Болашағы мол еңбек ("Үркер" романы хақында)

Соңғы бес-алты жылдың жүзінде, Қазақстанның сонау ескі заманнан бастап бүгінгі күнге дейінгі көп томдық тарихын жасау ісіне тікелей қатысуыма байланысты, мұның ішінде, әсіресе, қазақ жерінің Россияға қосылу процесіне байланысты бірсыпыра тарихи деректерді, атап айтқанда: қазақ елінің ескі тарихын баяндайтын түрлі деректерді, тарихи әдебиетті, халық ауыз әдебиетінің қағаз бетіне түсірілген әр түрлі үлгілерін, қазіргі қазақ көркем әдебиеті қорында бар бірнеше елеулі туындыларды /романдар мен повестерді/ тағы да қарап шығуыма, кейбіреулерін мұқиятты оқып шығуыма тура келді. Бұлардың арасында еліміз, халқымыз тарихын, өмір жолын, өндіргіш күштері мен өндірістік қатынастардың даму процесін қазіргі заман, ғылым талаптары тұрғысынан әділетті сипаттайтын жанры жағынан тарих проблемаларына арналған көркем шығармалар жасалғаны немесе дәйекті түрде қалыптасып келе жатқаны байқалады. Мұның өзі де қазақ халқының рухани мәдениетінің мықтап өсіп отырғандығын байқататын, иекке елеулі тиек боларлық байырғы көрсеткіш.

Солардың бірі – жақында ғана қолжазба күйінде оқуыма тура келген, соңғы 10-15 жыл жүзінде өз туындыларымен ерекше көзге түсе бастаған белгілі қаламгер Әбіш Кекілбаев жолдастың «Үркер» атты романы. Бұл — өзінің жанры жағынан қазақ елі басынан өткен аса ауыр кезеңдерді, XVII-XVIII ғасырлар бойында орын алған ірі-ірі оқиғалар негізінен алғанда нақты тарихи деректерге сүйеніп жазылған, көп қанатты, тарих шежіресін жырлайтын дерлік тұлғалы туынды, тарих әдебиеті қатарында белді жерден орын алатын, сонымен қатар көркемдік дәрежесі де жоғары, айрықша орамды шығарма.

Бірақ біз бұл арада Ә.Кекілбаев романы бойынша біткен барлық қасиеттерді: композициялық құрылыс-құрылымын, барлық сюжетті мен персонаждарын көркемдік дәрежесін, стиль қасиеті мен тіл байлығын және басқа сондай толып жатқан жақтарын әңгіме еткелі отырғанымыз жоқ. Бұлар өз алдына дербес әңгіме болатын, алдымен әдебиет сыншылары айналысатын дүние. Біздің әзірге айтайын дегеніміз, жұртшылық алдына тартар ойымыз, барынша ықшамдап айтқанда, мыналар: -роман желісі, басты қағидалары қазақ елі мен жері бай тарихының қазіргі кезде жалпы жұрт санасына әбден дерлік сіңген, ғылымда берік қалыптасқан ұғымдармен үндес пе, яғни тарих қағидаларымен қайшы емес пе деген мәселе; – роман басты персонаждары /басты кейіпкерлері/ ойдан шығарылмай /мұндайлар көркем әдебиетте әрқашан болып тұратын құбылыс қой/, өмірде, тарихта нақты болған, белгілі дәрежеде өшпес із қалдырған адамдар ма деген жағдайлар; – шығармада әңгіме болып отырған дәуірдегі, заманадағы, қазақ елінің қоғамдық дамуына, өмір жолына, әдет-ғұрып салтына берілген сипаттамалар мен бағалар орынды ма дегендер; – ақырында, қазақ елінің сол тұста басында болып жатқан нағыз шытырман, қиын-қыстау жолда барар жер мен басар тауды іздеу процесінің баяндалуы мен бағалануы дұрыс па, әділетті ме деген әлеуметтік мәні бар жайттар.

Енді осындай маңызды да күрделі проблемаларды талдау мен шешудегі романның құндылығы мен жағымды жақтарын қарастырып көрелік.

