Ерлан Жүніс поэзиясы немесе "Хауас" туралы сөз

Поэзия – көкірек пернесінде қонақтаған бұлбұл құс текті жаратылыстың тылсым күйі бола тұра, оның да алабөтен еркіндікті жаны қалайтын мезеті болса керек. Кезінде Батыс Еуропа әдебиетінде, соның ішінде француз әдебиетінде верлибер (еркін өлең) терминінің жаппай қолданысқа ие болуы соның қажеттілігін жете ұғынудан туындаған ба, бәлкім?! Тұтас орыс поэзиясының кешегісі мен бүгініне үңілсеңіз де верлиберсіз елестету қиынның-қиыны. Бізде кей сыншыларымыз жыраулық поэзияны сол үрдіске жатқызуға құлықты болғанымен, әлі күнге дейін ішкерлей зерттелмеген... Маған осы бір ой алғаш рет жас ақын Ерлан Жүністің «Хауас» деп аталатын қойын дәптердей ғана шағын жыр жинағын парақтап ақтара бастағанымда пайда болған.

Бұл жинақ негізі мазмұндық жағынан: үшбу, гүл салған ән, жапырақ кешу, қардағы іздер, бүржарған, дұғай сынды алты бөлікке бөлінген. Олардың жеке-жеке әрқайсысына тоқталып өтпегенімізбен, басынан бірыңғай желдірте оқи жөнелгенде оқырманды адастырмайтын, яғни бір өлеңнен алған әсеріңді келесі бір өлеңді оқығанда, тіпті ақыр соңына дейін сақтап қалуға септігін тигізетін композициялық ерекшелігін айтпай өтуге хақымыз жоқ.

Қадірлі оқырман, Ерлан Жүністің өлең­де­р­іне алғаш жолыққан болсаңыз, сіз одан жа­ны қалаған еркіндігін сезген болар еді­ңіз.

Жазам дедім қалам берді Тәңірім,

Ашам дедім ғалам берді Тәңірім,

Қара өлеңді маған берді Тәңірім,

Бар әлемді саған берді Тәңірім!

Немесе:

Бұл дүниенің бас-басына жаздым мен,

Тағдырымның таспасына жаздым мен,

Таңғажайып дүниесінде Тәңірдің,

Маңдайыңнан басқасына жаздым мен!

Бірден бағзы замандағы Күлтегін ес­керт­кіші есіңе түседі. Ерліктің дастаны бол­­ған сол жырлардағы асқақ рух, өр мі­нез бұл өлеңге қалай сіңіп кеткен деп таң қаласың! «Жазам дедім қалам берді Тә­ңірім, Ашам дедім ғалам берді Тәңірім» осы екі-ақ тармақты күбірлеп оқи бас­та­ға­ныңда «ы-ым» деп иланасың. Тәңірісінің қа­лауымен маңдайына тағдыры жазылатын пенде баласының онан өзгесін жаза алмағы да бек мүмкін ғой. Осы өлеңнің өзі-ақ бүтін жинақтың кіріспесі іспетті. Ары қарай «жазғанын» қадағалай жөне­ле­сіз.

Жаз да өтті сұлу салған ән сыңайлы,

«Қош» деуге қалай енді жан шыдайды?!

Жаңбыр иісі...Тамыздың тоңғақ түні,

Жапырақтың көзінен тамшылайды.

Асылы, жазбен қоштасу таң алдындағы қайың жапырағынан үзілген мөлтілдек там­шыдай мөлдір әлеммен қоштасу болса ке­рек. Сол үшін жан дүниесі аласапыран күй­де қалатын біздің лирикалық кейіп­ке­рі­міз жұрт көкірегіндегі өкініш табын тамыршыдай дөп басып, ұтымды түрде жет­кізеді. «Сұлу салған ән сыңайлы» дейтіні мүлдем ғажап емес пе? Елітіп, еліктіріп, емек­сітіп, қош деуге аузың барып, жүрегің дауаламайтын бір үміт, бір арман бар онда. Сүйте тұрып, қайталап оқыған сайын көк­темгі мөлдір көктүтек судай мейіріңді қан­дыратыны да шындық. Келесі бір өле­ңінде тағы бүйдейді:

Бұл қалада бұлт маңғақ тау көрмеген,

Маңғақ бұлтты күз желі жәукемдеген.

Жаздың соңғы түндері-ай, қайтем сені,

Әр тамшының көзінде жәутеңдеген?!

«Жәутеңдеп» дей ме? Қазақы ұғымда қи­мастық сезімді білдіретін сан тамаша сөз болса да, өзгесінен гөрі осы бір сөзді үкі­дей қалап алып, үлпілдете қояды. «Жәу­теңдеп» қалудың қаншалық азапты екенін ақын­ның қағылез жүрегі қалай сезінсе, елі де солай сезінетіні ақиқат.

