Әлібек Байбол. Фантаст

Әлібек Байбол. Фантаст

Ғылыми фантастика (ағылш. scіence fіctіon – ғылыми туынды) — көркем әдебиетте, сондай-ақ кино, кескіндеме, т.б. өнер салаларында қалыптасқан жанр.

Қазақ ғылыми фантастикасы, басқа да әдеби жанрлар тәріздес, әуелі жұртшылықты ғылым негіздерімен етене танысуға шақыруға түрткі болуы тиіс. Фантастика жанры және қазақтан шыққан тұңғыш фантаст жазушы Нарбин Кенжеғұлованың шығармашылығы туралы жазушы, әдебиеттанушы Әлібек Байбол редакцияға көлемді мақала жолдаған екен.

***

Фантаст

 

«Фантастика – қоғамның қозғаушы күші».
Айзек АЗИМОВ.

Фантастика жанры қазаққа аса таңсық емес. Себебі, тым бай әдеби мұра есебіндегі аңыз-әңгіме, ертек, әпсаналар – бұған бұлтартпас дәлел. Айталық, Ер Төстік, Тазша бала, Қаңбақ шал, Керқұла атты Кендебай, Таусоғар, Көлтауысар, Желаяқ, Саққұлақ, Мақта қыз секілді кейіпкерлерді білмейтін қазақ оқырманы жоқ шығар, сірә. Ғылым әлі үстемдік құрмай тұрған тұста миф пен политеизм алға озғаны белгілі. «Жер мен Көкті мүйізімен көтеріп тұрған бір алып Көк өгіз бар. Ол өзіндей бір үлкен балықтың үстінде тұрады. Көк өгіз шаршап, жерді бір мүйізінен екінші мүйізіне ауыстырғанда жер сілкінеді. Екі мүйізі сынса ақырзаман орнайды» деген ұғымның туындауы сол баяғы – қиял жүйріктігі. Яғни қиялдау, армандау – мидың қызметі ғана емес, ол – жақсы өмірді, жайлы тұрмысты аңсаудан, болашаққа үлкен сеніммен қараудан туындаған дүние. Халық ауыз әдебиетінің, фольклордың жазба әдебиетімізге ықпалы орасан болғаны айтпаса да белгілі. Басқа жұртта да солай...

Мәселенки, Гомердың «Одиссеясы», Овидийдың «Метаморфозалары», арабтың «Мың бір түн» ертегісі, Ф. Бэконның «Жаңа Атлантидасы», Ж. Верннің «Сырлы аралы», Г. Уэллстың «Уақыт машинасы», А.К. Дойлдың «Жоғалған әлем», Э. Берроуздың «Тарзан», Р. Брэдберидың «Марс хроникалары», С. Кингтың «Лизидың тарихы» секілді фантастикалық шығармаларын атауға тиіспіз. Ал, қазақ фантастикасы дегенде ауызға алдымен А. Машани, М. Сәрсеке, С. Ғаббасов, А. Мархабаев, Ш. Әлімбаев, Ш. Әбдіраман, Р. Бектібаев, Т. Шоханов, Ж. Сахиевтер ілігеді. Және тағы бір жазушы бар. Ол – қазақ әдебиеті тарихындағы әйелден шыққан тұңғыш қиялгер-қаламгер Нарбин Кенжеғұлова.

Ол – өзінің фантастикалық шы­­ғармаларында адамның сан түр­лі шаттыққа да, қайғыға да то­лы тағдырының әлеуметтік таби­ға­тын психологиялық һәм фило­софиялық сыпатымен беретін автор. Жазушының Жандүние атты Ғаламдағы мейірімділік, қайы­­рымдылық, жомарттық, мәрт­­­тік, кешірімділік, еңбек­сүй­гіш­­тік секілді асыл қасиеттермен бір­ге жексұрындық, сұрқиялық, екі­жүзділік, қызғаншақтық, күн­шілдік, сатқындық, мансапқор­лық, пай­дакүнемдік, тұрлау­сыз­дықты кес­телеудегі шеберлігін көркем про­­­за жанры: роман, повест, әңгі­ме­лерінен аңғару қиын емес. Ол өз әң­гі­мелеріндегі Өмір де­ген кеңіс­тіктегі барша тіршілік ие­сінің әр­бірі­не тән өзіндік орны, түйсік-та­нымы, ұстанымы, қа­рым-қабілеті бо­латынын жан-жақ­ты дәлелдеуге ұм­тылады.

