Отардағы "Мерген шебі" байқауының үш кезеңінің қорытындысы бойынша қазақстандық команда үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орынды еншіледі.
Ресейдің әскери қызметшілері екінші орынға табан тіресе, үшінші орын белорус атқыштарына бұйырды. Мергендер байқауының ақтық кезеңіне турнирдің бірінші және екінші кезеңдерінің қорытындысы бойынша төрт үздік команда, яғни, Қазақстан, Ресей, Қытай мен Беларусьтің командалары өткенін естеріңізге сала кетейік.
Ойынның барлық кезеңінде байқаудың барша қатысушылары жоғары шеберлік деңгейін, дене төзімділігі мен дәлдікті паш етті. Қатысушыларға байқаудың үш кезеңінен өтуге тура келді. Екінші кезеңнің жарқын сәттерінің бірі "Арнайы оқ ату" сайысы болды. Қатысушыларға 150-200 метр қашықтықта жоюдың азайтылатын аймағымен тұтқыны бар "шартты" лаңкестің басын елестететін бес нысананы жою қажет болды.
Ал сайыстың ең көзтартарлық сәті жарыстың үшінші кезеңі болды. Бұл сайыс 1 шақырымдық қашықтықты қамтыды. Онда мергендерге қабырғадағы ойылған жерді, биіктігі 2 метр қақпаны, орды, сымды қоршаудағы өтуді еңсеруге, Макаров тапаншасынан оқ атуға, Драгуновтың мерген винтовкасынан 300 метр қашықтықта кеуде фигураларына дөп тигізуге, РГД-5 оқу гранаталарын лақтыруға, динамикалық дуалдан, автомобиль дөңгелектерінен жасалған үйінді мен көлбеулі баспалдақтан өтуге тура келді. Барлық жаттығулар серіктестер арасындағы жылдамдық, өзара түсіністік пен нақты үйлесімді өзара іс-қимыл жасауға есептелінген. Үшінші кезеңде қазақстандық мергендер командасы ең үздік нәтиже - 18 минут 18 секундты көрсетті. Қытайдың командасы эстафетаны 18 минут 58 секунд нәтижесімен аяқтады. Ресейлік команда 20 минут және Беларусь командасы 21 минут 03 секунд нәтижесімен мәреге жеткенін айта кеткен жөн.
"Қарсыластардың барлығы мықты болды. Алайда, ең мықты, әрине, Қазақстанның командасы жеңіске жетті. Біз бұған дайындалдық, жеңіс тұғырынан көрінуге талпындық. Біз өзімізді іс жүзінде көрсете білдік және Қорғаныс министрі қойған тапсырманы орындадық деп есептейміз. Осындай бәсекелі тартыстардың жыл сайын өткізілуін қалар едік. Бұл барлық бөлімшелер, күллі ел үшін өте жақсы тәжірибе", - деп шешуші сайыстың қатысушысы, қазақстандық мерген 3-сыныпты сержант Дмитрий Охотников алған әсерімен бөлісті.
Сонымен қатар, Отарда "Артиллериялық оқ ату шеберлері" халықаралық байқауының барлық үш кезеңінің қорытындысы шығарылды. Қазақстанның артиллерияшылар командасы "Артиллериялық оқ ату шеберлері" байқауының барлық үш кезеңінің қорытындысы бойынша бірінші орынға шықты. Барлық қатысушылар жоғары шеберлік деңгейін, дене төзімділігі мен дәлдікті паш етті.
Қатысушыларға "Жеке жарыс", "Түнгі спринт", "Эстафета" және "Эстафета. Мәре" байқауларының төрт кезеңін еңсеруге тура келді. Барлық кезең бойы қатысушылар оқшашардан, минаатқыштан, гранатаатқыштан, автоматтан дәлдікке оқ ату және "Ирелең", "Мина-жарылғыш қоршаудағы сорап өткел", "Төмпешік" және "Сорап көпірдің сұлбасы» кедергілері бар тас жолдарды өту шапшаңдылығына бақ сынасты.
Сондай-ақ, қатысушы минаатқыштардың есептоптары түнгі жағдайларда нысаналарға дөп тигізуден тартысқа түсті. Әскери қызметшілер 2Б11 минаатқышынан, РПГ-7В-дан, түнгі көздеуіштері бар АК-74 автоматынан оқ жаудырды. Минаатқыштан оқ ату радиусы 15 метрлік жеке құрамға арналған тасалары бар арнайы дайындалған ордан жүргізілді. Межеге дөп тигізу үшін әрбір командаға үш минадан бөлінді. Әрбір мүлт кеткен оққа бір айып шеңбері қосылып отырды. Оқ атулар нысананы үздіксіз жарықтандыруды қамтамасыз ету үшін белгіленген қарқынмен "Оңтүстік" ӨңҚ 85395 әскери бөлімінің 122 мм Д-30 гаубицаларының атыс есептоптарымен жүргізілді.
Конкурстың ақтық кезеңінде Қазақстанның минаатқыш есептоптары кедергілерді ойдағыдай еңсеріп өтіп, барынша жылдамдықта мәре сызығына келіп жетті. "Артиллериялық оқ ату шеберлері" байқауының соңғы кезеңінің қорытындысы бойынша Қазақстанның командасы үздік атанды. Екінші орында Ресей, үшінші орында Қытайдың командасы, төртінші орында Қырғызстан және бесінші орында Венесуэла командасы. Армия халықаралық ойындарының байқаулары Қазақстанда алғаш рет өткізіліп жатқанын айта кетейік. Байрақты додаға қатысу үшін 12 елдің, яғни, Ангола, Венесуэла, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Беларусь, Зимбабве, Үндістан, Иран, Моңғолия, Грекия және Арменияның командалары келді.
Дереккөз: tengrinews.kz