- Негізгі бет
- Сын
- Ақын Алмас Темірбай...
Ақын Алмас Темірбай поэзиясындағы тас семантикасы
Тас көркемдік семантикасының әдебиеттегі мәдени сабақтастығы туралы тереңдейтін болсақ, түп-түбіне оңай жете қою қиын. Шығыс поэзиясында да, батыс поэзиясында да жақұт-гауһар, інжу-маржанның көркемдік қолданысы ілкіден бір басқа. Алайда, ой-қиялыма кенет көлбей еніп, қызықтыра ойнап, құбылып суретін салған асыл тастардың емес, кәдімгі қара тастың поэзиядағы көркемдік қолданысы болды.
Таскерең қоғам түсінсін қайдан сырымды,
Тасбауыр тірлік. Тасжүрек тағдыр. Тас – бәрі... – деп жырлаған ақын Алмас Темірбай өлеңіндегі фразеологизмдер градациясы мен балау-түйіні өзіндік үлкен шыншыл полотноның қара-сұр бояуларын қанық етіп тұр.
Бұл жолы Алмас ақын поэзиясы туралы сөз шиырлаумен қатар, ақынның әдеби ортада дау тудырған «Бір түйір тас» өлеңі жайында кеңірек тоқталсам деп едім. Одан да бұрын, әлемдік жауһарларға біраз лирикалық шегініс жасайық.
Сизифтің тасы
Грек мифологиясының бір кейіпкері – Сизиф төл ертегілеріміздегі Таусоғардан несі кем. Бірақ ол Таусоғар сияқты күші тасығаннан тауды тауға соғып ойнамайды. Ежелгі грек аңызы бойынша, Сизиф Олимп құдайларына қарсы шыққан. Оның күнәсі – өмірге құштарлығы. Өлгісі келмеді. Алаяқ, қу Сизиф жеті тамұқтың түбіне түсуден жалтарып, сытылып кетеді. Құдайлардың қаһарына оңбай ұшыраған байғұс мәңгілік жексұрын жазаға кесілді. Ол енді дәу тасты күн демей, түн демей биік таудың басына домалатып шығарып отыруы керек. Мағынасыз, мәнсіз іс-әрекет. Құдайлар мына жарық жалғанда, өзі ауыр, өзі бос далбаса жұмыстан асқан қасірет жоқ деп ұйғарды.
Осындай аңыз-әпсаналар хас шебердің қиялына қонақтап, таңғажайып түсіне еніп, келесі сәтте, мінсіз кестесіне өрнек болып түсетіні жайлы толғанғанда, алдымен, ойыма Альбер Камю оралған.
Камюдің тырнақалды философиялық еңбегінің «Сизиф туралы аңыз» деп аталуында мән бар.
Бойындағы бүкіл күш-қуатын, ынта-жігерін салып тұрып, нән тасты тау басына әрең домалатып шығарғаны сол, анау болса, оп-оңай еңіске қарай домалай жөнеледі. Жазушыны сол тастың соңынан жек көрінішпен, асқан қасіретпен қарап тұрған Сизиф бейнесі қызықтырды. Камю пайымынша, қасіретті сезіну, оған деген ішкі қарсылықтың өзі - жеңіс.
Енді Сизиф тағдырын абстрактілі күйде алып қарастыралық. Тас – Сизиф тағдырының ажырамас бөлігі һәм қасіреті. Тіпті «маңдайдағы жазу» дейікші. Мына фәни жалғанда, шартты түрде, әркімнің арқасына артқан ауыр жүгі бар екені рас қой: «Тас керең қоғам түсінсін қайдан сырымды». (А.Темірбай).
Камю кеудесінде жаны бар саналының бәрінен Сизифті көрді. Оның пайымынша, өмірдің мәні – ертеңгі күн үшін күрес. Тас бауыр қоғам мен темір құрсаулы жүйенің тегеуірінді қыспағына түскенде, қиындық атаулыға төтеп беретін адам бойындағы қасиет – Жаратушыға деген сенім, оған қоса, адам бойындағы күрескерлік рух.
Алмас ақын:
Тас қайрақ құсап қайрасаң қайра, қара түн,
Топшысы тастай қиыла қоймас қанатым.
Түбінде мені ажалдан алып қалатын,
Тас жарып шыққан тасжарған гүлдей - талантым, - десе, Камюдің мәнсіздікпен күрес философиясының темірқазығы – жігер мен сенім мұнда да бар.
Мандельштам «Тасы»
Алмас ақынның «Тас мүсін түбіндегі ойлар» өлеңіндегі:
Тас көше, тас үй төрт құбылам да. Тас қала.
Тас лақтырып тұр көгершіндерге жас бала.
Тұрғындарының жүрегін тас қып жіберген,
Түрлі тастардан салынған түрлі баспана, - дейтін жолдарды оқығанда, Осип Мандельштам шығармашылығының өзекті идеясы еріксіз есіме түсті.