Мы­­салы, автордың «Жо­ғал­ған ауылы» – фантастикалық болғанымен де әлеуметтік астары қа­лың роман. Себебі, Н. Кен­жеғұ­лова он­да екі түрлі әлемді көр­­сетуге ты­рыс­қан. Біріншісі – өзінің бірқалыпты тіршілігінен айнымаған ауыл, ал екін­шісі – пойыз секілді алға зыр­ғыған прогресс, технокра­тия. Ав­тор­ға сал­сақ, кез келген апат­­ты, кез келген орны толмас сұм­­дық ала­сапы­ранды адам атты жа­ратылыс өз қолымен жасайды екен. Фан­таст-жазушының кейіп­керлері сан түрлі тосын оқиғалар мен күр­меуі қиын жағдаяттарға тап болып, ше­шуін де өздері іздейді.

Кісі сана­сы жете бермейтін тылсым әлемнің құпиялары, адам­зат дамуына байланысты гипотезалар ойлы оқыр­манды бей-жай қал­дыр­масы анық. Автордың бұл роман­дағы ұтатын же­рі – сюжет. Туынды жеңіл және тез оқылады. Кіді­ретін, кібіртік­тей­­тін жері аздау. Жоламан, Айжан, Арсен, Үмітжан, Сәлима, Қа­­­­дырғали, Қайсар, Шәкір, Самат, Сатыбалды, Роза және т.б. кейіпкерлер – сол сюжеттің қозғау­шы күші іспеттес. Қаламгер әр бейненің ин­теллектуалдық дең­гейіне, болмыс-бітіміне, ойлау, са­раптау, тану, қабылдау, сөйлеу мә­неріне қарай сөздік, психо­ло­гиялық ерекшелігі болатындығын ерекше ескерген-ді. Жазушы пер­сонаж мінез-құлқын даралау­дың әдіс-тәсіл­дерін, тың жолдарын да қапысыз меңгеру арқылы оның психологиясын, не іс-әре­кет, қимыл-қозғалыс үстінде, не сөйлеу, ойлау барысында аша түседі. Оны сезім толқыныстары, тол­ғаныстары, ішкі тербелістері кезінде, әлде сырт-келбет, пішін-по­шымын си­пат­тау кезінде ай­рықша аңғарамыз.

Ал, автордың негізгі айтпақ ойын ор­талық кейіпкер – Мұраттың аузынан естиміз. Ауыл­ға бойы итпен бірдей егеу­құйрық­тар мен үлкен өрмекшілер ша­буыл­дайды. Шығарма Голливуд түсіріп жүрген блокбастерлерше әсер ететінін қайтесің. «Жоғалған ауыл» ро­ма­нының түйіні – «Но самое главное, мы поняли, что наша судьба в наших собственных руках...». Шынында да, әр нәрсе адамның ниетінен, пейіл-пиғылынан екен ғой. Егер ниет түзу болса, онда жамандық та бізден аулақ жүретіні белгілі!..

Жазушының «Жаңа жұлдыз­дың жарылысы қарсаңында» атты хикаяты да оңаша ойларға толы. Туынды: «Корабль уже подходил к границам Солнечной системы. Скоро захлопнутся космические кап­сулы, корабль уйдет в нуль-пространство и, развив абсолютно дос­тупную скорость, всего за неско­лько месяцев преодолеет тысячи, миллионы парсеков прост­ран­с­тва и достигнет соседней Га­­лак­тики...», – деп басталады. Мұ­ны ғылыми фантастикалық шы­ғармалардың қатарына қоса аламыз. Өйткені, ондағы терминдер, ұғым-түсініктер, ғылыми болжам­дар сондай қорытынды жасауға негіздейді. Қайсар, Осида, Линда мен Вадим атты кейіп­керлер ға­рыш кеңістігіндегі «бел­гісіз объектке» жолығып, оны зерт­теуге көшеді.

