, тоқтаусыз құрмет жауды-ай кеп. Эһ, шіркін! Онан кейін мен қайтып сондай сағынышқа бола туған, сағынышын жұрт жүрегіне осынша терең ұялата алған пенде баласын көрген емеспін.   

Қозыбай Құрман

Ерлан Нұрдыханның өлеңдерін ұсынамыз.

Дымқыл түн

Тіл үйірген сөздің нілі,
Бұл да сол тым қиялшаң кездің бірі.
Алыстан арқар мүйіз Ай маңырап,
Искелер жүрегіңді бозғыл мұңы.

Ай маңырап…
Оятар.
Ой жұмағы қайда, бірақ!
Аспанға асыққанмен,
Тірлігіңде –
Көлеңкең көрге сүйрер сайға құлап.

Құшақтап тағдырыңның тас сандығын,
Тағы да қайталайсың аспан жырын.
Өзіңнен құтыла алсаң,
Өңіңдегі –
Бір тамшы баға жетпес бостандығың.

Бір тамшы баға жетпес бостандығың,
Пәнидің маңдайға ұрар астамдығын.
Өзіңді ұмыта алсаң,
Өмірдегі –
Алланың ақ кітабін ашқан күнің.

Кеудеңде тамыр жайып елес,
Жұмақ…
Келеді шексіздікпен кеңескің-ақ.
Өзіңді ұмытудың бақыты сол,
Бұл ұмыту –
Жоғалтыу емес бірақ.

МЕН

Менің мұңым –
Ақырғы мұң , ағайын!
Және сондай тұңғыш мұң…
Ақиқатпын қырау шалған самайын,
Қызыл шашы дудыраған қылмыспын.

Көкжиектің көк көрпесін көтеріп,
Ұйқыдағы шексіздікке көз салдым.
Оңашада кірпігінен от еміп,
Жалмауыздың жалғызына сөз салдым.

Жүрегіме құрт-құмырсқа үймелеп,
Білегіме оралады жылан – зар.
Көктемдердің көлеңкесін сүйрелеп,
Қашады өлең –
Құндыз құйрық, құлан жал…

Қаш, қара өлең!
Мен қуғаннан шаршаман –
Алпыс құлаш арқан есіп шашымнан.
Болашағым – алтын табыт
Ал , соған –
Балашағым ғұлге айналып шашылған.

Жайқалғанда алтын бұтақ ағаш – таң,
Жатам ұйықтап құшағында елестің.
Бар мен жоқтың,
Өң мен түстің арсында адасқан,
‹‹Мен››!
Мен емеспін…

Дайындаған: Қайсар Қауымбекұлы

Сурет:akhyn.wordpress.com