Кешегі ұжымдастыру, Голощекин геноциді, 1937-1938 қасіретінен есеңгіреп қалған халықтың тыныштығын 1941-1945 жылы болған ҰОС бұзса, «әупірімдеп» соғысты жеңіп, еңбек майданына араласа бастаған совет халқының 1951 жылы тағы берекесі кетті. Қара халық бұны 1937-1938 жалғасы деп ұғынып, қатты қорқып, үрейленеді.
Осы жылы қазақ әдебиеттану ғылымының білгірлері Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, тарихшы Е.Бекмаханов, Б.Сүлейменов, А.Қайыргелдиев секілді профессорлар ұсталып, түрмеге қамалды. Академик Қ.Сәтпаев, М.Әуезов, А.Жұбанов, І.Кеңесбаев, Х.Әділгереев репрессияға ұшырап, Алматыдан қуылды...
1951 жылы жазықсыз жапа шеккендердің бірі, белгілі ақын, қазақ әдебиетіндегі түрме шығармашылығы тарауының негізін салушы, көрнекті өкілі, филология ғылымдарының кандидаты – Бүркіт Ысқақов. Ақын 1924 жылы Қарағанды облысының Нұра ауданына қарасты Көкмөлдір ауылында туған. 1942-1946 жылдары әскер қатарында болып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1946-1951 жылдар республикалық «Пионер» журналы мен «Лениншіл жас» газеті редакцияларында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болып істейді. 1951 жылы зобалаңға ұшырап, Қазақ ССР Жоғарғы Сотының Қылмысты істер жөніндегі Коллегиясының 1951 жылғы 15-16 маусымдағы үкімі бойы РСФСР Қылмысты Істер Кодексінің 58-ІІ статьяларының 2 тармағымен айыпталып, 25 жыл мерзімге бас еркінен айыруға кесіліп, оған қосымша 5 жылға азаматтық құқынан айырылады. Кодекстің 58 – 10 статьясы «Үкіметке қарсы үгіт» деген айып екен.
Көсем дүние салғаннан кейін, жеке басқа табынушылық жойылып, Сталиндік Жаза лагерлеріндегі барлық тұтқынға бас еркіндік беріледі. 1956 жылы Бүркіт те толық ақталып, бұрынғы қызмет орнына қайта оралады...
Ақын өзінің шығармашылығы туралы: «Кейбіреулер менен: Осындай ауыр жағдайда жүріп, өлеңді қалай жаздыңыз?» деп сұрайды. Мен оларға былай деймін: «Маған мұндай сұрақты қоймас бұрын әуелі Юлиус Фучик, Мұса Жәлел, Назым Хикметтердің фашизмнің тас түрмесінде отырып қалай шығарма жазғанын еске түсіріңіздерші. Ал оларға қарағанда менің жағдайым жеңілірек болды ғой. Біріншіден, мен өз елімде, өз жерімде, өз халқымның арасында болдым ғой. Мені Америкаға немесе Жапонияға айдап жіберген жоқ. Ал өз елің қандай жағдайда және қандай уақытта болсын, ол – алтын бесік. Екіншіден, менің елім – Совет Одағы, дүние жүзіндегі ең демократиялық және гуманистік елден саналады. Басқалар фашизмнің тас түрмесінде (тас қапшығында) отырып шығарма жазғанда, мен өз елімде, өз жерімде, өз халқымның арасында отырып өлең жаза алмасам, осындай мүмкіндікті пайдалана алмасам, онда менің кім болғаным? Үшіншіден, адамдардың бәрі бірдей аң емес, жұрттың бәрі бірдей жыртқыш емес. Олардың арасынан да ақылы бар, ары бар, адамгершілігі бар адамдар көптеп табылады. Мен прокурор З.Қажыбековты, шахта участогінің бастығы Ә.Бөпеевті, лагерь басшылары Н.Кибенко мен С.Әбуевтерді осы күнге дейін ізгі сезіммен еске аламын. Міне осындай жақсы адамдардың арқасында тірі қалдық, еркіндікке шықтық. Сондай жақсы адамдардың арқасында өлең де жаздым, өзімді де, өлеңімді де аман сақтам қалдым» деген екен. Нағыз Ер азаматтың ісі!