Қиялгердің бұл хикаяты орыс тілінде жазылса да, қаза­қы танымнан алыс емес: «Кайсар вел свою родословную от казахско­го народа. Имя его в переводе из древнего родного языка означало «упорство». Бала кезінде археолог боп, Отырар кітапханасын табуды арман еткен Қайсар біраз ғасырды артқа тастап, Қайыр хан заманына сапар шегеді. Жазушы әр кейіпкерге мінездеме беру арқылы, олар­дың арман-аңсары мен дүниетанымын аша түседі. Хи­каят­тың жан-жүрегі, жүйкесі – де­таль. Фантаст бұл туындыда адам­ өзінің шыққан тегін, та­рихын, жүріп өткен жолын ұмыт­пауға шақырады. Бұл ғы­лыми фантастикалық хикаят ересектермен қатар, балалардың да қолайына жағады деген ойдамыз. Се­бебі, біріншіден, танымдық, екін­шіден, оқуға жеңіл, ал үшін­шіден кейіпкерлері – балалар. Ағылшынның әйелден шыққан Әлемге әйгілі жазушысы – Джоан Роулингтың «Гарри Поттер» сынды қиял-ғажайып романы көпті таң қалдырған еді. Оның ұтқан жері – баланы қызықтыра алған­ды­ғында. Сол секілді, Нарбин Кенжеғұлованың да өз оқырманы бар екеніне сенім мол.

Әңгіме – қаламды қару еткеннің бәріне тегіс ырқына көне бермейтін күрделі жанр. Осы ретте, жазу­шының «Ізгілік аспаны ас­тын­­дағы үш күн» шығармасын сәтті шықты деуге негіз бар. Бей­мә­лім қонақ – Арен аяқастынан Кө­гілдір планетаға түсіп кетеді. Бұ­ған дейінгі оның өмірлік ұста­нымы – «Сен берген сертіңе адал болуың керек. Бар мақсатың – сол үшін жаңа жерлер, тың байлық көз­дерін табу. Оған жеткізетін жал­ғыз сенімді досың – қаны қа­райған қастық, қырып-жою. Ал жалғ­ыз дұшпаның – аяушылық... Бүкіл әлемде бізден күшті, айлалы әрі қатыгез ешкім жоқ. Біз – Әлем әміршісіміз!..». Осынау бір сенім­мен Көгілдір планетаға аяқ басқан Арен мұнда Жер өкілдерінің игі істерге жұмылып жүргеніне куә боп, қатты таңырқайды. Бұған дейін мейірімділік, ізгілік атаулысына қаны қас ол өз еліне әсем­дік­тің қандай екенін саналы тіршілік иелеріне ұғындырып, жа­­­қыныңа тек жақсылық қана ой­лау керектігін жеткізуге асы­ға­ды. Бас-аяғы жұп-жұмыр әрі шағын әңгіменің айтар ойы – терең. Автор мұнда адами құндылықтар­ды алғашқы планға шығару ар­қы­лы оқырманға ой салады.

Шы­ғарма өзегі – гуманизм. Арен мен оның ортасы арасындағы сюжеттік байланыстар адамдар арасындағы қарым-қатыстың күрделілігін айғақтайды. Жазушы солардың тыныс-тіршілігі арқылы қоғам шын­дығын өткір бейнелейді. Әң­гімеден байқалатын тағы бір сыпат – оқиғаның даму ретіне қарай кейіпкерлердің, кейде автордың фи­ло­софиялық ой түюге икемділі­гі. Орыстың ұлы фантаст-жазу­шысы И.А. Ефремовтың «Андромеда тұмандығы» романына барар жолда» атты мақаласында: «Уақиға болатын жер мен уақыттан ауытқу, әсіресе, қиялгерге жайсыз тиеді!..», – деп жазыпты.

