Әлем әдебиетіндегі қапаста жазылған шығармалар
(Әлем әдебиетіндегі түрме шығармашылығының зерттелуі жайында)
Жалпы әлем халықтары әдебиетіне ортақ әдеби циклдың бірі – түрме шығармашылығы. Яғни, түрмеде жазылған шығармалар легі. Әдебиеттану ғылымындағы бұл циклдың басты ерекшелігі – қапаста жазылғаны. Түрме шығармашылығы әдебиеттанудың жеке тарауы ретінде өзге елдерде әлдеқашан қалыптасып, әдебиет тарихы контексінде қарастырылып келеді. Біздің қазақ әдебиеттану ғылымындағы кенжелеп қалған мәселе - осы. Ұлттық әдебиеттегі түрме шығармашылығының қалыптасу тарихын, генезисін, даму барысындағы тенденциясы мен перспективасын, жанрлық эволюциясын, поэтикалық ерекшеліктерін нақты ғылыми деректермен дәлелдеу үшін осыған дейін бірсыпыра мақалалар жазғанбыз. Осы жолы қарастырып отырғанымыз – әлем әдебиетіндегі түрме шығармашылығы циклының зерттелуі.
Шетел әдебиеттанушылары тауқыметті тағдыр арқалаған жекелеген азаматтардың азапты өмір жолдарын зерттеу нысанына айналдырып, ғылыми тұрғыдан тұжырым жасап, ғылыми процеске енгізіп те үлгергенін көптеген зерттеу жұмыстарынан байқаймыз. Мысалы, Мәскеудегі М.Горький атындағы Әлем әдебиеті институтының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Акимушкина Е.О. «Тюремная лирика в персидской литературе ХІ-ХІV в.в: генезис и эволюция» атты диссертациялық еңбегінде шығыс халықтарының әдебиетін басшылыққа алып, парсы әдебиетіндегі түрме шығармашылығына тоқталып, түрмеде жазылған шығармалардың жазылуына, тіліне, көркемдік ерекшелігіне қарай бөліп көрсетсе, ғалым Черкасова Ю.Ю. «Миф в контексте тюремной субкультуры» (на примере российской тюремной мифологии) деген еңбегінде түрме шығармашылығының генезисін, мифофольклорлық сипатын, мәдениетін философиялық тұрғыдан қарастырса, орыс қаламгерлерінің эмигранттық кезеніндегі шығармашылығын зерттеп, талдаған белгілі ғалым Т.П. Буслакова болатын. Әдебиеттанушы 1920-1990 жылдар аралығында кеңес әдебиетін басты нысанға алып, эмиграция өкілдерін зерттеп, «түрме шығармашылығы» деген арнайы тарау бар екенін ғылыми айналымға енгізді. Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Түрмеге тоғылып, қапаста еріксіз қалам алып, абақтыда классикалық шығармалар жазған испандық Мигель де Сервантес (1575-1580) бес жыл жазықсыз жапа шеккен. Сервантестің әйгілі «Дон Кихоты», Джон Баньянның «Пилигрим саяхаты», Оскер Уайльдтың «Түрмедегі тәубесі», Николо Максиавеллидің «Тақсыры» түрмеде жазылған. Италияның көрнекті ойшылы, қаламгер, Италия Коммунистік партиясының негізін қалаушы Грамши Антонио (1891-1937) 1926 жылы жиырма жылға саяси қызметі үшін бас бостандығынан айырылып, абақтыға жабылған. Түрмедегі әрбір күнін қағазға түсіріп, хал-ахуалын өлеңмен білдірген ақынның шығармалары «Түрме дәптері» атауымен Турин қаласындағы Эйна-Уди баспаханасынан 1948-1951 жылдары жарық көрсе, 1959 жылы орыс тілінде жарияланды. 1991 жылы аудармашы К.Пантинимнің құрастыруымен толық нұсқасы оқырманға жол тартқан.
Түрік әдебиетінің классигі Назым Хикмет 1938 жылы 28 жылға сотталып, 17 жыл түрмеде отырды. Абақтыда "Адам панорамасы" тарихи дастанын, "Түрмеден жазылған хаттар" атты өлеңдер топтамасын, "Махаббат туралы аңыз", "Жүсіп – Зылиха" пьесаларын жазды. 1950 жылы түрік үкіметі оны түрмеден босатып, 1951 жылы Отанын тастап, Мәскеуге қоныс аударады.
