Алтайдың ашылмаған сілемі
(Жазушы Оралхан Бөкей шығармашылығына рецензия)
Оралхан Бөкей шығармашылығы асқақ Алтайдың қырлы шыңдарындай мәңгілікке ұмтылған биік туындылар. Заман ағып, уақыт өткен сайын қада төбесі ұшталып биіктей бермек. Оның биіктігі сонда, адам жан дүниесінің жаршысы болғандығында. Бұл Оралханның ең басты ерекшелігі, шығармашылығының даралығы. Әр шығармасында кейіпкерлерінің ішкі сезімімен, психологиясымен, соның ішінде психоанализ, психологизм мәселелеріне терең бойлайды. Кейіпкерлерін өзге жазушылардай сыртқы суреттеу, не жанама кейіпкер аузына салып салмақтау Оралханда өте аз. Мақсатты тұлғасының ішкі МЕНІ арқылы даралайды, өсіреді. Оралхан кейіпкерлерден гөрі табиғатты көз алдыңа әкеліп, сөздің сан түрленген бояуын қолданады. Кейіпкер мен табиғатты біте араластырып, бір қазанда қайнатады. Ол автордың табиғатта өсіп, бір бөлшегі ретінде терең түйсінгені, сезінгені. Нағыз дала шәкірті. Табиғат суретін беруде таңдай қақтырары сондай торп түрлерін қолдану шеберлігі. Мысалы, «Бәрі де майдан», «Сайтан көпір», «Қар қызы», «Жетім бота» повестерінде өзіне дейін болмаған теңеулер қолданады. «Ыңыранып туған буаз ай», «буп-буаз ай» сияқты сурет аталған повестерінде жиі қайталанып отырады. Өзінің жеке таңба сөздерінің қатарынан. Бұл бір ғана мысал.
Айтарымыз Оралхан тіліне ойысқан соң бұл тұрғыда дара жазушының екінші қасиеті қасқаяды. Қалыптасқан тілдік норма шеңберінен төгілген сөз саптасы Оралханға дейін Жүсіпбекте ғана болған. Әр шығармасы тілдік тұрғыдан басынан қорғасын салмағын жоғалтпайды. Зілдей ауыр. Жалпы сөйлемде белгілі ритм болады. Соған орай прозада да өлең бойындағыдай ырғақ талап етіледі. Ықылым жұртқа таныс хабарлы сөйлем түрін алсақ: сөйлемде дауыс ырғағы бәсең басталып, жоғарлай келе майда аяқталады. Әр сөйлемнің тегіне қарай өзіндік қасиеті бар десек сөйлемдегі сөздердің де жүгі, зілі соған орай сай келіп отырады.
Ал, Оралхандікі басқарақ. Тағы хабарлы сөйлем үлгісін алсақ жазушыда кілең салмақты, пасыл байқалады. Басы мен аяғы бір. Майлы сөз бен сүбелі тіркестер тиелген вагон арбасындай алып теңеулер. Мысалы, «Темекісін будақтатып, өзінің ширек ғасырдан бергі мекен-жайына айналған шағын бөлмені көк ала түтінмен ыстап, қайта-қайта қырау тұтып, мазасын ала беретін терезеден үлкен әлемге көз сата қарап отырған Аспан шал, бүгін, шынында да, өз-өзімен алағызып, әлденеге көңілі көбеңсіп отыр еді». /Оралхан Бөкей. Таңдамалы I том. «Сайтан көпір» повесі, 191 бет/. «Ол осы жерде, дәл осына мәңгі мылқау таулардың ортасында, дүние есігін ашты; әр бұта, әр денесі таныс, ат үстінде аппақ адырға қарап тұрып: «Туған жер ыстық дейді, несімен, неге ыстық?» - деп ойлайтын, әрі осы ойдың ұшығын іздеп сарсаң болатын». /Сол кітап. «Өліара» певест. 64 бет/.
Әр сөз өнері иесінің сөйлеміне қарап жазушылық шеберлігін тану қиын емес. Оралхан өз бойында жоқ, өз қанына сіңбеген нәрсеге қалам тартып қарбанбаған жазушы. Ақынға әуелден өлең жазу үшін, биік поэзия тудыру үшін сезім керегі бесенеден белгілі. Ал жазушыға ше? Жазушыға... табиғат берген дарын, өрнекті, көргені көп өмір, көркем тіл, теңіз білім керек деген бір ізді пікір қалыптасқан. Біздің Оралхан осы тізбекке «Сезімді» қосты. Сөйлемдерінің өзгешелігі де, сезіммен түкен сөздердің жаңғырығы. Өзгеше дүниеге деген дара көзқарасы бар жазушы. Әр кейіпкердің іс-әрекеті, әсіресе, ішкі арпалыс арқылы өмірдің не екенін, өмір мағынасына жауап іздегендей кей тұстарда кейіпкерлерінің сұрағына өзі философиялық тұрғыдан жауап беріп отырады. Оралханның өз тілімен айтсақ «Жазушы дегеніміз – шындыққа жүгіну, ал әдебиет дегеніміз, сол шындықты шырақ алып іздеудің бірден бір формасы». Автордың өзінің жан айғайы, өз ішкі ирімдері көбіршіп көрініп отырары жазушы ерекшелігінің бірі.
Оралхан шығармашылығының тағы бір қыры кейіпкер ықшамдылығы. Әр кейіпкер типтік бейнеге көтерілген. «Қар қызындағы» үш жігіт және Қоңқай шал - төртеуі де соғыстан соңғы заман адамдары. Әр кейіпкер арқылы талай дүниені ақтарып айтқан. Бәріне соғыс кінәлі, Қоңқайдай қазымыр шал мен Аманжан, Нұржан, Бақытжан атты үш жігіт арасындағы байланыс.
Назар салатын мәселе Оралханның әр кейіпкерінің атының өзі талай дүниені айтқысы келетіндей. «Қоңқай – ұсқынсыз, бір нәрсенің дөңкиіп көрінуі» /Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. 2008 жыл/. Шынымен Қоңқай шал өте тұрпайы кейіпкер. Келген-кеткенді тонап, өлімге айдап салатын салқын қанды, жапан даланы жалғыз кезген диуана шал. Ал, үш жігіттің атының «жан» сөзімен аяқталуы тегін емес. Белгісіз әкеден туған балаларға; Аманжан –әкесіндей соғыста өлмей аман жүрсін дегені ме? Нұржан – қасірет көрмей өмірі нұрлы болсын дегені ме? Бақытжан – басындағы бақытын бағалай білсін дегені ме? Қызығы «жан» сөзі үлкен философиялық мән түйіп тұрғаны. Әр оқырман өзінше пікірде қалары анық.
Түйіндей айтқанда Оралхан - адам жанының жаршысы, тылсымнан төгіп жазатын ерекше сезімнің иесі. Тылсымды түсіну үшін автор сияқты өртеніп өмір сүрген өзгеше жан болу керек сияқты. Алдағы уақытта Оралхан шығармашылығы туралы орамды ой айтып, халыққа жеткізу әдебиетшілердің асыл борышы болып қалары сөзсіз.
Автор: Нұржігіт Айдархан
Сурет: pavlodarnews.kz