Ерлан ақынның жырлары поэзияның біз жиі айтатын үш тегінің ішінде лирика­лық поэзияға жататынын бәріміз де анық бі­леміз. Көбіне оның лирикалық өлең­де­рін­дегі бірден-бір артықшылық та бас-аяғы­ның қысқалығы мен сол қысқалықтың өн-бойында қорғасындай салмақтанып тұ­ратын философиялық шағын түйіндерде. Енді осындағы қысқалық турасына аял құр­ғанымызда орыстың атақты сыншысы В.Г.Белинскийдің: «Лирикалық шығарма тезбе-тез түйсіктен шыққанмен, рабайсыз ұзақ болмауға тиіс және болмауы да керек» деген пікірінің тектен-тек айтыл­мағанына көз жеткіземіз.

Осы да сүю ме сеніңше,

Сезімдер құрылса егеске?

Жүректер жүректен жеңілсе,

Ол –

Махаббат жеңісі емес пе!

Жеңем деу – жаттықтан ойдағы,

Жаныңды ұға алар жат қайдан?!

Махаббат, махаббат майданы –

Жеңімпаздары жоқ майдан!

Құрбандық адалдық үлесі,

Берілдім, жеңілдім сезімнен,

Махаббат – рас ол – күресу,

Күресу – өзге емес, өзіңмен!

Ғашықтың ең ұлы жауы – өзі,

Жаһанға жетсе де дабысы –

Жеңімпаз сырнайлар әуезі –

Жалғыздық маршы!

Бір демде бір деммен оқылады. Бар болғаны төрт шумақтан ғана тұратын пәл­са­палық иірімдерге бай шағын өлеңді тіп­тен бөліп-жара алмайсың. Әр шумақ өза­ра бір-бірімен желілесіп, кіндіктесіп, ажы­рамауға берік бекінгендей.

Ерлан Жүніс өлеңдерінің келесі бір ерек­шелігі – ақын өзінің азаматтық ұста­ны­мын ашықтан-ашық жалаулата бер­мей­ді. Жазғытұрым қап түбінде жататын сүрі­дей сақтап, ұрымтал тұстарында ғана кі­рі­ктіріп отырады. Мәселен:

Ойға алсам бәрін жер-көктің,

Белгім бар менің көп жерде.

Сезім жоқ жерде – мен жоқпын,

Мен жоқпын – жүрек жоқ жерде!

Шынтуайтында, бұл күллі адам жұра­ғатының өскелең қасиеттерге бой ұсынар шағындағы айнымас ирадасы, берік уәдесі болмақ керек. Жүрек жоқ жерде жоқ болу – қатқыл шешім емес. Қайта соның ғұмы­рыңа тиянақ болған мейлі қасіреті, мейлі қуа­нышы болсын, ыссылы-суықты әсерін се­­зіну. Кешкен күндердің оралмасына опы­­­нып, келер күннің парқына жүгіну. Бәлки, соны ерте пайымдағанынан болар, ақын төңіректегі болып жатқан қым-қуыт жай­лардың бәріне назар аударып, жіті ба­қылайды. Жапырақтың күбірі мен көбелек қанатының нәзік дірілін, әр мезгілдегі маусым құбылыстарын адам баласының тыныс-тіршілігімен етене жақындастырып, бауырластыра қояды.

Аққан жұлдыз, өткен күнді бақылап,

Күттім оны, күттім оны не керек?!

Сағатыңыз қанша болды жапырақ,

Сағатыңыз неше болды көбелек?!

Болмаса:

Ол кешікті, жол кешіпті ол қалай,

Адасты ма, кір шалды ма қанатын?

Уақытты айтшы маған, толған ай,

Уақытты айтшы маған қара түн!

Әрине, табиғаттың ұлы уақыт кеңіс­ті­гін­де бір ғұмыр кешкенмен, түптеп келгенде оның мезгіл-мезетін тауы-тасы, орманы-көлі, бүкіл жаратылысындай жатық біл­­­­месе ләзім. Оның бер жағында И.С.Тургеневтің «Барлық адам өмірде жа­сай­ды, бірақ білетіндер аз» деген ойлы пікі­рі өз тұжырымыңмен өзектесе келіп, бұл өлеңнің әсте жасандылық емес, ке­рісінше болғанда нағыз шынайылықтан ту­ғанын ұғындыратындай.

