Кейде біз бос жұмыс орны болса басымды тығып алайын деп жан-жақты шарлай бастаймыз. Мұндайда өзіңізді бір сәтке тоқтатып, кейін өкінбестей шешім қабылдау үшін бірер сұраққа жауап іздеп көріңіз.
Бұл жұмыстан не қалаймын?
Тек ақша деп жауап бере көрмеңіз. Әрине, өз еңбегінің лайықты деңгейде бағаланғанын, жұмыс істеу арқылы тұрмыстық жағдайын ретке келтіруді барлығы ойлайды. Алайда сізге мотивация болатын басқа да себептер болуы тиіс. Мүмкін диплом бойынша ғана жұмыс іздемей, білім алған мамандығыңыздан бөлек салада қызмет еткіңіз келетін шығар? Өзіңізді қандай маман ретінде көргіңіз келеді?
Қолымнан не келеді?
Егер басқарушы сізден не істей алатыныңызды, қандай машық игергеніңізді сұраса не деп жауап бересіз? Басқалары істей алмайтын қандай іс қолыңыздан келеді, неге басқа үміткерлердің ішінен сізді таңдап алуы тиіс?
Қандай жағдайда жұмыс істегенде жаныңыз жай табады?
Үлкен компанияда жұмыс істегіңіз келе ме әлде шағын ортаны таңдайсыз ба? Сізді үнемі бақылауда ұстаса ғана көбірек шаруа тындырасыз ба әлде жаныңыз еркіндікті сүйе ме? Қай жұмыста өзіңізді суда жүзген балықтай сезінер едіңіз?
Өзгерістерге дайынсыз ба?
Сізге арманыңыздағы жұмыстан ең жақсы қызметті ұсынды деп елестетіңіз. Алайда ол үшін басқа қалаға қоныс аудураға тура келеді. Мұндай ұсынысты қалай қабылдар едіңіз? Арман қуып басқа қалаға көшіп кетуге қаншалықты дайынсыз?
Қандай жалақы қанағаттандырады?
Барлық жағдайды ескере отырып жауап беріңіз. Әп дегенде 500 мыңды сізге ешкім бермесі анық. Егер аса көп жалақы алғыңыз келсе, не үшін мұндай бағаны ұсынасыз? Тым аз жалақы да жетеді деп өз құныңызды түсірмеңіз. Алдыңғы қызметтердегі тәжірибеңіз, біліктілігіңіз, сауаттылығыңыз өз деңгейінде бағалануы керек.