- Негізгі бет
- Сын
- "Бір заман ұрпақтарым...
"Бір заман ұрпақтарым іздер мені..."
"Айналайын туған жер,
Басам деп пе ем беліңді.
Ақоба, сені көргенде,
Көзімнің жасы төгілді.
Туғандарды құшақтап,
Ет-жүрегім езілді".
Сағыныш сазы ескен саумал жыр. Туған жеріне деген тізбек жыр төгілткен ақжаулықты, ардақты ақын ана, асыл ана Халима Өтеғалиева еді. Туу, сонау асқақ Алатау бауырын жамбастап жатқан Алматыдан ат сабылтып келіп, көкірегіне оралған шым-шым шумақты тебірене төгіп-төгіп алғанға ұқсайды.
Бала күнімнен білім ұясында жүріп, Халима Өтеғалиева, Қапан Мусин, Хаби Халиуллин сынды асылдардың есімін мақтаныш қылатынымыз санама сіңіп қалыпты. Өзімше, жөргегінен енді тұрып жатқан қозы тұяқты өлеңдерімді арнаушы едім. Кейін ат жалын тартып мінген азамат болсам да, «Осы қымбат жандардың қадірін тани білдік пе?» деген ой өкситін көкейде. Халима анамның шығармашылығынан бір көсілейінші деп қолыма қалам алсам да, тұсаулы аттай кібіртіктей бергенім. Сөйтсе, бір шеті тартылған сабақ жіп өзегі үнсіз жатқан тағдырлардың кірігіп жатқан сырына бойлайды екен. Ақ парақтың шекесіне шегелеген тақырыпқа діттей көзі түскен жан бұл мақала негізгі мәнге тек қана кіріспе боп қалатынын аңғарса деймін.
Кейіпкер етіп алған кейуананың өмірбаяндық дерегіне үңілсең, бас-аяғы бір уыс сөйлемнің ішіне сыйып жатыр. "1889 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жәнібекауданы, Ақоба ауылында дүниеге келген". Жерлесіміз екенін біліп те отырмыз. Жас күнінен ақындық өнері, ой өрімі биік екені танылған. Алғаш, 1919 жылы қыз ұзату тойында Абдош ақынмен сөз қағыстырған. Кейін ауыл арасындағы жиын-тойларда ақпа жыр, қарасөзден дес бермеген көрінеді. Әйтсе де, жастайынан қиыншылықты бір кісідей тартқан. Әубәкірмен отасқан соң да, бауырынан өрген балаларының көпшілігінен ерте айырылған. 1941 жылға дейін сауыншылықпен айналысқан. Екінші дүниежүзілік соғысқа қайныларын бірге, ұлы Ибраһимді аттандырып салады. Тылда колхоз жұмысына белсене араласып, үгітші қызметін де атқарды. Елге сүйеу, ерге демеу болды. Осындай еңбегі үшін колхоз атынан алғысқа бөленіп, бір мың сом еншісіне бұйырады.
Жалпы, әрі жіліктесек, Халима анамыздың өмірінен жекелей зерттейтін бірнеше назар аударар маңызды деректер бар. Біріншіден, оның қаны «Ағатай Беріш арысы», асқақ даусы құмбыл елге жайылған атақты Исатаймен тектес екенін біле бермейміз-ау. Яғни, Исатай батырмен бір құрсақтан туған Әлібайдың баласы Нұрғалидың қызы. Анасы Рәзия – Бөкейліктегі үйсін қызы. «Арғы атам жұрт сыйлаған ардагерлер – Исатай-Махамбеттер парасатты деп атауы» тегін емес. Түсіне білгенге мұның сыры тереңде жатыр. Екіншіден, «омыртқасы жездей бүгіліп, он екі мүшесі сөгіліп» өмірге әкелген, «ақ жүзін нұрға сүйгізіп» өсірген Қапан Мусин майданнан жаралы оралып, соғыс аяқталғаннан кейін ата-анасын Алматыға көшіріп әкетеді. Алматының мемлекеттік консерваториясын бітіріп, талай сазды романс, симфониялық жанрда туындыларды дүниеге әкелген, скрипкашы әрі атақты сазгердің ғұмыры қысқа болды. Атақты Латиф Хамидидің өзі «Қапанның музыкалық мұрасы халқымыздың мол мәдени байлығына қосылатын қымбат қазына» деп баға беруі неге татиды?