Мандельштам символизмді, оның қияли-абстрактілі, көмескі образдары мен бас-аяғы жоқ бет-бедерін жек көрді. Оның өзінің өлеңдегі нақты ұстанымы – ой айқындығы, образ айқындығы.
Мандельштам – акмеизм ағымының негізін қалаушы ретінде, өз заманында поэзияның бағыт-бағдарын басқа арнаға бұра алған құбылыс иесі болатын.
Тас феноменіне ессіз көңілі кеткен Осип Мандельштам өзінің тырнақалды жинағын «Тас» (1913) деп атапты.
Ақын «Notre Dame» (1912), «Айя-София» (1913) өлеңдерін жазғанда, алдымен, сәулет өнерінің тылсым құдіретіне құлай тәнті болғанын айтады зерттеушілер. Ол асыл сөздің салмағын осынау даңқты ғибадатханалардың мызғымайтын меңіреу тасына балапты.
«Сөз де тас сияқты салмақты, дерегі анық болуы керек» деген ақын тұжырымы әдебиетте сол, өзі негізін салған акмеизм ағымының басты мұраты болды.
Тастың тылсым сипатына дендеу ақынның «Падение – неизменный спутник страха» өлеңінде де бар:
Паденье - неизменный спутник страха,
И самый страх есть чувство пустоты.
Кто камни нам бросает с высоты,
И камень отрицает иго праха?
Ақынның бұл өлеңі орыс поэзиясының бір өкілі Ф.Тютчевтің «Probleme» (1828) өлеңімен үндес. (О.Лекманов. 2000). Тютчевті көрейік:
С горы скатившись, камень лег в долине.
Как он упал? Никто не знает ныне —
Сорвался ль он с вершины сам собой,
Иль был низринут волею чужой?
«Тастың өз-өзінен шың басынан төмен құлауына бір тылсым күш әсер еткен бе?» деген сұрақ мазалаған Тютчев үшін де сөз салмағы – тас салмағына бергісіз.
Орыстың даңқты екі ақынының аталған өлеңдерінде де Жаратушы құдіретіне деген ым жасырулы.
Алмас Темірбайдың «Бір түйір тасы»
«Жетелейді жерге Ойларым кіл қиыр», - деп жырлаған Алмас ақын үшін ой салмағы - тас салмағындай ауыр.
Тасты көрсем еміренем неліктен,
Тасты көрсем, тебіренем неліктен?
Тасты көрсем, тебіреніп... неліктен,
Тас-талқан боп айрыламын еріктен?! – деп ағынан жарылған Алмас ақынның тасқа құмартуының мәні тереңде жатыр ма деп қалдым.
«Күмбезге қаланып кеткен әр тасты уақыттың мүгі басып, қалғып-мүлгиді», - деп суреттесе, Осип Мандельштам арқасына қанат біткендей шабыттанады. Алмас ақын да уақыт пен кеңістіктің бүкіл қуатын бойына сіңірген тас атаулыдан мәңгіліктің нышанын көреді.
Меңіреу құлпытасқа жан бітсе, бір сәтте айтары көп абызға айналатын шығар. Дүние көшінің мәнісін түсіндіріп беретін де соның өзі болар ма екен. Ойдан баз кешудің ақыры, ортадан оқшаулану мен жан баласын жатсыну күйіне түсіп қалу әлегіне әкеп соғатынын, одан ешқайда қашып құтыла алмайтынын түйсінген қайран ақындық эго. Өзі жасаған тас мүсінге мәжнүндей ғашық болып қалатын Пигмалион образы Алмас ақынның да лирикалық кейіпкері болмысынан әнтек байқалатындай:
Тас мүсін мынау - айналса кенет кісіге,
Тек сол жанымды алар ма еді түсіне?! («Тас мүсін түбіндегі ойлар»).
Бұл – риторикалық сұрау. Оның жауабы, көбінесі, болымсыздық мәнге ие. Яғни, кемел данышпандыққа қол жеткізген тұлға тобырлық, пенделік ой-әрекеттен алшақтап, үнемі жалғыздық күйін кешуге бейіл екендігіне тағы бір көз жеткіземіз.
Алмастың лирикалық кейіпкері қайсыбір адамдық қасиет-болмысқа көңілі толмай күйінсе, мұны ақын көркемдік-поэтикалық тұрғыда шебер көрсетіпті:
Бірде – пенде, бірде – кісі, бірде – адам,
Болмысыма жаным байғұс күнде алаң.
«Тасжүрексің» деп жылайды Күн маған,
«Тасбауырсың» деп күледі Түн маған.