Әдеби байланыстарды зерттеген профессор Хасен Әдібаев татар әдебиетінің көрнекті өкілі, әлем әдебиеті тарихындағы түрме шығармашылығының классигі Мұса Жәлел жөніндегі аңдатпасында: «Мұса Жәлелдің (1906-1944) есімі Николай Островский, Баубек Бұлқышев, Абдолла Жұмағалиев есімдері сияқты өшпес даңққа бөленді. Екінші дүниежүзілік соғыстың бір шайқасында (1942) жаралы жауынгерді фашистер тұтқынға алады, азаптайды, айуандық қатыгездіпен қинайды. Әйтсе де жан түршігерлік азап жалынды ақынның жігерін жасыта алмайды. Жәлел жасырын ұйым құрып, тұтқыннан құтылудың қамын жасайды. Біліп қойған жау ақынды Моабит абақтысына қамап, тағы азаптайды, бірақ есіл ер жолдастары туралы тіс жарып, сыр ашпайды. Мысы құрыған қас дұшпан патриот ақынды 1944 жылдың тамыз айында дарға асады.
Өзінің замандасы Абдолла Жұмағалиев пен Баубек Бұлқышев тәрізді Мұса Жәлел соғыстың алғашқы күндерінен бастап басқыншыға деген кекпен суарылған жалынды жыр жазады. Тұтқынға түскенде де ол жыр тасқынын тоқтатпады.
Ерлік елден шығады. Ақын өмірден кеткенмен, асыл жыры мәңгі қалды. Бүгін де азамат-ақын арамызда, бүгін де оның жыры ерлікке шақырады. Жәлелдің майданда, лагерьде жазған жырын тұтқында бірге болған Бельгия азаматы Тиммерманс сақтап, соғыстан кейін ақынның Отанына табыс еткен-ді.
«Моабит дәптері» – патриот ақынның қаламынан туған отты жыр, Отанға арналған гимн іспетті. Аласапыран жорықта, тұтқында туған жыр – ақынның ерлігіне куә, азаматтығынан мұра. Жеріңе, еліңе деген шексіз махаббаттың, асыл рухтың ескерткіші. Туған еліңе деген адалдық пен ақиқаттың ақ ордасы: бақыт та сонда, қуаныш та сонда. Отансыз өмір тұл. Миллиондаған перзентін анадай аялаған туған жер әділеттің асыл жанарындай. Қайда жүрсең де, көкірегіңде лапылдаған шексіз махаббат оты саған қуат, жігер береді. Туған елін сүю – Жалел жырының жетекші әуені. Ақын жауыздық пен жақсылықтың арасындағы мәңгі күресті әсерлі бейнелейді; көкірегінде бұлақсыған кек әлі алаулап тұр.
Шығарма аттары да батыр ақынның жаумен ымыраға келмейтінін, соңғы тынысына дейін күресуге дайын екенін дәлелдейді. Фашистердің айуандық қылмысын әшкерелеген «Тағылық», «Қасқырлар», «Түрме күзетшісі» сынды жыр жау қолына тисе, әрине, аямаған болар еді. Бірақ ақынды еш нәрсе қорқыта алмады, жалынды жырға ешкім бөгет бола алмады. Жырда фашистердің жиіркенішті қылықтары әшкереленеді, қаһарман ер-азамат мадақталды. Әлемді қаптаған қара күш – фашизмді жеңетін қуат иесі – әділетшіл адам. «Аяқсыз адам», «Болат кейде», «Кешір, Отаным» сынды кекті жыр азамат-ақынның қайсар мінезін танытады.
Мұса Жәлел неміс халқына қара бояу жағудан аулақ. Германияның бай тарихына, кемеңгер адамына ілтипатпен қарап, фашизмге үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын, олардың мұрасы адамзат мәдениетіне қосылған үлес екенін ескертеді. "Алман еліңде" атты өлеңінде Гете мен Бетховеннің, Маркс пен Тельман есіміне тағзым еткендей.
«Моабит дәптері» жорықта, тұтқында сиямен емес, ақынның қанымен жазылды. Қапаста, өлім мен өмірдің арасында жыр жазудың өзі ерлік, жеңіске, туған елге сенудің куәсі еді. Ақын бостандық таңының арайлап атарына бір сәт күмәнданған жоқ. Арайлап атар таңды жырға қосты, аңсады. «Гүлдер», «Соғыстан соң», «Қуанышты қарсы алып» сынды өлеңдер бейбіт өмірді жырлайды.