1. Романда әңгіме болып отырған қазақ елінің, қоғамының, өмірі, әлеуметтік тартыстары, ішкі-сыртқы қатынастары XVII-XVIII ғасырларда орын алған, белгілі із қалдырған тарих желісімен, барлық елеулі кезеңдерімен негізінде үндес баяндалған, жалпы тарих межелері /тіпті нақты даталары да/ толық сақталған. Мұның өзі жалпы алғанда бүкіл ел тарихымен, жекелеп алғанда қазақ даласының сол замандағы әбден шиеленіскен өмір жолымен жете хабардар екенін көрсетеді. Бұл – шын мәнісінде көп, қажырлы еңбектің жемісі.

2. Қазақ жұртының сол замандағы тарихы, этнографиялық әдет-ғұрпы, өмір салты, үш жүздің /ұлы, орта және кіші жүздердің/ құрамы, өзара қатынастары мен тартыстары да бірсыпыра, негізінде дұрыс қамтылады-сипатталады. Бұл да автордың осыншалық ауыр жүкті-шежірелік мәні бар қиын мәселелерді шешуді мойнына алғанын көрсетеді. Әрине, автор мұндағы жол-жөнекей, жанамалап талдауымен шежіре проблемасын түгел шешіп берді деген ұғым әсте де тумайды. Бұл әлі де талай терең және жан-жақты зерттеулерді қажет ететін проблема. Дегенмен, роман авторы өз талдауымен, өз әрекетімен қазақ шежіресінің кейбір күмәндау жүрген мәселелерін анықтай түсуде азын-аулақ үлес қосқан тәрізді.

3. Роман мазмұны, ең басты, нағыз өзекті мәселесі – қазақ елінің өз жері, өз бостандығы, дербес ел болып өмір сүруі үшін талай, жылдар бойы табан тіресіп жүргізген күресінің жайы, айбынды асулары. Бұл күрестің ең белді жері, зор діңгегі – қазақ жеріне сан рет рахымсыз шапқыншылық жасаған, қазақ елін XVII ғасыр басында ақтабан шұбырындыға ұшыратқан жоңғарларға қарсы жүргізілген, мүмкіндігінше мықтап ұйымдастырылған ұрыс-тартысы еді. Алдымен ашып айта кетейік: бұл тартыстың да тарихи, мұндағы талай тар жол, тайғақ кешулер арқылы өткен өткелдер жалпы алғанда дәлелді де, әділетті де айтылған. Әрине, көркем шығарманың өзіне тән ерекшелігі, жалпы жорушылығы болады. Осы тұрғыдан алғанда мұнда, қазақтар мен жоңғарлардың майдан, ұрыс даласындағы айқасын көрсетуде-жазуда әсірелеу пен азын-аулақ асырып айтушылық жоқ емес. Бірақ болған оқиғаларды баяндаумен бағалаудың жалпы бағыты, барлық желісі әбден дұрыс, тарих тұжырымдарына ешбір қайшы емес. Сондықтан қазақтар мен жоңғарлар арасындағы тартыс жолы мен бейнесі жалпы тарих тұрғысынан да, көркем әдебиет тұрғысынан да әбден әділ берілген деп есептейміз.

4. Шығарманың барлық басты персонаждары – кейіпкерлері – айталық, Тәуке, Әбілқайыр, Бөкенбай, Тевкелев немесе белгілі билер: Қазыбек, Төле, Әйтеке және басқалар әсте де ойдан шығарылған пенделер емес, өмірде, тарихта болған, қоғам өмірінде өздерінің істеріне қарай белгілі дәрежеде із қалдырған нақты адамдар, үлкенді-кішілі қайраткерлер. Әрине, романда автор ойынан шыққан, керекті жерінде қажетімен кіргізілген кейіпкерлер де жоқ емес. Бұлар да көркем шығармада кездесіп отыратын әбден табиғи құбылыс. Бұлар өздерінің бояуларымен, іс-әрекеттерімен шығарма мазмұны мен іреңін кемітіп тұрған жоқ, қайта кеңейтіп, айрықша ашып тұр. Сонымен, бұл шығарманың ерекше айырмашылығы мен артықшылығы сол – ол түгелдей өмірде болған адамдардың өздері мен нақты /жағымды да, жағымсыз да/ істеріне негізделіп құрылған. Сондықтан да бұл – шын мәнісінде тарих шежіресіне құрылған тарих жанрына жататын туынды. Мұның өшпес маңызы мен тарих төрінен алатын орны алдымен осында.