Бір сұхбатында Ерлан Жүніс оқырман­да­рының сұрағына орай, өз өлеңдеріндегі сөз-сөйлемдерінің жолма-жол, сөзбе-сөз жиі қайталануының себебін түсіндіріп берген. Анығында, бұл дегеніміз – әуелі тар­мақ­қа, шумаққа, тіпті тұтас өлеңге көркем­дік реңк беру, қосымша мағына үстеу деген сөз екенін айтқан.

Тұп-тұнық көздер тұңғиық сырын ашардай,

Толықсып барып, тамып та кетер тәрізді,

Жап-жарық жүрек жалынын әсте баса алмай,

Жарқырап тұрып жанып та кетер тәрізді,

Албырт бір сезім аңқылдақ тілді сөйлетпей,

Сөйлесем тілім кесіліп түсер тәрізді,

Шілденің түні сусылдап шәйі көйлектей,

Үстіңнен қазір шешіліп түсер тәрізді.

Көркемдік қиялдың жемісі дерсіз! Ақын бұл үшін тың ұйқас, тың тіркес іздеп әуре-сарсаңға түспейді. Қазақ халқының ке­шегі талантты ақын ұлдарының бірі Жұ­ме­кен Нәжімеденовтің стилінен өнеге ал­ғандай. Бұлай деуіміздің басты себебі де жоғарыда келтірілген өлеңдегі «тәрізді» сөзінің жиі қайталануы. Бұндай форма басқа ақын­дарда да кейде жолығып жатады ғой деуге құқылысыз. Алайда, бұл Са­бырұлының өлеңдеріндегідей мол емес еді. Жұмекен бұдан басқа да «біртүрлі», «секілді» тақ­лет­тес бірсыпыра сөздерді де ас­қан шебер­лікпен ұйқас құраушы сөз ре­тінде өз орнына қондыра білген. Осы тұс­тарды назарда ұстағанымызда Ерлан Жү­ністің Нәжімеден­ов поэзиясына айрық­ша ден қойғанын аңғарамыз. Екеуіндегі ру­хани үндестік те әу баста атап өткені­міздей еркіндікте. Еш уақытта формализммен ауырмайды. Тәңірісінің аузына сал­ға­нын жұпыны сөздің өзімен-ақ жұтындыра қояды. Бұл тек екі ақынның шеберханаларында ұстанған бір ғана ұқсас қағи­далары. Бұдан жас ақын Ерланның барлық өлеңі Жұ­мекен жырларына еліктеуден туған де­ген қате түсінік қалыптаспауы қажет.

Ақын өлеңдері әмәнда сыршыл­дығы­мен да­раланып тұрады. Боздақтай үлпіл­дек се­зімді бос желікпе сөздің желіне байлап бер­мейді. Тиісінше, орынымен пайдалана­ды.

Түсімде көктемді көрдім,

Түс емес, өңім бе деймін!

Гүлденген бөктерді көрдім,

Бөктерім керім бе деймін!

Құстардың келгенін көрдім,

Құс емес, көңіл ме деймін!

Сұлу гүл тергенін көрдім,

Гүл емес, өмір ме деймін!

Күйші көңіліңіз бір тосын күйді кеуде тұ­сыңызда уілдете бастағанын өзіңіз де аңдамай қалған болар едіңіз!

Нөсердің жауғанын көрдім,

Жауғаны – нұрым ба деймін.

Бұлттардың ауғанын көрдім,

Аунаған құлын ба деймін.

Тіпті, мүлдем үзгіңіз келмейді. Өлеңмен бір­ге, сіз кешіп отырған тәтті күй қапыда үзі­ліп кетердей. Сұлудың гүл тергені шыны­мен де өмірдің өзі екені сендіреді. Қалай қа­пысыз дәл тауып айтқан деп таңдана бергеніңізде көктеменің бұлттарын көз ал­дыңызда сірік отында құлдыраңдап жүр­ген құлын ғып әкеп аунатады. Сұлулық емей немене?! Ақынның сұлулыққа құш­­тарланғаны сонша, келесі бір өлеңінде:

Дүние нұрлы екен, желекті екен,

Сұлуларға сұлу жыр керек, көкем!

Бір сұлудың сүймеуі, айтшы маған,

Сұлулықты сүймеуге керек пе екен?!

Бірге құптай жөнелесіз де, енді не дер екен деп ділгір бола түскеніңізде:

Сүй бәрін,

Сүйер маусым жеткен кезде,

Бұл бақ та гүлдер бөгде, көктем де өзге,

Сұлулық – сұлулық деп аталады,

Ақынның жүрегінен өткен кезде!