Шығармагер мұны­мен не айтпақ болды?.. Оның кө­кейін­дегісі – автор қаншама қиял­­дана берсін, мейлі, бірақ оның туған топырағына, планетамызға, жалпы адамға қатысы бол­маса онда – құны бес тиын. Ра­сында да, қаламгер әу баста ой­ға алғанын толық әрі жан-жақты ашып, талдап, талғап, сұрыптап барып қана соңғы нүктесін қояды екен. Әгәрәки, идея ашылмай қалса, ол солқылдақ сю­жетке ұласып, нәтижесінде нәр­сіз дүниеге айналмақ. Про­заның ең зифа, мауы тым көп әрі қиын жанры – әңгіме ғой. Про­заның керемет-ғажайыбы турасында орыстың ұлы жазушысы Константин Паустовский былай депті: «Нағыз қуатты, нағыз күшті проза – жинақы проза. Одан басы артық, айтпауға болатын жайдың бәрі алынып тасталғанда ғана, айтпауға болмайтын ақиқат қана қалады. Жинақылық – мықтының ісі». «Ғарыштың аманат баласы» әңгімесінің композициясы – нұс­қалы әрі қызықты. Шығарма оқу­шысын үйіре жетелеп отырады. Туындыда тұтастық бар. Оның сыры – автордың өмірді жақсы білуін­де, тануында деп ойладық. Әң­гіменің идеялық-көркемдік са­пасы, көркем шындықты көрсе­ту­дегі табиғилығы, шынайылығы, нанымдылығы, бейнелеу кезіндегі бояу қанықтығы мен ой тереңдігі, аталмыш жанрдың ішкі мүмкін­діктерін пайдалануы айтарлықтай дегіміз келеді. Қуантарлығы – шы­ғар­маның өзегі бар, арғы жағында идея менмұндалап тұрады.

Демек, мұндағы жанр тек фон қыз­метін ғана атқарып тұр. Туынды финалы әсерлі шыққан: «Сәс­кеге тырмысып қалған күн айналаны алтын нұрға бөлеп, жар­қы­ратып жіберді. Өмір бойы зарыға тілеген сәбиін бауырына қыса түскен Ана алтын құмды жалаңаяқ кешіп ке­леді. Әлдеқалай айрылып қала­тын­дай жұдырықтай шарананы бауырына баса түседі. Жаңа туған ботасын қызғанған аруанадай жан-жағына секемдене, үрке қа­райды. Бірақ қойнындағы сәбидің тегін бала емес, Ғарыштың аманат баласы екені Үнзираның қаперіне кіріп те шыққан жоқ еді...». «Асыл сөздің» жалғыз-ақ міндеті бар. Ол – бақырбастының жан саулығын сақтап қана қоймай, оған рухани қорек беру. Кез келген ұлттың арман-аңсарын, оның жанын, ой-са­насын жалпақ Жаһанға танытатын – әдебиет. «Әдебиет – ардың ісі» дейміз ғой. Бәсекелестікті, біреуді-біреу басып озуды ойлап аласұрған кезеңде өмір сүріп жүр­гендіктен, мына тіршілікте ар-ождан, ұят, адамилық, аяушы­лық секілді ізгі қасиеттерді ойлап оты­ратын уақыт аздау. Ал, мұн­дай­да адамға әдебиеттен өзге ештеңе де көмектесе алмақ емес. Қоғамды арақкештер мен нашақорлардан, пасықтар мен парақорлардан, жал­қаулар мен тоғышарлардан, без­бүйректер мен нойыстардан тазартамыз, Адам деген жаратылысты азып-тозудан сақтаймыз десек, ең әуелі әдебиетке көңіл бөл­геніміз жөн. Сол себепті, «асыл сөз» – қоғамды, елді, ұлтты сауықтырушы күшке ие. Осы ретте, жазу­шының аталмыш әңгімесі оқыр­манға ой салып қана қоймай, ке­леңсіздікті сөзбен кестелеп беруімен де ерекшеленеді.

