Ұлыбританияның денсаулық сақтау саласының мамандары жаһанды жаулаған коронавирус 2021 жылдың көктеміне дейін жалғасып, Жер тұрғындарының 80%-на жұғады деп болжам жасады. Бұл туралы Independent Eagle басылымы мәлімдеді.
"Алдағы 12 айда әлем халқының 80%-на COVID-19 жұғып, 15% (7,9 миллион адам) ауруханаға жатқызылады", - делінген Ұлыбритания Ұлттық денсаулық сақтау қызметіне арнап жасалған әдістемелік әрі зерттеу құжатында.
Біріккен Корольдіктің ғалымдары әлемдегі коронавирус ахуалы мен оны зерттеп, осындай тұжырымға келген. Қазірдің өзінде Ұлыбританиядағы науқастардың саны күннен күнге өсіп, мамыр айының соңы мен маусым айының басында шыңына жететін көрінеді.
Ұлыбританияда COVID-19 вирус жұқтырғандардың саны 1372-ге жетіп, оның 35 көз жұмған. Ел билігі 70 жастан асқан қарттарға 4 ай бойы үйлерінен шығуға тыйым салды. Ал әлем бойынша 143 мемлекетте 153 мың адам коронавирусты жұқтырған. Еліміздегі науқастардың саны – 9.