«Расында да Б.Ысқақов абақтыда және айдауда жүргенде, жан бағып қусырып қарап отырмаған. Ол өзінің басынан өткізген ауыр өмірін өлең жолдарына түсірумен болған. Әрине, абақтыда отырып, лагерьде жүріп, өлең жазу өте қиын. Онда жеке бөлме, жазу столы, тіпті қағаз бен қалам да жоқ. Оның үстіне, бақылау да күшті. Бірақ, соған қарамастан, Б.Ысқақов үлкен өлеңдер циклін жазып шықты», - дейді журналист-зерттеуші Армилял Тасымбеков.
Б.Ысқақовтың «Тас еденнің ызғары...» атты өлеңдері оның абақтыда отырып, айдауда жүрген кезінде жазылған. Отыз жылдан кейін «Үзілмей жібі үміттің...» деген атпен «Қазақ әдебиеті» газетінде (1987 жылы, 25 желтоқсан) бірнеше өлеңі жарық көрді. Академик Р.Бердібаев: «Б.Ысқақов бұл өлеңдерімен қазақ совет поэзиясында бұрын болмаған «Тұтқын жыры», «Ләгер өлеңдері» деп аталатын поэзияның жаңа түрін, жаңа жанрын бастады. Сондықтан бұл өлеңдер қазақ поэзиясына қосылған жаңа бет болып табылады», - деп бағалады.
Сөйтіп, ол өзінің осы ісімен үлкен әдеби және азаматтық ерлік жасады. Сондықтан академик М. Қаратаев: «Б.Ысқақов өзінің осы өлеңдерімен өзін шын ақын ретінде танытты, оның бұл өлеңдерінде көркем әдебиеттің, оның ішінде, әсіресе поэзияның барлық заңдылықтары мен конандары сақталған», - деп жазды.
Бүркіт Ысқақовтың шығармашылығы туралы әдебиеттанушы ғалым Серік Негимов: «1951 жылы «үндеместер» «Есеп» партиясының көсемі Бүркіт Ысқақовтың қол-аяғын байлап, итжеккенге айдады. Бас еркінен айырды, қанатын қайырды, тағдырдың тәлкегіне ұшырады. Міне, осы бір жағдаяттар ақын Бүркіт Ысқақовтың «Тас еденнің ызғары» атты желілес жырларында баяндалады. Мұнда ақынның өршіл рухы, арман-мақсаты, сыр-сезімі, пейіл-көңілі, ел мен жерге деген ілтипаты жан толқытарлық ыстық леппен суреттеледі. Ақынның толқынды ойлары мен сезім сырлары былайша тоқылады:
Қайғының қара қанжары,
Қадалып ғазиз жүрекке.
Жараланып жас жаным,
Отырмын оймен түнекте.
Немесе:
Есіңде болсын бірақ та,
Торғай емес, бүркітпін.
Кетпессің сен де ұзаққа,
Төлерсің құнын Бүркіттің.
Я болмаса:
Бермесе де тағдыр ерік, сыбаға,
Өмір сүрем тек үмітпен бір ғана.
Көрсем деймін кең даламды өзімнің,
Ыстық болған қарасындай көзімнің.
Асылы, «Тас еденнің ызғары» дейтін жырлар шоғырында ақынның азаматтық дауысы өктем естілді. Ол ырыс, балалық, дәреже, мансап, абырой, атақ дегендерді өткінші құбылыс ретінде қарайды. Оның көркемдік-эстетикалық көзқарасында Азаттық, Адалдық, Тазалық – басты мәселе. Академик Мұхамеджан Қаратаев Б.Ысқақовтың бұғауда туған жырларынан «Сәкеннің сыры, Бейімбеттің мұңы, Ілиястың үні естілгендей» деп жазған еді» , - дейді.
Түрмеден аман-есен шыққан ақын еңбек майданына белсене араласты. Әдебиеттің бірсыпыра жанрына қалам тартып, әдебиеттану ғылымының өркендеуіне үлес қосып, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін иеленді, әдебиеттегі рухани байланыс мәселесін шешуге қыруар еңбек атқарды.
Осы жылы ақынның туғанына тоқсан жыл толмақ. Елі үшін күресіп, азап шегіп, қуғын-сүргінге ұшыраған арда жан туған халқымен жасап, өсіп-өне бермек. Өлеңдері өз оқырманымен әлі де қауышары сөзсіз.
Автор: Елдос Тоқтарбай
Сурет: tengrinews.kz