Рас-ау! Ақындық қасиеттердің ең бір ке­ректісі де байқағыштық. Айнала қор­ш­а­ған жаратылыстық ортадағы алуан-түрлі құ­былыстардың бәрін ой елегінен өткізіп, көңіл таразысында салмақтайтыны анық. Со­нда барып кереметтей жыр туады. Сұлу­лық бағасын алады.

Ауыл туралы жырламаған ақын кемде-кем болар. Бірісі мақтап, бірісі даттап жат­са да әзелден сарқылмаған тақырып. Бі­рақ та оның сол дәуірдегі шынайы бет-бей­несін бір-ақ сөзбен көкейге қонымды етіп айта білу – өзін ақынмын деген талай­дың тәлейі боп жана бермейтіні бұлтартпас шын­дық! Бір қуанарлығымызда Ерлан Жү­­ністің ауыл туралы «Жолжазба» атты өлеңінде осы бір үмітіміз толығымен ақ­талған.

Мына ауыл қай ауыл, ақырғы ауыл,

Жолбелгінің қарашы оқылмауын.

Бір-ақ сөзден бәрін аңғарасың. Сол ауыл туралы барлық информация сенің алдыңда жайрап жатқандай. Жолбелгінің оқыл­мауы – трагедия! Ащы бір өксік өзе­гіңе құйылып кетеді. Бәлкім, төрт түлігі телегейленіп ауылды жарып өрген, бәлкім, егістігі егін сапырып астаудан ырысы кетпеген құтсал мекен болған ба еді...

«Ең талантты деген адамның жыр әлемі де басынан аяғына дейін қылаңсыз мөл­діреп тұра қоюы қиын» (З.Серікқалиев) деген сөздің бекер айтылмағаны белгілі. Ерлан ақынның өлеңдерінде көптеп қа­теліктер кетпегенімен, ішінара жәйіттерге тағы бейжай қарай алмайсың.

Жүрек мынау: дауасы не, дәру кім?!

Уызынан бал іздеймін бар удың.

Ол да өмірден жерінбес-ау, қалмаса,

Ақтық сөлім ерінінде арудың.

Көшпенді халықтың таным-түсінігінде уыз­дың тәттілігі – бір төбе емес пе еді? Оны айтудың өзі тым-тым артық болса ке­рек. «Удың уызы» дегеннің не екенін жал­ғыз мен ғана түсіне алмаған болсам ғой деп те іштей тілейсің. Ал, сол удың уызынан бал іздеп көріңіз?! Кез келген адам ба­ласының таңдайында ана сүтінің уыз дәмі қалатыны заңдылық. Ендеше, ақын мұны білмейді емес, білсе не себеп деген заңды сауал туындайды. Тағы бір өлеңі былай өріледі:

Мінездің асылдығы түптен болар,

Жібектің мықтылығы жіптен болар.

Астына балконымның келуімді,

Қалқатай қара кештен күткен болар.

Оқи жөнелгеніңізде алдыңғы екі тар­мақтағы шешендік сөзге бейім ойлылық бір­ден қуантқанымен, соңғы тармақтарға келгеніңізде «япырау» деп кібіртіктеп қа­ласыз. Әрі, параллель жатқан екі сызық сынды мағыналық жағынан да еш жуымайды. Мұндай өлең құрау тәсілі халық әнде­рінде кеңінен қолданылғанмен, олар кө­бінде нәсихат ретінде айтылып келгенін ескергеніміз жөн. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ» болмайтыны және рас! Мұндайда қазақтың дауылпаз ақыны Қа­сым Аманжоловтың өз өлеңін сына­ғандарға жабық қабақ танытқанның орнына: «Ә-ә-ә! Таптың, таптың! Қарашы мына қу­дың үстінен дәл түскенін!» деп разы көңілмен қабылдайтыны жайлы бір үзік әңгіме еске түседі...

Ерлан Жүніс бірде қар туралы өлеңінде былай депті:

Менің де бұрын танылғым келген тым ерте,

Сөрелерден табылғым келген тым ерте,

Танысып қалған құрбыжан ғана болмаса,

Танып та әлі үлгерген жоқ қой бұл өлке!

Екеуміздің де тілегіміз бұл көп күннен,

Көп күннен –

Ой да, қуаныш, мұң да шектірген.

Ұшқындап жауып алақандарда ерідің,

Ұшқындап жазып,

Жүректерде еріп кеттім мен!

Танылуды мандат етпей, оқырман жүрегіне қар болып ұшқындап қонып, сусыны болып, сусаған жүректердің шөлін қан­дырып жүре алса ұтқаны болар. Еркіндікті сүйген Ерлан өлеңіне еркіндік берген. Лайым, Тәңірі солай еткей!

Авторы: Қозыбай Құрман

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: vk.com, anyzadam.kz