Ит тұқымдары: Динго жайлы не білесіз?

Ит тұқымдары: Динго жайлы не білесіз?
Фото: kids.britannica.com

Осыдан 4000 жыл бұрын Аустралия аумағын мекендеген "Динго" есімді жабайы иттің тұқымын естігендеріңіз бар ма? Еркіндікті сүйетіні және қожайынына аса бағынбайтыны арқасында жабайы саналып кеткен жануар бүгінгі таңда кенгурулер мекенінің символына айналды. Материктегі жалғыз мемлекеттің көрікті жерлерімен қоса, дингоны тірідей көруге әлемнің түкпір-түкпірінен туристер көптеп келеді. Аустралия мақтаныштарының біріне айналса да, кейбір өңірлерінде қолға үйретуге рұқсат етілмейтін иттің қандай екеніне тоқтала кетсек. 

Жалпақ басты, ұзын тұмсықты және екі құлағы тік тұратын динго жаман жануар емес. Керісінше, ерекше жаратылған десек қателеспейміз. Себебі оның алдыңғы екі аяғы дәл адамның білегіндей бөлінген. Соның арқасында ағаштарға еркін өрмелеп, маңайындағы үйдің есігін оңай ашады. Сонымен қоса, тасада тығылып отырған қоян жүрегінің дыбысын еститін жануардың өзгеше жаратылысына таңғалмасқа шара жоқ.  


Қызғылт түсті келетін жануардың жүні қысқа әрі жұмсақ болады. Үлкен төбеттерінің салмағы 13-20 келі болса, бойы 50-60 см-ге дейін жетеді. Динго да хаски тұқымы секілді үріп, айбат шегудің орнына тікелей төбелестің ортасында жүргенді ұнатады. Ит қанша жабайы болғанымен, екі жүз жыл ішінде бар болғаны үш рет адамға шабуыл жасағаны туралы мәлімет енгізілген. Бұған қарағанда қолда үйретілетін өзге иттердің адамды қауіп алуы едәуір көп. 

B. ZHAQSYMBET