«Моабит дәптері» – жыр-қиял емес, жыр-күрес. Бүгін де соғыс өртіне қарсы күреске шақырады, бүгін де соғысқұмарды әшкерелеп, жалын атады. Бүгін де Отанын, отандастарын жырлайды. Туған еліне деген сенім әлі ұшқындап тұр. Кезінде қапастағы жолдастарына жігер беріп, батыл күреске шақырған жыр бүгін де күрескер қалпынан ауған жоқ. «Досыма» деген жігерлі жырында:
Жалын деп жүрегіме береді нәр,
Отанның шаттанамын жеңісіне.
Ойлама жеңемін деп мені, жаулар,
От қойып көңіліме, өрісіме, (аударған Ж.Сыздықов) - деп, жеңімпаз рухты шабыттана жырлаған еді.
Жәлел ерліктің, азаматтықтың үлгісін көрсетті. Ол дардың алдында тұр. Қарақұстай түнеріп, жендеттер төніп келеді. Кеудесін тік көтеріп алған ақынның жүрегінде жыр нөсері буырқанады: «Жеңіп шығам сендерді» деген ақын сөзі айнымай келеді. Фашистер сазайын тартты. Ал ақынның нұрлы жүзі мен жалынды жыры мәңгі қалды» деп жазған. Бүгінгі таңда М.Жәлел шығармашылығы – дүниежүзі халықтарына ортақ шығармаға айналды емес пе?!
Әлем әдебиеті тарихындағы түрме шығармашылығының тағы бір көрнекті өкілі, революционер-демократ ақын Т.Г. Шевченко. Украиналық ақын абақтыға қамалған сәтінен бастап өлең жазып, сурет сала бастаған. Ақынның атақты «Түс» поэмасы, «Үш жыл» өлеңдер топтамасы түрмеде жазылған. Жалпы ақынның жүздеген өлеңдерін, жиырмаға жуық поэмаларын, тоғыз повесін қапаста жазған болатын. Ақынның азапты өмірі туралы профессор Ш.Сәтбаева: «Шевченко – қысқа да азапты өмір сүрген ақын. Ол 47 жылдық өмірінің алғашқы 24 жылында крепостнойлық-басыбайлылықтың тұтқын болды, он жылын айдау азабында өткізді, тек 13 жыл ғана біршама еркіндеу ғұмыр кешті. Осындай ауыр өміріне қарамастан, ол өзінің асқан дарындылығымен, бостандық сүйгіштігімен көзге түсті, осы қасиеттерінің арқасында ең озық ойлы ақын, реалист суретші, революционер-демократ, батыл күрескер бола алады» дейді. Осы Т.Г. Шевченконың шығармашылығы сан түрлі атаумен біраз диссертациялық еңбекке айналды. Украина әдебиетіндегі түрме шығармашылығы циклының алғашқы өкілдері қатарын бастап тұрған да осы ақын.
Түрме шығармашылығы жазылу жағынан проза, поэзия болып екіге бөлінеді. Әлем әдебиетінде осы екі жанры да толыққанды зерттелген. «Түрме лирикасы», «Түрме прозасы» деген ғылыми түсінік те бар. Мысалы, ғалым Малова Ю.В. «Становление и развитие «лагерной прозы» в русской литературе ХІХ-ХХ вв» деген монографиясында түрлі айыппен түрмеге қамалып, нақақтан-нақақ азап шегіп, тас түрмеде отырып проза жанры бойынша қалам тербеген орыс қаламгерлерінің шығармашылық зертханасын зерттеу нысанына айналдырып, түрме прозасы концепциясын нақты көрсеткен.
Әдебиет те адам секілді өмір сүреді. Белгілі бір уақыт аралығында жаңарады, жасарады. Кей мезетте қолданыстан қалады. Міне, түрме шығармашылығы циклы әлем халықтарының әдебиеттану ғылымында күрмеуі шешілген мәселе болып отыр. Қазақ әдебиеті де әлем әдебиетімен қатар дамып, жаңарып отырады. Енді біздің әдебиеттану ғылымымызға түрме шығармашылығы ұғымын енгізіп, оның барлық жанрын толыққанды қарастырып, әлем әдебиетімен салыстыра-салғастыра талдау қажет.
Автор: Елдос Тоқтарбай
Сурет: tourism.gipoteza.net
Оқи отырыңыз:
Қазақ әдебиетіндегі «түрме шығармашылығы» туралы түсінік
Қазақ әдебиетіндегі «түрме шығармашылығы» туралы түсінік #2
Бүркіт Ысқақовтың түрмеде жазған жырлары
Түрме шығармашылығы тарихының кезеңдері мен ерекшелігі