Адамдар өмірлік жағдайлардан шығудың жолдарын білетін шығар, алайда көпшілігіне өз қатесін мойындау қиынға соғады.
Мектептегі білім беру жүйесі қателіктің толық бейнесін бере алады. Қателік дегеніміз не? Бұл – төмен баға, мұғалімдердің наразылығы, ата-ананың ескертуі, бұл – көпшіліктің көзінше сыныптастарыңның күлкі еткен әрекеті... Өзіңізді өте нашар сезінесіз, солай ма?
Өкінішке орай, көпшілігі қателікті осылай қабылдайды. Масқара болғаныңды сезіну, ұялу, қателігіңді бетіңе басқан адамнан қысылу, кінәліні іздеу. Тіпті кішкене кезіңізде өзіңіз дайындалмай барған тапсырмаға төмен баға қойғаны үшін мұғалімді кінәлай салу оңайырақ болатын. Қателікті мойындамаудың соңы өтірік айтуға, екіжүзділікке, уәдені бұзуға әкеліп соғады.
Ал жасаған қателігіңіз үшін педагогтар мен қоршаған орта тарапынан соншалықты қысым болмағанда, барлығы басқаша болар ма еді?! Бір рет шалыс басқан адам бірден жаман адамға айналады деген сөз емес қой. Керісінше, әр қателік сіздің пайдаңызға шешіледі – алдағы өмірге тәжірибе болады. Өз қатесін дер кезінде түсінген адам оны екінші рет қайталамайды.
Өзімізді кінәлі сезінуден қалай арыламыз?
Кім болса да, қателік жіберсе бірден үйдегі ата-анам не ойлайды, достарыма не деп жауап беремін деп бас қатырады. Мұндай ойдың түкке де қажеті жоқ. Өмірде қателік жібермейтін адам болмайды. Ешқашан қателеспейтін адам ештеңе істемей бос жүреді деген сөз.
Қателікті мойындаудан қорықпаңыз. Бұл айтар ауызға ғана жеңіл деуіңіз мүмкін, алайда қателескеніңізді жасырмасаңыз – оның шешімі де оңай болады. Ақталу орнына, қолмен істегенді мойынмен көтеру қасиетін айналаңыздағы барлық адам жоғары бағалайды. Жағдайға тура қарап, бас энергияңызды тек мәселенің шешімін табуға ғана жұмсаңыз.
Өз-өзіңізге әділ көзқараспен қараңыз. Қателікке себеп болар жағдайларды толық баяндаңыз әрі оған өзіңізден өзге ешкімді кінәлі санамаңыз.