Автордың мынау дүр­мек­ке толы дүниеден шындықты іздеу жолы, дәстүрлі ұғым мен әлем­дік сана ықпалынан туын­даған жаңа дүниетанымның ара-қатынасы, өзгермейтін құн­дылықтар сыпаты мен кейіпкер типін жасаудағы өзіндік ізденістері сүйсінтпей қоймады. Оның қаламгер ретіндегі шеберлігін ең алдымен тақырып таңдай білу ерекшелігінен байқай аламыз. Фантастикалық туындыларының өзінде ара-тұра қазақ жер-су атаулары ұшырасып жатады. Оның әңгіме, повестерімен танысқан оқыр­ман өзін күнде мазалайтын сан сауалға жауап таба алатынына кепілміз. Жазушы өзінің әңгіме­леріне жекелеген адамдар тағды­рын арқау етумен қатар, бүкіл әлеуметтік өмірдің жетістігі мен ке­міс­тігіне, жалпы қоғамның да­му барысына, адамның моральдық болмыс-бітіміне философиялық тұрғыдан талдау жасайды. Махаббат пен сезім бұл – қаламгер әңгі­мелеріндегі негізгі желі, көркем интуицияның шыңырауында ұй­лық­қан ұлы көңіл ауаны, кісіге тән Тағдыр сыйы дәрежесінде шен­дестірілген көркем-эстети­калық суреттеу жүйесінің жиын­ты­ғы иіріліп келіп ой шүйкесі қыз­метін атқармақ. Осы орайда, Шың­ғыс Айтматовтың мына бір сө­зі естен кетер емес: «Искусство – особая форма сознания, которой дано закрепить миг бессмертия». Өзіндік ізденіс ізі бар, жазу стилі қалыптасқан қаламгердің қолтаң­басы айқын, айтар ойы анық. Фантастика – қазақ әдебие­тіндегі қиын әрі кенжелеп қалған жанр.

Демек, оған баратындар да саусақпен санарлық. Қиялгер-жазушының «Мойылқара», «Қиын шешім», «Три дня под небом добра», «На пороге ада», «Дорога ни­куда», «Дорогу осилит идущий», «Жерұйыққа саяхат», «Қы­зыл сәуле» секілді жинақтары мен «Ұлттық сана және мәдениет», «Этнопедагогика», «Основы публицистического творчества», «Жанровые формы и функции журналистики» секілді кітаптары көзіқарақты оқырманға таныс емес деп айта алмас ек. Бұған қоса, Н. Смағұлқызы шебер аудармашы. Ол қазақ жазушыларынан Дүкен­бай Досжан, Адам Мекебаев, Сейіт Кенжеахметұлы, Төлен Әбдік, Тал­ғат Айтбайұлы, Көпен Әмір­бек­терді, ал шетелден Ливияның бұрынғы Президенті Муаммар Каддафидің «Жасыл кітабын» тәржімалаған. Жазушының бұл жанрға ден қоюы бала кезден бас­талыпты. Оған көңіл аудартып, қызығушылығын оятқан ағасы – Жәкен Кенжеғұлұлы екен. Содан кейін қаламгер фантастиканы жан-тәнімен жақсы көріп, әдеби және ғылыми журналдарды тынбай оқып, сол тақырыпты зерттей бастапты.

Қаламгер бір сұқба­тында: «Бірде ағам үйге Герберт Уэллстің «Уақыт машинасы» атты романын әкелді. Ол менің жан-дүниемді тебірентті. Мен ғылым аша алмаған көптеген нәрселердің бар екенін түсіндім де, ғалам­шары­мыздың беймәлім қырларын зерттегім келді...», – депті.

