Ақберен Елгезек өлеңдеріндегі метафоралық қолданыстар

Қазақ поэзиясының танымал өкілі Ақберен Елгезектің шығармашылығымен таныс емес адам кемде-кем шығар. Сұлулықтан жүрегі жарылып өлген ақынды нағыз ақын деп есептейтін Ақбереннің сырлы өлеңдері – түсінген жанның жарасына ем болар шипа. Туындыларындағы көркемдік ойлары – жырға шөлдеген жанға таптырмас сусын. Өлеңдерінде метафораны қолдану жиілігі де көп емес. Дегенмен метафоралық көркемдік құраған өлеңдері – қайталанбас туындылар.

Зейнолла Қабдолов метафораға «сөз мәнін өңдендіре өзгертіп айту, суреттеліп отырған затты не құбылысты айқындай түсуі үшін, ажарландыра түсу үшін оларды басқа затқа не құбылысқа балау; сөйтіп, суреттеліп отырған заттың мағынасын үстеу, мазмұнын тереңдетіп, әсерін күшейту» деп түсінік берген. Ал Ақберен өлеңдеріндегі метафоралар осы талапты орындай алды ма екен?

Ол қара үйде өмір сүріп жатады екен өткенім,
бауырларым… естерінде елесім де жоқ менің.
Қарғаларға қарап қойып, дән шоқиды аулада,
қалып қойған баяғыда менің көңіл – кептерім…
(«Бастығырылу»)
Өткен шақтағы сезімін тым әсерлі етіп беруі оқырманның көңіліндегі ескі күндерге есік ашатындай. Өткен шағындағы мұңды кезін «қара» сөзіне екпін бере отыра жазған. Ал қазір қара үй жанындағы аулада қарғалар жүргенін, оларға қарап кептердің дән шоқитынын айтқан. Қандай кептер? Ол кептер өткен шағында неге қалып қойды? Ақын осы тұста көңілін кептерге балау арқылы көп нәрсе айтып отыр. «Болашаққа бару үшін, кешегіңе бір затыңды қалдыр» деген қағиданы есінде жақсы сақтаған болу керек.

Жыла, жыла!
Тек, жасыңды көрсетпеші!..
Мынауың бір ез ғой деп, ел сөкпесін!
Сыртым – адам, ал, ішім – жаралы құс...
Жасаған-ай, құсымды емдеп берші!..
(«Жұбату»)
Кейіпкер ішіндегі жаралы сезім, құсалық, дерт әр авторда әртүрлі көрінеді. Бір ақындар «ішкі мұңым», «ішімде қалған күл», «ішкі қайғым» деп беріп жатады. Ал Ақберен ақынның ішкі мұңы құсқа баланып отыр. Яғни, пафостық сезім мен романтика бар. Өзгелерден үнемі осы қасиетімен ерекшелініп отырады.

Жаңбыр – мөлдір құс,
Асфальтқа құлап шашылған.
Елесі ме екен…сол бір қыз…
Мұң өретін шашынан….
(«Жаңбырлы элегия»)
Көктен түскен жаңбырдың нұрлы тамшыларын мөп-мөлдір құс деп беруі де эстетиканың жоғарылығын танытады. Ақын табиғаттың заңдылығына ішкі түйсігінің көзімен қарайды, оны жай ғана тамшы емес, сіз бен бізге көрінбейтін мөлдірлікке балап отыр.

Сағыныш – менің тәтті мұңым,
Сезімімді аяласын.
Бір күні сен де аппақ гүлім,
Жүрегімде оянасың!
(«Сағыныш сәлемі»)
Сағынышты сары түспен астастырып, күздің мұңайған сәтіне балап жатамыз. Сағынуды қиналу, зорығып күту деп есептейтіндер бұл өлеңнен ештеңе түсінбесі анық. Сағыныш несімен құнды? Кім үшін (не үшін) өмір сүріп жүргеніңді көз алдыңа алып келетін асыл қасиетімен де құнды.

Күз дегенің – рухым менің,
Билеп тұрған жалғанды.
Самал болып сыбыр-демім,
Ыңылдайды сол әнді.
(«Күзгі пастораль»)
Күзді рухына балау. Барлық ақын күзден біз беймәлім сырларды көре алады. Ақберен болса, күзді рухы деп сезінеді. Яғни, ол күзден күш алады, күзге сезіммен батады. Рух – асқақтықтың белгісі, күз – жоғарыда аталғандай, «сап-сары жапырақтың» белгісі...

Асфальттағы құлазыған көлеңкем, 
Жанталаса қармалайды сәулені. 
...Мен де бейне – дымқылданған сіріңке, 
Бітті сірә, дәуренім.
(«Жапырақтың көзімен»)
Айналасына жапырақтың көзімен қараған ақын бір мезет өзін сіріңкеге балайды. Жай сіріңке емес, дымқыл тартқан сіріңке. Ақын мұңға батып, дәрмені құрып, дәурені біткенін образдылықпен жазады. Дымқыл сіріңке жағылмайтыны секілді, өзінің қауқарсыздығына налыйды.

Қара шашың – Қара теңіз толқыны,
Қарашығың – мен адасар жол түбі…
Жүрегіңе сезіле ме, тыңдашы,
Сені аңсаған жүрегімнің солқылы?!
(«Кешкі ода»)
Сұлуының көркін өзге затқа ұқсата алуы өте әсерлі. Қара шашының бұйралығын Қара теңіздің толқынына балайды. Аллитерациямен, қайталаумен ұтымды суреттелген сұлулық оқырманды да еліктірері хақ. Ал көзінің қарашығы –тұңғиық, ақын адасар ұзақ жол. Жанарындағы тылсым жұмбақты осылай кестелеуі қай-қайсымызды да қайран қалдырары хақ...

Біз Ақберен өлеңдерін шама-шарқымызша зерделедік, ал «оның туындылары Зейнолла Қабдоловтың метафораға қойған талаптырын орындай алды ма, жоқ па?» деген сұраққа уақыт жауап беретін болады. Себебі, уақыт – ең ұлы сыншы. 

Оқи отырыңыз:

1. Ерлан Жүніс өлеңдеріндегі метафоралық қолданыстар

2. Ерлан Жүніс өлеңдеріндегі теңеулер

3. Мұхтар Мағауиннің «Жармақ» романына рецензия

4. Қазақ әдебиетіндегі «түрме шығармашылығы» туралы түсінік

Сурет: picdane.ir (өңделген)