- Негізгі бет
- Сын сағатта
- Түйіндеме жазарда нені...
Түйіндеме жазарда нені ескеру керек?
Кез келген жұмысқа қабылдаушы сізден бұрын түйіндемеңізбен танысады. Оған ескілік адамы ретінде танылғыңыз келмесе, түйіндемеде жазарда мынадай қателіктерге жол бермеңіз.
Түйіндемені поэмаға айналдыру
Иә, түсінеміз, өзіңіз туралы мейлінше көп ақпарат бергіңіз келетін болар. Алайда ұзақ түйіндемені ешкім басынан-аяқ оқып отырмайды. Жұмыс істеген жеріңіздің барлығын тізбектеп жаза берудің қажеті жоқ, ішінде осы жұмыспен байланысты, маңызды дегендерін ғана көрсетіңіз. Сіздің даяшы боп істегеніңіз, студенттік шақта белсенді болғаныңыз ешкімді қызықтырмайды.
Тәжірибенің орнына мақсаттарыңызды жазу
Қазіргі заманға сай түйіндеме сіздің лауазымдық қызмет нұсқаулығыңызды көрсету үшін емес, сізді қалайда сол қызметке алатындай жасалуы тиіс. Жаңа басшылыққа ұнауы мүмкін деген талантыңызды, тәжірибеңізді жазыңыз. Өзіңізді күші тасып тұрған, әр іске икемді қызметкер ретінде көрсетіңіз.
Қай жеріне баса мән беруі керек?
Тез тіл табысқыш, жауапкершілігі бар, компьютерде Microsoft Office бағдарламасын меңгерген деген секілді көптеген түйіндемеде кездесетін жаттанды сөздерді жазсаңыз, жаңа ешнәрсе үйренуге талпынбағаныңызды көрсетеді. Не үшін басқалардың арасынан сізді таңдап алуы керек, сондай ерекше қасиетіңізді жазыңыз.
Портфолио болмауы
Сол жұмысқа қатысты не ұсына аласыз, бұрын жасаған үлгілеріңіз бар ма, осы нәрселер ескерусіз қалмауы тиіс, түйіндемеңізге қосымша материалдар болса, бірден көзге түседі.
Жеке ақпараттың құпиялығы
Түйіндемеңізбен танысқаннан кейін сізді жақынырақ білгісі келетін кез келген адам алдымен сізді әлеуметтік желілерден іздейді. Ол жерге жазған мәтіндеріңіз, жариялаған фото мен видеоларыңыз сіздің өмірге деген көзқарасыңызды, ішкі болмысыңызды танытады. Ал түйіндемеде әлеуметтік желілердегі мекен жайыңызды көрсетпесеңіз, сізді ол жерде айтары жоқ немесе түйіндеме құруда сауатсыз деп есептейді. Екі нұсқа да жақсы емес.