Алматы қаласындағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты және Ақтөбедегі Әуе қорғанысы күштері әскери институтының курсант түлектері оқуды аяқтап, салтанатты бітіру рәсімі өтті. Екі әскери оқу орнын аяқтаған түлектердің жалпы саны 287. Жоғары әскери оқу орындары еліміздегі офицерлерді даярлайтын, сонымен қоса қазақстандық армияның жауынгерлік әлеуетін арттыратын маңызды мекемелер. Мемлекет армиясының білікті 287 лейтенантпен толығуы Қарулы Күште үшін ғана емес, тұтас еліміз үшін қуанышты жаңалық. Елбасы ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ә. Назарбаев кадр офицерлерді дайындауға, олардың өз Отанын оң ниетпен қорғауына баса назар аударып келеді. Офицерлер корпусы армияның алтын қоры, олар Қазақстанның әскери қуатын арттыруда маңызды рөл атқаратын нығайтушы негіз, - деген еді Елбасы бір сөзінде. Аталған 287 лейтенанттың 40-тан астамы оқу үздігі атанып, институтты алтын медальмен тәмамдаған. Үздіктер сонымен қоса, институт тарапынан Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін төс белгісіне ие болды. Салтанатты бітіру рәсіміне ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері, әскери оқу орындардың басшылығы, лейтенант атанған түлектердің ата-аналары, туыстары, жергілікті атқарушы органдардың және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Шараның соңы әскери қызметкерлердің дәстүрлі вальс биімен аяқталды.