Бүгінгі таңда жастар поэзиясы қарқынды дамып келеді. Талайы поэзия әлеміне қалам тартып жүр. Қадамдары адам қуантарлық. Мектеп жасында жүріп-ақ өлеңге өрнек салып жүргендері де жеткілікті. Ең басты тақырыптары – махаббат. Әрине, жалындаған жастық оты кеудеде тұрған кезде махаббатты қалай ғана жырламасын. Бірақ, бүгінгілердің махаббатты жырлауы мүлде басқаша...
Жастардың мектеп жасындағы буыны махаббат десе көз алдарына «сүйдім, ойбай, күйдім!» деген секілді сөздерді ғана келтіріп, өлең деген өлкеге өз іргетастарын қалай алмай әлек болып жүрсе, жоғары оқу орындарындағы студенттердің өлеңдеріндегі махаббат тақырыбы өзіндік саз бен бояуға толып жатыр. Олардың аталған тақырыптағы өлеңдері қызықты әрі танымал. Өмірі бітпейтін өкініш пен сағыныш, ауыр бір мұң мен түсініксіз ойлар әр жол сайын қылаң беріп, адам баласын жылатқысы келеді де тұрады. Жап-жас болып тұрып осыншалық қайғы мен сағынышты ақындар өз бастарынан кешіп жүр деуге де болмайды. Біріншіден, бейбіт заманда өмір сүріп жатыр. Екіншіден, баяғыдай уақыт жоқ. Сонда бұны қалай түсінуге болады дейсіз ғой?
Ешқандайда түсініктің қажеті жоқ. Бар болғаны бүгінгі жастар өмір сүруге бейімделмеген, әйтпесе... Тыныштық пен тоқшылықтың парқына бара алмай, әрқайсысы өз алдына бір бөлек дүние іспетті күй кешіп жүр. Оның үстіне көгілдір экран мен газет-журналдардың негізгі беттерінен түспейтін жылап жатқан дүниені де қатарға қоссаңыз болады.
Әңгіменің әдебиет пен өлең төңірегінде өрбігені дұрыс болар. Қазіргі жап-жас ақындар тым кінәмшіл болып бара жатқан сияқты. Көңілдері еш толмайды. Махаббат жайлы әр екінші өлеңдері қайғы мен мұңға құрылады. Одан қала бере әрқайсысы басқа әлемге ұшып кеткісі келіп тұрады. Кез келгенінің өз алдарына бір-бір әлемі бар. Сол әлемдерін өздерінше қызықтап, көпшіліктің де санасын улап бітіріп, жетектеп алып кететін түрлері бар. Бүйте берсе әлем ішіндегі әлем деген ұғым қалыптасатын да шығар.
Аталған жастардың түсін түстеп жатудың керегі де жоқ шығар. Ол үшін махаббат жайлы әрбір екінші өлеңді оқысаңыз да жеткілікті. Сіз де көз жасыңызды бір сығып алып, өмірден безіп кетердей халде болып шыға келесіз. Ал оның кімге керегі бар. Жо-жоқ, адам баласына сөзсіз керек. Алайда, бастан кешкен сезім мен көңіл-күйді ғана жырлау керек емес пе?!
Мынаны білу керек. Сөздің құдіреті болады. Қазақта "Жақсы сөз-жарым ырыс" - деген сөз бар. Осы сөзден үлгі алу керек. Әр ақын өз жасына сай өлең жазып, қалам тербегені дұрыс болар. Әйтпесе, жастың қайсысы, қарттың қайсысы екенін ажырата алмайтын күйге жеттік. Жүректе от бар тұста еліміздің өркендеу жолында ат салысқан дұрыс. Әсіресе, өлеңмен.
Сурет:old.wallcoo.net