Иттің түр-түрі болса да, барлығы сүйкімді әрі адамның адал досы. Олардың әрбір жасаған қызықты әрекеті одан сайын өзін жақсы көруге сеп болады. Көшеде сенімді серігіңіз, серуенге шыққанда жалықтырмас досыңыз, үйіңізде қорғаушыңыз болатын мұндай жануар адамға керек-ақ. Әрине иттің барлығында ашу бар, олар сізге қауіп төнгенде құтқаруға тырысады, жауыңыз келсе маңайыңызға жолатпауға тырысады, адам таңдайтын керемет қасиеті де бар. Мысалы, кішкентай баламен ойнаса артық қадам жасамай, абайлап қозғалады. Тіпті онымен ойнағанды жақсы көреді. Егер сіз үлкен болсаңыз, үстіңізге секіріп, маңайыңыздан айналып, өзінің қуанып тұрғанын бірден байқатады. Бүгінгі таныс ететін жануарымыз Кане корсо деп аталады.
Кане корсо – иттердің арасындағы нағыз гладиатор. Бойы 60-70 см, салмағы 50 келідей болатын жануар зор күштің иесі. Сіздің қасыңыздан мұндай жануарды көрген адам бірден сескенері анық. Өйткені оның қатулы қабағынан кейде өзіңіз де қорқып кетуіңіз мүмкін. Түрі сесті болғанымен, бұл ит өте ақылды әрі қайсар. Әрине, кішкентайынан қалай өсірген иесіне де байланысты.
Егер осы абыройлы итті қолда өсіргіңіз келсе, мына кеңестерге құлақ түріңіз.
Ең біріншіден, өзіңіздің қожайын екеніңізді көрсетіңіз. Қанында тәкәппарлық бар жануар сізден өзін төмен ұстап үйренуі тиіс. Айтқаныңызды істетіп үйретіңіз, көшеде бөтен иттерді көргенде немесе басқа адамдар өтіп бара жатқанда міндетті түрде сізді тыңдауы тиіс. Төбелестен бойын таса ұстайтын кане корсо өзіне қарсылық көрсеткенді аямайтынын естен шығармаңыз.
Жылдам ашуланатын қасиеті сіз үшін бәріне дайын екенін уақыт өте келе көрсетеді. Егер итіңізді кішкентайынан үйретіп, баулысаңыз үйіңізде нағыз күзетшінің рөлін атқарады.
Күшік кезінен сатып алардан бұрын ешқандай өзге қанмен араласпаған болуын қадағалаңыз. Егер алғаныңыз таза Кане корсо болса, онда сіз өмірде тағы бір адал дос тапқаныңыз.