Үшіншіден, Алматыға жол тартқан абзал ананың жаңа дәуірі басталды. Олай емей, немене, алыптардың қазанында қайнаған әдеби ортаға түсті. Көкіректегі шабыттың шым-шым бұлағы ағытылды. «Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабиден, Қамза, Әбділда, Әбулер сияқты алыптардың көзі тірісінде кейбір уақиғалы жиындарда бойы сұңғақ келген, басын ақ жаулықпен әсемдеп тартып тастаған бір әжей айрықша көрінетін... Екінші жағынан, қасында үнемі өлең-жыр немесе аздап қарасөз жазып жүретін жақын сіңлілері қошеметтей жүретін... Үлкен жиындарда сонау төрдің көмейін толтырып отыратын жоғарғы айтқан алыптарымыз, ал, төменгі алдыңғы орындарда отыратын Мәриям Хакімжанова, Сара Мыңжасарова және осы Халима Өтеғалиева сынды әдемі аналар бастаған қыздар тобы қаздай тізіліп отыратын еді-ау», – деген қарымды қаламгер, сыншы Сейфолла Міркемелұлының («Қанаты қырқылған қырандар», Алматы, Білім, 2008) естелігі біраз сырдың тиегін ағытады. Ал, «қазақ поэзиясының маршалы» атанған Мәриям Хакімжанова да ол туралы сүйсіне айтады. Бірнеше мәрте өз аузынан жыр жазып алғанын атап өтеді. Оның айтуынша, Х.Өтеғалиева ойланып-толғанған сәтінде ұршық иіріп, шүйке шүйделеп, яки, басқа да іс-әрекет үстінде болмаса, бір жерде мізбақпай отырып, өлең өре алмайды екен. Көкірегі ояу, көңілі сара жанның шабыты шамырқанған сәтін ең шуақты күндерге балайды. Оның бір топ өлеңін әкеп оқығанда, әдебиетші, сыншы ғалым Есмағамбет Ысмайылов «төгіліп тұрған ақын екен ғой» деп қуана қабылдаған көрінеді (М.Хакімжанова шығармалары, 3-том, Алматы, Жазушы, 2006).
Ақоба ауылының қадірменді ақсақалы Мұрат Мұқамбетқалиев те біраз сырдың тиегін ағытты: «Ақобада еңбек үстінде онымен бірге болған аналарымыз бар ғой. «Құрбы әзілі» өлеңінде есімі аталатын марқұм Мұқила апам оның абысыны боп келеді. Олармен бірге араласып тұрды. Халима анамыздың жұбайы Әубәкір мен атақты Хаби Халиуллин немере ағайынды боп келеді, – деп бір сырдың ұшығын ағытты. – Мен 1968 жылы Алматыға оқуға түсуге бағымды сынау үшін бардым. Сонда Халима анамның үйіне түстім. Баласы Қапан Мусинді, студент немересі Қорланды көрдім. Сынақ тапсырғанша ақын ананың қасында жүрдім. Есімде бар. Х.Өтеғалиева мені саябаққа ертіп әкеледі. Сол кезде Ленин туралы балладаны толғап жүрсе керек. Ол кісі – құйма дарын. Сәл ойланып, суырып-суырып салады. Жыр легін жазып үлгере алмаймын. Сұрасам, кейістік танытады. Сөйтіп жүріп, бір күні Қазақстан Жазушылар Одағының үйіне апарды. Апамның қолында папкесі бар, кимешекті қалпымен өзін кербез ұстайды. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің қарсы алғаны есімде. Оған «күйеу» дейтін көрінеді. Себебі оның зайыбы Ажар, тура, мына Ақобадағы Жиембеттің тумасы. Сонда марғасқалармен кездестік. Екінші қабатқа көтерілгенде сұлу Сәкеннің кілемге салынған суретін көріп таң қалғаным есімде. Мейрам кезінде апамның үйіне ақын-жазушылар кеп қонақ болады екен. Өкінішім, Халиманың өлеңін ауылдың көп адамдары, олардың қатарында нағашым Олдан, Уәсила апай жатқа айтып жүрді. Ақын перрон үстінде жігіттерді майданға шығарып салғанда, бүкіл елді жылатып, жыр ағытқан ғой. Қауым жұрт аңыз қып айтып жүрді. Балалықпен соған назар аудара бермеппіз».
КСРО Жазушылар Одағының мүшесі Халима Өтеғалиева республикалық айтыстарда жүлдегер атанған. 1961 жылдың 3-5 тамыз күндері Алматы қаласында Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Қазақстан Жазушылар Одағының шақыруы бойынша халық ақындарының республикалық мәслихаты болып өтті. Осында бұрыннан талай мәрте кездескен айтыс ақындарымен майдандасады. Соның қатарында азуы алты қарыс Кененбайға «Жүйрікпін жетпісіңе желіп жеткен, теріңді шұбыртайын самайыңнан» деп өктемси тіл қатуы, Болман, Шораяқ сынды ақындармен қайымдасуы бір бөлек әңгіме. Бұл жөнінде академик жазушы Ғабит Мүсірепов: «Бүгін бұл кісілер өздерінің өте дарынды адам екендіктерін көрсетті. Қалқа мен Халиманың айтыстары, Кененнің айтыстары кісі тыңдай беретін, уақыт өтсе де ескірмейтін айтыстар», – деп жоғары баға берген екен.