5. Еңбекте одан әрі талай жылдар бойы жоңғар басқыншыларына қарсы жүргізілген жауынгершілік кезеңдерде қазақ елінің, қазақ хандықтарының Россия империясына /патшалығына/ деген көзқарастары, бұған байланысты бұл мемлекетпен жақындасуға, мүмкін болса тіпті одақ жасауға бағытталған ниеттері мен әрекеттері әр жақты әңгіме болады. Бұл да, әлбетте, әбден орынды, өз дәрежесінде, екі ел арасындағы елшілік қатынастырды көрсету арқылы баяндалған. Бұл арада айрықша атап өтетін бір жағдай сол – бұл құбылыс әдеттегідей, бұрынғы әдеби деректердің көбінде бір жақты айтылатындай емес, жан-жақты, яғни мұның жағымды да, жағымсыз да жақтары бірдей, барынша объективтік түрде сипатталған. Бұл тарихи шындыққа әбден жақын. Өйткені сол заманда қазақ жұртшылығының бәрі Россиямен елдесуді жақтады десе, шындықтан гөрі өтірікке жол бергендік болар еді. Автордың тағы бір әділдігі дәл осында.

6. Шығармада суреттелген шытырман жағдайларда, қазақ жері мен елінің тағдыры қыл үтсінде тұрғанда – бостандығы мен дербестігінің сақталуы қауіпті жағдайда болып жатқанда – халық кемеңгерлігі нышанының көріне бастауы, барар жер-басар тауды іздеуі әбден табиғи нәрсе. Өмірлік мәні бұл мәселелер де жан-жақты, орынды айтылған. Бұл арада барынша басып талданған нәрсе сол – жалпы алғанда ел ойы мен тілегін, замана талаптары тапқан Әбілқайыр ханның, оның толып жатқан жақтастарының әрекеттері, барлық жақтарынан бірдей – барлық қайшылықтарымен бірге баяндалған. Мәселен, автор алдымен кіші жүз ханы Әбілқайырдың Россияға қосылу жөніндегі антын әр жақты сипаттайды. Сөйтіп қазақ елінің Россия қол астына қарау процесін сипаттайды. Бұл – нағыз өмір шындығы.

7. Сайып келгенде, романның негізгі мазмұны, идеялық нысанасы – қазақ елінің Россия елімен орыс халқымен одақ болу, ынтымақтасу қажеттігін дәлелдеу, мұның бірден-бір дұрыс, нағыз прогрестік жол екендігін айқындау, ашып айту. Сондықтан да еңбектің құрылысы – тығырық, елшілік, арбасу және айқас деп аталатын бөлімдері – жаңағы алға қойылған проблемаларды көркем шығарма құралы – тілі арқылы көрсетуге бағындырылған. Бұларда қазақ елінің сол замандағы ауыр жағдайларын, түрлі әлеуметтік жіктер тартыстарды барынша толық талдау арқылы бірден-бірге Россиямен жақындасу, одақтасу мәселесіне әкеліп тірейді. Автордың бұл ниетін, шығармада қолданған бұл әдістерін түгелдей құптамауға болмайды.

8. Дәл осы арада, реті келіп тұрғанда, шығарманың көркемдік құндылығы жайында бір ауыз сөз айтпауға болмай тұр. Шығарманың тақырыбы нақты тарихи-әлеуметтік мәселе болғанымен қазақ елінің, халқының, бойындағы талап тамаша қасиеттері: ежелгі парасаттылық-адамгершілік, әділділік, жақсылықты дәріптеушілік, озат өнерге ұмтылушылық, сөз қадірін жете білушілік және басқалар орнымен, барынша шебер, оқушының жадында мәңгі қаларлықтай түрде берілген; қазақ тілі қорындағы мақал мен мәтелдер, қанатты сөйлемдер, шешендік сөздер мол қолданылған. Мәселелер, Тәукені күллі қазаққа ортақ хан сайлап, жеті жарғының жосығын қабылдаған ұлы жиын аяқталғасын жиылған жұрт: «Ертең елге барғанда айта барарлық үш би бізге не дейді екен? Соны естіп кеткіміз келеді», — деп тырп етпей тұрып алды дейді автор.
— Сонда үш биден не сұрайсыздар? — депті хан Тәуке.
Жұрт:

— Үш би бізге ең әуелі заман құлқынан үш ауыз сөз айтсын!