Соңғы тармақтардағы бірнеше антонимдік қатар бірде, жылау мен күлу сияқты эмоционалды-жандандыру әрекетімен ойнақы шықса, бірін-бірі толықтырып тұрған идиомалар шумақты, сөзсіз, байытып тұр, ал антитезаның қанық бояуы білінген Күн мен Түн антиподының көркемдік әсері мүлдем айрықша.
Алайда, «Бір түйір тас» өлеңіндегі ақынның меңзегені, үнемі «жерге жетелеп», маза таптырмайтын «асқар таудай аспанына бұлт үйір» Ойлары ғой.
Жоғарыдағы шумақта ақын «пенде – кісі - адам» жайын тілге тиек етіп отыр. Ұлттық дүниетанымымызда пендешілік, кісілік, адамшылық деген ұғымдар бар екені рас және бұл үшеуі бір-бірінің синонимі емес. Пендешіліктің көрінісі – нәпсі, надандық. Ал «адамшылық табиғатында Абай айтқан Алланы сүю бар». (Ғ.Есімов. «Адам-зат». 93-б.). Кісілік те адамшылық сияқты адамды ізгілікке бастайды. Бұл екеуі пендешілікпен, яғни, нәпсімен үнемі жұлдызы қарсы екендігін айтады ақын.
«Талабыма бақ бұйырар, аһ, қандай», - дегенде, көкірегі қарс айырылса, лирикалық кейіпкерді үрейлендірген - келер күннің белгісіздігі болар.
Таба қылма, жақын менен жатқа, Алла-ай.
Еңсем неге еңкіш тарта береді,
Жүрегімде зіл қара тас жатқандай?!
Алла – хақ. Аллаға сенім ғана адам баласының бойына айрықша күш береді. Бірақ, адамшылық пен пендешіліктің күнделікті текетіресінде, нәпсінің қай кезде де бет қаратпайтын долы қайраты үстем түсіп жататыны ғана ақынның нәзік жанын шымырлатып, шымшиды, құлазытады. Камю айтқан абсурд философиясы, суицид идеясы бұл өлеңде де бар әрі оның мәнісі терең:
Ести-ести ескертпесін бұлардың,
Есенинше мерт болатын шығармын.
Құдай білсін, не құдірет екенін,
Құлпытасқа (құрып қалғыр!) құмармын...
Жұмыр жүрегінде адамшылық пен пендешілік майдандасқан парасат иесі мәңгіліктің метафорасы іспетті бір белгі – құлпытастың алдында ақиқатқа көз жеткізгісі келеді:
Құлпытастан тұрам кейде шошынып,
Екі ұшты ой... Екі дүние... Қос үміт...
Алла Адамды жаратқанда балшықтан,
Бір түйір тас кетті ме екен қосылып?..
Адамда әркез таңдау бар. Мәселе таңдау қайсысына түспек? Адамшылыққа ма, әлде пендешілікке ме? Ізгілікке ме, әлде зұлымдыққа ма? Аққа ма, әлде қараға ма?
Алланың Адамды балшықтан жаратқаны рас. Адам тәні – Алланың мінсіз туындысы.
Абайдың «Жиырма жетінші сөзіндегі» Сократ пен шәкіртінің диалогына көңіл бөлер болсақ, онда философ өзінің Аристодим деген шәкіртіне: «Адамның денесі өзің жүрген жердің бір битімдей құмына ұқсас емес пе?» - дейтін жері бар.
Абайдың қолданысындағы «битімдей құм» мен Алмас ақынның «бір түйір тасынан» ұқсастық байқадым.
Алайда, Алмастың айтып отырған «бір түйір тасының» мәнісі - тән тынысы – нәпсіде жатқан сияқты.
«Тән қуаты – жанды қабылдап алатын күш, жан иесі болған тән – одан әрі құштарлыққа салынып, нәпсі қуатын мүмкін етеді, одан әрі оған ақыл қосылып, адам тәні мазасыз күйге түсіп кете барады. Тән болмысында екі харекет бар: бірі – өзін-өзі сақтап, қорғаушы, екіншісі – өзін-өзі қиратушы, бұзушы. Оның өлшемдері: періштелік және шайтандық». (Ғ.Есімов. «Адам-зат». 13-б.).
Философ Ғарифолла Есімов тоқталған дәл осы екі өлшемнің соңғысы – Алмас ақын айтып отырған «бір түйір тастың» баламасы болар.
Ақындық – түйсік, аян. Оның өзегінде – даналық жатыр. Жаратушы туралы пайымы ұлттық ойлау кеңістігі шеңберінен бір ажырамайтыны аңғарылады. Алмас үшін сөз салмағы – тас салмағынан да әлдеқайда ауыр. Өлеңдерінің көркемдік қуаты ерен, ақиқатты болмысына тән ұлттық таныммен жырлайтын арқалы, арда ақын.
Автор: Анар Қабдуллина
Ш. Талап