- Негізгі бет
- Сын
- Батыр Баян –...
Батыр Баян – қазақ поэзиясының асыл қазынасы
Мағжан Жұмабайдың "Батыр Баян" поэмасы бұрынғы халық батырлық дастан-жырлардың жалғасы, эпостық дастанның ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясының тілімен жазылған жаңа нұсқасы десек болады. Лирик ақын Мағжан Жұмабай бұл поэмасында өзінің тағдыры Батыр Баян тағдырымен ұқсас екенін түрлі-түрі теңеу, метафоралар арқылы жеткізіп, бір жағынан поэзиялық, екінші жағынан дастандық сипаты бар шығарма жазды.
Сондықтан "Батыр Баян" поэмасын жан-жақты талдауға болады. Бұл жерде біз поэманы ұлттық құндылық, оның арғы жағында жатқан отаншылық рух тұрғысынан талдағымыз келеді.
Ең алдымен, Батыр Баян – бұл қазақ батырларының ішінде белді, шоқтығы биік батыр. Мұны Мағжан поэманың алғашқы тармақтарында-ақ білдіреді. Ордаға жиналған ығай мен сығай, Абылай ханның төрт құбыласын түгендеген батырлары бір Батыр Баянды күтіп, жорыққа аттанбай отырғаны-ақ – батыр кейіпкердің Абылай ханның алдында қандай абыройлы жан екенін ұғамыз.
Жас Баян жауды талай көрмеп пе еді,
Сорғалап сұңқардайын төнбеп пе еді.
Майданда жолбарыстай жалғыз ойнап,
Сан қолға аш бөрідей кірмеп пе еді?!
Жебесі көбе бұзып, жүректі үзбей,
Найзасын, сірә, жалғап сермеп пе еді?
Бірін айт, бәрін айт та, басқа батыр
Баяндай "алашым" деп еңіреп пе еді?!
Бұл жолы кешігуі жай емес қой,
Тұлпарым кез болды ма орға, тегі! – деп ақын Баян ердің батырлығын сипаттайды. Бұл шумақта ақын Баянның батырлығын сипаттап қана қоймай, алда болғалы тұрған оқиғаның да психологиялық портретін бері шығарғандай. Яғни, батырдың басында қиын бір жағдай болғанын әрі мұның алдағы бір оқиғаға әсер ететіні психологиялық қалыппен жеткізілгендей.
Ал келесі бір үзіндіде ақын Баянның батырлық портретін бір жолмен-ақ жеткізеді:
...Қазақтың батырлары бәрі қыран,
Сонда да бір батыр жоқ Баяндай тап, – деуі батыр Баянның алаш ерлері арасында қандай маңызды тұлға, алпауыт баһадүр екенін түсінеміз.
Батыр Баян – жай ғана батыр емес, елінің ертеңі үшін жауымен алысып қан кешкен, жұртының бас бостандығын ойлаған жан. Ең бастысы халқына адал азамат. Сол адалдығының күшімен бір жатырдан шыққан бауырын өлімге қияды.
Поэманың желісі бойынша, Батыр Баян жоңғардың қолын қайыра жеңіп, еліне қайтарда қалмақтың хас сұлуын ала келеді. Баян батыр он төрт жастағы сұлуға ғашық болып қалған көрінеді.
Сол сұлу сұлу екен таң атқандай,
Бір соған бар сұлулық жиылғандай.
Торғын ет, шапақтай бет, тісі меруерт,
Сөздері – су сылдырлап құйылғандай,
Бір улап көзқарасы, бір айнытқан,
Жұлдыздай еркелеген сөнбей-жанған,
Лебізі – жібек лебі, жұмақ желі,
Кәусардай татқан адам қалар қанбай.
Шын ер ғой батыр Баян алып қайтқан,
Еліне сол сұлуды естен танбай, – деп сипаттайды қыздың сұлулығын Мағжан ақын.
Батыр Баян бүкіл ерлік қасиетті бойына жиған қаһарман болса, қалмақ қызы – хас сұлу. Бірақ ақын жырлағандай, сұлу жай ғана сұлу емес, "сұм сұлу" дейді. Өйткені бұл сұлу бүкіл батырлық пен жорықтың күл-талқанын шығарған, хас батырдың қайғылы тағдырына себеп болған кейіпкер. Поэма желісі бойынша Баянның туған інісі Ноян да қалмақ қызын сүйіп қалады. Қағілез Ноянның махаббатын пайдаланған сұлу "ата-анамның алдынан өтпей жар бола алмаймынды" сылтау етіп, жас жігітке еліне апарып қайтуын өтінеді. Ал жалынға, жастық отына малынған Ноян сұлудың сөзін жерде қалдырмай онымен бірге жоңғар жеріне қашып кетеді.
Мұны естіген батыр Баян ашуға буылып, қашқан қос жасты қуып жетіп, екеуін де өлтіреді. Поэма желісіне қарасақ, Батыр Баян інісін өзіне деген опасыздығы үшін өлтіргендей көрінеді. Алайда ақынның жырлап отырғаны одан да тереңде. Баян інісін өзіне деген опасыздығы үшін емес, еліне, халқына деген сатқындығы үшін өлтірді. Өйткені інісі жауына көмектесіп, соның жеріне аттанып кетті. Оның қайта қазаққа келіп, бауыр басуы сын әрі қарабет.
Әрине, інісін сатқындығы үшін өлтіргеніне батыр Баян да қапалы.
...Өз бауыры, өз сүйгенін өзі өлтірген,
Болар ма, сірә, сорлы адам менен?! – деп аһ ұрады.
Мағжан Жұмабаевтың "Батыр Баяны" Федор Достоевскийдің "Қылмыс пен жаза" романындағы студент Раскольниковты, Гогольдің "Тарас Бульба" повесіндегі Тарастың әрекетін еріксіз еске түсіреді. Әсіресе, Батыр Баянның күрделі бейнесі казак қолбасшысы Тарастың келбетіне келеді. Тарас та жауы поляктың қызымен қашқан ұлын өлтіріп, кейін жорыққа аттанады. Сол жорықта өзі де мерт болады.
Баянның тағдыры да осыған ұқсас. Өз әрекетінен өзі күйініп келген батыр жоңғардың әскеріне көзсіз кіріп, күйіктен қаза табады.
Батыр Баян ер мінезді, батыр келбетті жан болғанымен, ол да адами қасиеті мол, сезімталдығы мен адалдығы, азаматтығы мен табандылығы бар адам. Өз мүддесінен халқының мүддесін жоғары қойып, өз бауырын құрбан етті.