Дидар Амантай қазіргі таңда кең насихатталып, шығармалары жан-жақты талқылауға түсіп жүрген жазушы. Әдебиеттің шеңберін бұзып тыңнан түрен салуды мақсат еткен Дидар, жазушы ретіндегі миссиясын біршама орындады десек те болар. Оның «Гүлдер мен кітаптар» романы сыншыларды бей-жай қалдырмады. Бірі мақтап, бірі даттап екіге жарылған пікірлер әлі күнге толастаған емес.
Мысалы, Дулат Исабеков: «Егер тап осы шығарманы роман деп атайтын болсақ, онда бүкіл дүниенің романға деген көзқарасын өзгерту керек»,- деген болса, Әлия Бөпежанова: «Суреткер Дидар Амантай "Гүлдер мен кiтаптар" романында да мәңгiлiк сауалдардың бiр парасына жауап iздеп шарқ ұрады, осы бiр рухани-пәлсапалық iзденiстерiне оқырманын да ортақ етедi. Романда жасампаздық рух, жанды әлдилер әдемi бiр мұң бар. Ойдың мұңы. Кез келген тарауын жеке шығарма ретiнде де оқуға мүмкiндiк тудыратын Дидар оқырманын ой кеңiстiгiнде еркiн жүздiрiп, өзi жауап iздейтiн сауалдарға өз қисынымен жауап берiп те шығады»,- деген қарсы пікір білдіреді.
«Гүлдер мен кітаптар» посмодернистік бағытта жазылған, бұрын-соңды қайталанбаған тың дүние. Бұл кітапты оқи отырып таңдай қағатын тұстар кезедеседі. Романның ішіне роман кіргізу бағыттық жағынан тың бастама. Және жер бетіндегі кең таралған діндерді бір таразыға салып, сопылық әлемнің бет пердесін көз алдымызға әкелгені өз алдына бір әңгіме. «Мұса, алейһис сәләм, Ғайса алейһис сәләм, Мұхаммед, Салла(а)ллаһу алейһи уә сәлләм» деген тақырыптан бастап «Сопыға» дейінгі аралықта бас аяғы 20 беттің аясына әлемдік мәселені сиғыза алған. Бұл тұста оқырман көркем шығарма емес, ғылыми еңбекті парақтап отырғандай әсерде қалады.
Романның бір бөлімінде діни бағыт айтылса, ендігі бір бөлімінде Әлішер бейнесімен берілген қоғам мәселесі, жазушы өмірі суреттеледі. Әдебиет мәселелеріне қарасты ойын сұхбат, сюжеттер арқылы сан қырынан айқын жеткізе білген.
ХХ ғ. басында өмір сүрген қазақ қаламгерлері, өз заманының ащы да тұщы тұстарын қаламына желеу ете отырып, сол ғасырды «қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» деген биік атауға көтере білген болатын.
Жаңашылдық іздеген жазушы жаңалық ашты. Бұған біз қуануымыз керек. Келешекте жаңа ой қалыптастыратын бағытқа ауытқып көрді.
Қарапайым оқырмандар шығарманы оқуда «түсіну қиын, тілі ауыр, шыдамды қажет етеді» деп жатады.
Түсіну неліктен қиын? – шығармада тек бір ой, бір бағыт суреттелмеген, үйреншікті бір адамның басындағы тағдыр бір ізділікпен суреттелу мұнда жоқ. Иә, бұл жерде негізгі кейіпкер Әлішер ғана емес. Ол қатарда тағы бір кейіпкер бар. Ол – Әлішер жазып отырған романның екінші тағдыры.
Тілі неге ауыр? – көп оқырман тілінің ауырлығын «бірнеше беттік шығарма авторлары мен гүл атаулары» біткен тұстан бастайды. Ауыр тіл деп айтуға еш негіз жоқ. Рас, шыдамды қажет ететін шығарма. Жоғарда айтқандай бірнеше ойдың тоғысқан орнын толыққанды түсіну үшін романға ену керек, көз сыдыртып оқып шыға салуға болмайды. Шай емес, май ішкізетін шығарма.
Осы романдағы тағы бір ауқымды дүние, жиырма бес жырды жазуы. Бөріден тараған қазақ баласының ауыздан-ауызға тараған аңыз, фольклоры романға енгізілген. Бұл тұста түп тарихымызды романға айналдырған оғыландарымыздың қатары көп екендігін айта кеткіміз келеді: Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділері», Мұхтар Мағауиннің «Аласапыраны», Әбіш Кекілбаевтің «Үркері» т.б. Әдебиет майталмандары жазған бір-бірімен сабақтас романдарға осы бір жыр кіріспе бөлім іспеттес.
Қаламы қарымды жазушының жырды жазуда кемшіліктері қылаң береді. Бөрі ұрпағы ұрпақ сабақтастығын қалай жалғастырды деген мәселеде кемшілік айқын байқалады.
«Алаша жасы он үшке толғанда, бір күні түнде кенет оянып кетіп, іргесінде мызғып шалқасынан жатқан қасқырдың ашық таңын көріп, бойын жабайы құмарлық сезім билеп алады, ол ары аунап ұзынынан қасқырдың үстіне құлады» - текті түріктің ұрпағымыз деп төс қағып жүрген пікірімізге қарама-қайшы, оғаш дүние. Бауырына салып бала қылып, ақ сүтін беріп аялап өсірген Көкжал анасына ашыналық жасау адам айтса нанғысыз, тектілігімізге балта шауып, миға симайтын дүниені көлденеңдеп алдымызға ұсыну. Түріктің арғы бабасы Алашаның аспаннан тілеп алған айы, өлгенінде көрген қызығын жел соқса қалбалақтайтын көбелекке телуі біз қазақпыз деп төс керіп, қызын оң жағына отырғызатын тектілігімізге сызат, аналарымыздың арына дақ келтіру (бұл жерде айтып отырғаным, көрде жатқан Алашаның ауылға қызды іздеп баруы, сол жерде жағымсыз бейнені көріп көріне оралуы, артынан қыздың Алашаны іздеп келуі, т.с.с желі)Қазақ тарихы, ұлт болмысы басқаларға немен жетпек? Әрине, көркем шығарма арқылы. Дидардың еңбегін оқыған кез келген шетел азаматы осыдан кейін тектілігімізге күмәнмен қарамасына кім кепіл? Бұнымен біздің бүгінгі күндегі тыңнан жол салған жазушымыз не білдіргісі келді? Аңызды өзгерткеннен оған келер не пайда?
Сөз соңында Герольд Бельгердің Дидар жайлы жақсы пікірін ортаға қосқым келеді:
«Дидара роман - сто страниц; повесть - десять, рассказ - три-четыре, литературоведческий, философский этюд - одно-два предложения. Пишет он плотно, короткими фразами, экономно, сухо, оставляя много «люфта» для разгадывания, додумывания, размышления, толкования читателя. Он не разжевывает. В прозе он философ, в философии - прозаик. Читателю он предлагает только выжимки, экстракт, суть своих раздумий и наблюдений. Он убедителен в диалогах, деталях, штрихах, нюансах. Он создает настрой. Часто овеянный печалью. Герои его – молодые люди, ищущие, сомневающиеся, легко ранимые, рефлексирующие, взыскующие».
Романды оқыған әр оқырман сыншы. Әркімнің өз ойы, өз бағасы бар. Меніңше, бұл шығарманың өміршеңдігі алдағы уақыттың еншісінде секілді...
Автор: Ерқанат Қуатбек
сурет:мұрағаттан
Дайындаған: Фараби Арыстанбек