Халық арасындағы екі қоян туралы мәтел бекер айтылмаған. Жұмыс та, жеке өмір де – адам тұрмысында өзіндік маңызды рөлге ие. Жұмысымыз болмаса, қоғамдағы орнымызды таба алар ма едік? Ал отбасымыз болмаса ше, не үшін өмір сүріп жатқанымызды білмей сенделіп кетпейміз бе? Жұмыстағыларға үйде шұғыл жағдай болып жатыр деп сұранып, демалыста орындалмаған тапсырмаларды жасап үлгеру үшін үйдегілерге ақталу қажет. Алтын аралықты қалай табамыз?
Маңыздылық деңгейін анықтаңыз. Отбасы мен жұмыстың артықшылықтарын бағамдаңыз. Мансапта қай жерге дейін барасыз, жеке өмірде неге қол жеткізесіз – осыны анық білсеңіз құба-құп. Егер бұл жұмыстан бас тартсаңыз, орнына одан да жақсы, уақыты ыңғайлы жұмыс таба аласыз ба? Ал, егер отбасыңыздан айырылып қалсаңыз, бұл жұмыстың қажеті бола ма?
Қалай жұмыс істейсіз? Апталық есептерді үйден жасап келесіз, аяқсыз қалған істерді тындыруға демалыс күні де жұмысқа баруға тура келеді, жұмыста жазып үлгермеген қағаздарды үйге алып келесіз... Ал басқа адамдар не істейді? Үлгермей жатса, ың-шыңсыз бітіретін сізге тапсыра салады да, өздері отбасымен бірге саябақта не табиғат аясында қыдырады. Олар әу баста артық істі мойнына алмауға дағдыланған. Себебі жұмыста ешкімге "жоқ" дей алмайтын сіз сияқты адам бар.
Өзгелер дұрыс орындайтынына күмәнданып, бар істі өз мойныңызға ала беру жақсы емес. Сол уақытты өзіңіз секілді жасауды әріптесіңізге де үйретуге жұмсаңыз.
Жұмыс уақытын жоспарлау. Таң атысымен жұмысқа келгенде бүгінгі атқарылуы тиіс істеріңіз көз алдыңызда көрініп тұрады. Әр істің басын бір шалмай, жүйе жасап, әрекеттерді ретімен орындаңыз. Әйтпесе бәрін қайта істеуге тура келеді. Алдымен күрделі істерді тындырып, жеңіл-желпі шаруаларды түстен кейінгі мезгілге қалдырыңыз. Жұмыстардың маңыздылығы мен шұғылдығына қарай тізім жасаңыз. Белгіленген жұмыс уақыты аяқтала салысымен жиналыңыз. Үйге асықпайтыныңызды көрген әріптестеріңіз басқа істерді де сізге тапсыра салуы мүмкін. Үйге уақытылы жету арқылы отбасыңызға жеткілікті деңгейде көңіл бөле аласыз.
Артық істен құтылыңыз. Тайм-менеджментті, яғни уақытты өзіңізге тиімді жұмсауды игеріңіз. Жеке блокнот арнап, әр іске қанша минут жұмсағаныңызды жазып қойсаңыз болады.
• Анаммен телефонмен сөйлестім – 10 миунт;
• Үйден жұмысқа метромен жүрдім – 40 минут;
• Метродан кеңсеге дейін – 10 миунт.
Бір сағат өте шықты. Бұл сіздің жеке өзіңізге жұмсаған уақыт. Бірақ бар қызық жұмыстан кейін басталады:
• Жұмыстан үйге дейін – 50 минут;
• Нан алуды ұмытып кеткен үшін жұбайыммен ұрысу – 20 минут;
• Нан алуға дүкенге бару – 30 минут;
• Жолда көршіні көріп, әйелдер қандай жаман халық екенін айту – 20 минут.
• Көретін түк жоқ болса да, теледидар алдында жату – 3 сағат.
5 сағат бос уақытыңыздың 50 минутын ғана пайдалы іске жұмсадыңыз – онда да ол жұмыстан үйге қарай келу. Ал оның орнына қанша пайдалы іс жасауға болар еді. Жарыңызды киноға не театрға апару, балаларды ертіп бассейнге, жаттығу залына бару деген секілді игі істер көп.