Иә, Әбу Сәрсенбаевтың өзі қолтығынан демеп иба көрсеткен, алыптарымыз ардақтаған, тіпті, «Осындай халық ауыз әдебиетінің озық дәстүрлерін жалғастырып жүрген ақын апаларымызды біздің кейінгі ұрпақ құрмет тұтып, заңды мақтан етеді. Олар Халима Өтеғалиева мен Дәмеш Берсүгірова» деп Фариза Оңғарсынова қадірлеген Ақжайықтың анасы Халиманың есімін жарқыратып, мұрасын ұрпаққа кеңінен танытатын кез келді. «Жүрсем де Астананың ортасында, Жәнібек, Оралымды етем мақтан» деген ақынның, бейбіт өмір тынысын шаттана жырлаған жыршының артына қалдырған інжу-маржан сөзі көп. Алдағы уақытта, бұйыртса, міндетті түрде шығармашылығына шолу жасайтын боламыз. Биыл ауданымызда «нұр шашып көңілінен, көгінен күн, Алатау бұлағындай төгілген» Халима Өтеғалиеваның туғанына 125 жыл толуына орай, мерейтойын игі шаралармен атап өту, жалындыжырынкеңіненнасихаттау ісі көптеп қолға алынуда. Алдағы уақытта аудан әкімдігінің қолдауымен кең көлемді шара ұйымдастыру жоспарлануда. Осы орайда аудан, облыс орталығынан оның атынан лайықты көше атауын беру қарастырылса, құба-құп болар еді. Ардақты ақынның шығармашылық қырынан қалам тарта беруді міндетіме балаймын.
Жан сарайы жарқырай жырлайтын ақын Халима Өтеғалиева бір толғанысында:
Жасымнан жолын қудым көп өнердің,
Жалынан көк толқынның өлең өрдім. – деп сөз саптауы өмірі өнер жолымен өзектес екенін әйгілейді. Қараңызшы, толқыннан өлең бұрымын табу. Қандай тапқырлық. Жыр ағынында мөлдір лиризм төгіліп, шаттыққа ұласады:
Мен қайтып қайғы ойлайын жасырып сыр,
Мойныма гүл-бөбегім асылып тұр.
(«Шаттық жыры»).
Кәрі ана көңілі жемірілмейді, қайта немеренің бал демі жанын нұрландырады. Оның шаттығы елге деген еміреніспен, шалқар шабытпен ұштасады.
Атыңнан айналайын, Қазақстан,
Түбінен жүрегімнің жаздым дастан.
Ай сүйіп аймаласа сәулетіңді,
Күн құшып көкірегінен нұрын шашқан. («Мәуелі бақ»).
Ел десе, жан-жүрегі еміренетін суырыпсалма ақын Халима Өтеғалиеваның шығармашылық шырайын айтып түгесе алмаспыз. Дегенмен мұра боп қалған өлеңдерінде туған жерге сағыныш сазы себезгілеп тұрғанын анық аңғаруға болады.
Тобылғың қара жерді шегелеген,
Шөбіңнен шөккен түйе көрінбеген.
Есіме сен түскенде қайран жерім,
Көңілім еш нәрсеге бөлінбеген.
Шумақтағы пафос, жыраулық сарын сырлы «детальға» байланады. Далаға шықпаған жан қып-қызыл тобылғының томсырайып ап жұлқыласаң да айрылмай етпеттей жатып алатын қыңырлығын сезбейді-ау. Алатаудан келген сәлем сәулесі ғой. Ел деп елтіген жыр. Еділ деп егілген сыр. Жайық деп жанарындағы жасқа малынған нұр.
Еділдің бұйра толқыны
Нұр құяды көзіме.
Жайықтан ұшқан шағала,
Береді тыныс деміме...
Алысқа кеттім дәм айдап,
Кешерсің ерке қызыңды
Сапар шексе алысқа,
Сіңлім, інім, бауырлар,
Айта жүрер сөзімді.
Әлбетте, шағын мақаламызда осы мақсат көзделді. Асыл ақық жырын қалдырған алтынның сынығы, дүлдүлдің тұяғы ақын ананың жырын кейінгі толқынға, барша замандасқа насихаттауды қасиетті парыз деп санаймын.
Автор: Нұртай Текебаев, Батыс Қазақстан облысы.
Сурет: wallpaper-kid.com
Ш. Талап