—    Енді үш би бізге кәрілік пен жастық хақында не мәслихат қосады екен!

—    Енді үш би бізге ұл мен қыз хақында не айтар екен!

—    Үш би бізге енді адам құлқынан үш ауыз сөз айтсын!

/128-131 беттерді қараңыздар/.

Автор осы арада бұл сұраулардың бәріне үш бидің /Төленің, Қазыбектің, Әйтекенің/ берген, мейлінше тауып айтқан жауаптарын толық келтіреді. Мұның өзі, бір жағынан, халық бойындағы тұнып жатқан мол кемеңгерлікті көрсетсе, екінші жағынан, роман авторының ел бойындағы осындай қасиеттерді іздеп-тауып алып, орнымен шебер бере білгендігін байқатады. Мұндай мысалдар, оқушыларды лажсыз тартатын, үйіріп әкететін терең толғаулар романда жиі-жиі кездеседі. Осылардың өзі-ақ шығарма құндылығын, халыққа әбден қажеттілігін толықтыра түседі.

9. Жоғарыда бір жерде атап өткеніміздей, бұл роман қазақ елі өміріндегі аса қиын, асулы кезеңдерді қамтитын, әлеуметтік дамудың өзекті мәселелерін әңгіме ететін, етек-жеңі мейлінше кең шығарма. Әрине, мұндай көп қанатты дүниеде азын-аулақ олқылықтарда болмай қоймайды. Ондайлар мұнда жоқ емес. Бұлардың бастылары біздің байқауымызша, мынадай: романның бірсыпыра жерінде, әсіресе, бірінші, үшінші және төртінші бөлімдердің алғашқы кіріспелерінде тым алыстан орағытушылық, айналаның тозаң әңгімесімен айналушылық бар, кейбір жерінде, белгілі оқиғаларды суреттеуде, қайталаушылық кездеседі. Мұның өзі романның ұзын-ырғасын орынсыз ұлғайтып жібереді, оқушыларын жалықтырады. Бұлармен қатар әлеуметтік, қоғамдық, мәні бар термин-ұғымдарды қолдануда алақұлалық байқалады /бұлар, әсіресе, рулардың, таптардың, халықтардың аты-жөнін айтуда жиі ұшырайды/. Кейбір халықтардың мінез-құлқын, іс-әрекеттерін айтуда да екі-ұшты, өкпеге тиетін сөздер кездесіп қалады /мысалы, орысқа сенбе, суға сүйенбе деген сияқтылар/. Бірақ бұлардың бәрі редакциялауда түзететін дүниелер.

10. Түйіндісі. «Үркер» романы – тарихи тақырыбы мен атқаратын идеялық ролінің маңызы жағынан да, көркемдік құндылығы мен тіл тартымдылығы жағынан да түбінде, ертелі-кеш, қазіргі профессионалдық қазақ совет көркем әдебиетінің нағыз төрінен өзіне лайық орын алатын сегіз қырлы бір сырлы шығарма.

Бүгінгі біздің оқып көріп отырғанымыз автор жоспарлап, жазып жариялағалы отырғаны Қазақстанның Россияға қосылуының 250 жылдығына /1981 жылы аталып өтетін/ тарту ретіндегі көлемді туындысының тек бірінші кітабы көрінеді. Ал мұның қазір жазылып жатқан жалғасы —  екінші кітабы қазақ елінің Россияға қосылу процесін – аса тарихи асулы кезеңдердегі әлеуметтік өмірін барлық жағынан бірдей баяндайтын жыр болмақ. Міне, сонда, шебер қаламгер Әбіш Кекілбаев қолы мен талантынан туған «Үркер» романының қазақ халқы басынан өткен екі ғасырға жуық ұзақ өмірді еске салатын, қазіргі мен болашақ ұрпақтардың игілігі ететін шын мәнісіндегі эпопея болатындығына ешқандай күмән жоқ.

Сондықтан біз, сөз жоқ, болашағы мол бұл еңбектің тез жарияланып, жұртшылығымыздың игілігі болуын қолдаймыз.

Сақтаған Бәйішев

25.VII.1980.