Нарбин Кенжеғұлова Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Алексеевка селосында (Қазіргі Қазымбет ауылында) туған екен. 1966 жылы Үржар селосының Крупская атын­дағы орта мектепті тамамдаған. 1974 жылы Қазақ мем­лекеттік уни­верситетінің Жур­налистика фа­культетін бітірген соң, 1978-1986 жылдары аралы­ғында «Се­льс­кое хозяйство Казахстана» – «Қазақстан ауыл шаруа­шылығы» журналында бөлім меңгерушісі, 1987-1988 жылдары Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап сау­дасы істері жөніндегі Мемле­кет­тік коми­тетінде жетекші маман, 1988-1989 жылдары Респуб­ли­ка­лық Кі­тап палатасында ди­рек­тордың орынбасары, 1989-1994 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында Көркем аударма және әдеби байланыстар алқасында Бөлім мең­герушісі боп қызмет істеген. әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық уни­верситетінің Журналистика фа­культетінде ұстаздық қызметте болды. Ал, бүгіндері ол кісі «Тұ­ран» университетінің «Жур­налис­тика және аударма» кафедрасында дәріс сабақ береді. Филология ғылым­ының кандидаты, доцент Нарбин Смағұлқызы – журналис­тика теориясын, аударма, қоғам­мен байланыс (PR), жарнама мәселе­лерін зерттеумен қоса, әде­биет, педагогика сала­сын­дағы оқу құралдарының, бас­қа да басылым­дар­дың, 200-ден астам ғылыми, журналистиканың түрлі жанрында жазылған бір мыңнан астам публицистикалық мақалалардың авторы. 2016 жылы «Дәуір» баспасында жазушының орыс тіліндегі диссертациясы ізі­мен жазылған «Де­кабрьское восстание 1986 года» атты кітабы жа­рық көрген. Қалам­гер өзінің жур­налистік, жазушы­лық, аудар­машылық, педагогика­лық еңбек­тері үшін көптеген сыйлықтармен марапатталған. Солардың ішіндегі ең қомақ­ты­­лары – үздік фантастикалық туындылары үшін Халықаралық «Ағайынды Гонкурлар» сыйлығы, Қа­зақстан Республикасының Жур­­налистика Академиясы тағайындайтын ең жоғарғы сыйлық – «Алтын самұ­рық», үздік фантас­ти­калық әңгімесі үшін Халықара­лық «Дарабоз» жүлдесі. Қаламды қару еткендер – әу бастан-ақ қо­ғам қыбыла­на­машылары.

Жазушы авторлық идеяны ашып айтпай­ды, керісінше іс-әркеті мен адам­дық болмыс-бітіміне қарап оқыр­ман қауым өзі танып, түсініп ал­сын дегенге меңзейді. «Күш атасын танымас» дегендей, фантаст тақырып таңдау кезінде қо­рық­пайды да тартынбайды. Шығармашылық адамына бұл қа­сиеттің қанша­лықты қажет екені турасында Ван Гог былай дейді: «Работать быстро не значит работать менее основательно – тут вес за­висит от опыта и уверенности в се­бе». Яғни, өнер адамына тәжі­ри­бе мен өзіне-өзі деген сенім аса қажет. Жазушы елдің асқын­ған індетін көр­ген­де өмірлік шын­дықты көркем шындыққа айналдырып, қоғам­ның төтеп беруге күші жетпей тұр­ған заңсыздық атаулысын әшкере ету жолында ба­рын салады. Көңілі таза қалам­гер қоғамды да таза болса екен деп тілейді, іштен. Себебі, ұят-ождан­ды, намысты тірлігінің тірегі еткен кісі, ешқашан әлсізге қол көтермек тұрмақ, жәндікті де басып ке­туді қылмыс санайды. Ол өз елі­не, өз жеріне, өз салт-сана, ғұр­пына қайшы әрекеттерді кешіргісі жоқ. Қайта өткір сынның жебесін көздеген жерге тигізіп барып қана жаны жай табады. Әке қанымен, ана сүтімен бойға дарыған адами қа­сиет қашан да бәрінен биік тұрмақ. Қуатты жүрекке себілген адам­дық атты дән дүниені өрт шал­са да жоғалмақ емес. Соған сай, әркімнің бұл өмірде өз миссиясы бар. Осы тұрғыдан келгенде, жазушы Нарбин Кенжеғұлова өзіне артылған ауыр міндетті абыроймен атқарып келеді. Оған патша көңілді оқырман куә!..

А. Оралқызы