Майтабанды неге әскерге алмайды?

Майтабанды неге әскерге алмайды?
Фото: yandex.kz

Ғылыми тілде "жалпақ табан", ал халық арасында "майтабан" атанып кеткен сүйек ауруы жастар арасында жиі кездеседі. Әсіресе, физикалық жұмыспен айналысатын ер-азаматтар үшін кемшілік екені белгілі. Майтабандар әскерге жарамайды деген сыбыс та көп. Бұл қаншалықты рас?

Заңнама...

Ең алдымен, майтабанның бәрі әскерге жарамайды деген дұрыс емес. Бәрі майтабанның түрі мен деңгейіне байланысты. Бұрын майтабанның қай түрі болсын-болмасын әскерге алынбайтын. Қазір олай емес.

Соңғы заңнамаға сәйкес, 2018 жылдың ақпан айында толықтырылған Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында қызмет ету үшін адамдар денсаулық жағдайының сәйкес келуіне қойылатын талаптарды бекіту туралы бұйрықта І және ІІ дәрежелі майтабанның әскерге жарамды екені әрі ондай белгісі бар азаматтардың белгілі бір әскери бөлімде ғана борышын өтейтіні айтылған.

Жалпы азаматтарды денсаулығына сәйкес әскерге жарамдылығын 10 санатқа бөлуге болады:

А – әскери қызметке жарамды;

Б – әскери қызметке шамалы шектеулермен жарамды;

В – әскери қызметке шектеулі жарамды (келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерге және әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін офицерлер құрамының адамдарына қатысты);

Г – әскери қызметке уақытша жарамсыз;

Д – әскери қызметке бейбіт уақытта жарамсыз, соғыс уақытында шектеулі жарамды;

Е – әскери есептен алумен әскери қызметке жарамсыз;

ЖЗ – жекелеген әскери-есептік мамандықтар бойынша Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскер түрлері мен тектеріндегі, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарындағы әскери қызметке, қызметке жарамсыз, ӘОО-ға (мектептерге) түсуге жарамсыз;

В-ДЕРБ – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарындағы әскери қызметке жарамдылығы дербес айқындалады және Б немесе В жарамдылық санатын айқындайды;

ДЕРБ – жекелеген әскери-есептік мамандықтар бойынша Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскер түрлері мен тектеріндегі, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарындағы әскери қызметке жарамдылығы дербес айқындалады.

Г – жарамдылық санаты келісімшарт бойынша әскери қызметке, ӘОО-ға және мектептерге түсуге жарамсыздық санатын, ал В, Д, және Е жарамдылық санаттары ӘОО-да және мектептерде оқуға жарамсыздықты айқындайды.

Жалпақ табанның түрлері 

Майтабанның түрлерін де осы санатқа сәйкес бөліп, қайсысына жарамды, ал қайсысына жарамсыз екенін білуге болады.

Жалпы, жалпақ табанның 3 деңгейі болады. Оны рентгенограммамен анықтайды. 

І деңгейлі: ұзына бойы ішкі табан күмбезінің бұрышы 131-140 градус, күмбездің биіктігі 35-25 мм;

ІІ деңгейлі: ұзына бойы ішкі күмбезінің бұрышы 141-155 градус, күмбездің биіктігі 24-17 мм;

ІІІ деңгейлі: ұзына бойы ішкі күмбезінің бұрышы 155 градустан жоғары, күмбездің биіктігі 17 мм кем.

Ал қалыпты табанның күмбез бұрышы 125-130 градус, күмбез биіктігі 35 мм болуы керек.

І деңгейлі майтабан

Майтабанның ең жеңіл әрі көп таралған түрі. Мұндай адамның табаны шамалы тайқы, күмбез бұрышы 131-140 градус, жүріп-тұруға кедергі келтірмейді, ауырсыну жоқ. Көбі майтабан екенін білмейді де.

Бұл топтаға азаматтар әскерге, сөзсіз, жарамды. Тіпті, қосымша тексеріс те жасалмайды. Жарамдылық санаты – А. Яғни, кез келген әскери бөлімге бара алады.

ІІ деңгейлі майтабан

Табан шамалы жайпақ болғанымен, көзге оғаш көрінбейді. Күмбез бұрышы – 141-155 градус. Жүріп-тұруға кедергісі жоқ. Бірақ аяғы жалпақ көрінеді. Бұрын ІІ деңгейлі майтабандарды әскерге алмайтын, алайда соңғы заңнамаға сәйкес алынатын болды. Бірақ белгілі бір әскери бөлімдерге ғана жіберіледі. Жарамдылық санаты – Б.

Мұндай азаматтар десантик, теңіз күштері, шекара қызметі мен арнайы әскери бөлімдерге жарамайды.

ІІІ деңгейлі майтабан

Табаны қаздың табанындай жалпақ келеді. Қазтабан. Патологиялық өзгерісі көрініп тұрады. Саусақпен өлшеп көргеннің өзінде 30-40 градустай алшақ жатады. Адамның табаны, арқа сүйектері ауыруы мүмкін.

Мұндай азаматтар әскерге жарамайды, тек запастағы жауынгер бола алады. Жарамдылық санаты – В.

Майтабан неге әскерге жарамайды?

Адамның аяғында тамыр мен жүйке талшықтары өте көп. Олар рецепторлық қызмет атқарады да, миға белгі мен дабыл береді.

Егер табан ауыратын болса, онда бүкіл денеге әсер етеді. Ал әскери аяқ киімнің табаны толықтай жалпақ, оны киген кезде майтабаны бар адамның аяғы ауырып, жүре алмай қалуы мүмкін, - дейді Қорғаныс істері жөніндегі ШҚО облыстық департаменттің медициналық қызметінің басшысы, майор Назира Ғабдуллина.

Содан тізесі, жамбасы ауырып, жамбас сүйектері мен арқаның белдеме сүйектерінде ауру пайда болуы ықтимал. Әскерде физикалық күш-қимыл көп болғандықтан, оның майтабанға әсер етпей қоймасы анық.

Тағы бір айта кететін нәрсе, майтабанды емдеп, әскерге баруға болады. Әсіресе, ІІ және ІІІ деңгейдегі майтабан анықталған жағдайда, медициналық комиссия мүшелері ем-домға жіберіп, белгілі бір уақытқа кейін қалдыруы мүмкін. Содан кейін қайта әскерге шақырылады.

ІІІ деңгейдегі жалпақ табанда ауырсыну болмаса, онда ІІ деңгейге өтіп, әскерге баруға болады.

Егер азаматтың бір аяғы І деңгейлі майтабан болып, екінші аяғы ІІ деңгейлі майтабан болса, онда оған ІІ деңгейлі майтабан деген қорытынды беріледі, - дейді Назира Нұрланбекқызы.

Айта кетейік, 1 наурыздан бастап көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру басталды. 13 500-ден астам 18-27 жас аралығындағы мерзімді қызметтегі әскери қызметші ел Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының қатарын толықтырады. 

Қ. Слямбек