Бір ғана қызметкері бар Ахметтің үйі

Бір ғана қызметкері бар Ахметтің үйі
Фото: google.com

Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының мұражай үйін мемлекет қамқорлығына алса...

"Алаш" партиясы, "Қазақ" газеті, қазаққа жаңа қаріп, Торғай уезі, төте жазу. Ғаламторға осы тегтерді терсеңіз көгілдір экраннан дөңгелек көзәйнек киген, қияқ мұртты, сұлу кескінді, орташа ғана бойлы қазақы ер азаматтың бейнесін көресіз. Көз алдыңызға мектеп бағдарламасындағы қазақ тілі кітабының мұқабасындағы негізгі сурет елестейді.

Ал, астарлы оймен саралай алсаңыз: түрмеге жөнелтілген ұлт ұстазы, қараңғы қапаста отырып қараңғы қарашаға үндеу тастаған ағартушы-ғалым. Бұл өмірлік кадрлар Ахмет Байтұрсынұлына тиесілі. Біз бүгін атын әлемге әйгілі етеміз, қазақтың біртуар мақтанышы деп өмір жолына қайран қалатын тұлғамыздың көзі тірісінде көрген өмірі қорқыныш пен қауіпке тұнып тұрған. Тәуелсіздігі жоқ елдің құрып кету қауіпі жоғары болған кезеңде осы елдің егемендігін алам деп Кеңес Үкіметінің зорлық-зомбылығын көп көрді.

Алаш партиясы құрылысымен осы партияның белсенді мүшесіне айналды. Саясатпен айналыса жүріп, қазақ тілінің дамуына үлкен үлес қосып, қазақ әдебиетінде сол заманғы қатарластарымен төңкеріс жасады. Қазақ халқына жасаған елеулі еңбектері басшылыққа жақпауының салдарынан өмірінің соңында ату жазасына кесілді. Арада 54 жыл өтті. Ахмет атамыздың арманы толыққанды орындалып, еліміз Тәуелсіз мемлекетке айналды. Ал, бүгінде Тәуелсізбіз деп ауыз толтырып айтсақ та кезіндегі сол Ахметтің өмірінің соңында отбасымен тұрған жалғыз үйін мемлекеттің қарамағына өткізе алмай отырмыз.

Алматы қаласы, Байтұрсынов және Жамбыл көшелерінің қиылысында орналасқан бұл үй 1998-жылдан бері музейге айналған. Мұражай төрағасы – ағартушының ұрпағы Байтұрсынов Серік Самыратұлы. Музей десе көз алдымызға салтанатты киім киіп, келген қонақтарды есіктен қарсы алатын кескінді қыздар елестейді. Ал, бұл мекемеде небәрі 1 ғана қызметкер жұмыс жасауда. Қонақтарды қарсы алып, көрме залымен таныстырып экскурсия жүргізетін гид те, мұражайдың ауласын тазалап, ішіндегі шаң-тозаңнан арылтып еденін жуатын тазалықшы да, Ахмет мұраларына бас-көз болып, ғалымның шығармаларын қоғамға насихаттаумен айналысатын беделді Ахметтанушы да бір-ақ адам – Райхан Сахыбекқызы.

«Ахметтің құндылықтарын құнттаймын деп көпшілікке сүйкімсіз болдым, десе де бүгінгі қазақ қоғамының ғалымға деген сыйластығының арқасында жұртшылыққа мен де жатталдым» - дейді мұражайдың әмбебап қызметкері. Қазақ Ұлттық Университетінің филолгия факультетінде сабақ беретін мұғалімнің айтуынша Серік Самыратұлы 1998 жылдан бері мұражайды жекешелендіріп алған. Бірақ, бұл үйге арнайы көңіл бөліп, тіпті қарапайым құрылыс жұмыстарын жүргізбеген. Есесіне Иманғали Нұрғалиұлы Алматы қаласының әкімі болып тұрғанында бұл мекемеге көңіл бөліп, өз қалтасының қаражатынан толыққанды соңғы үлгіде құрылыс жұмыстарын жүргізіп берген. Сол мерзімнен бері мұражай қабырғасына соқыр шеге де қағылмаған.

Кешегі Ахметтің шаңырағы бүгінгі қазақы қоғамнан мейірімділік пен жылулық сұрап тұрғандай. Мұражайдың жұмысын ілгері жүргізу үшін мемлекеттен көңіл бөлініп, басшылық баса назар аударса Ахмет үйі қайта жанданар еді. Кезінде Ахметтің қолына салынған қара құлып бүгінде мұражай есігіне жиі тағылады. Музейге кіруге қызығушылық танытқан азаматты осындай проблемалар мазаламаса нұр үстіне нұр болар еді. Қазақтың елі жеке мемлекет болсын деп жан беріскен ұлт қайраткерінің мұражайы мемлекеттік болуға тиіс.

Дайындаған: Аслан Қажиев

Massaget