- Негізгі бет
- Сын сағатта
- Батырлық дегеніміз не?...
Батырлық дегеніміз не?
Батыр десе біздің көз алдымызға екі иығына екі кісі мінгескендей алып ер азамат немесе ат үстінде жүріп жауға шапқан ежелгі ата-бабаларымыз елестейді. Біз үшін бір қолы не бір аяғын жауға беріп келген соғыс ардагерлерін де батыр дейміз. Сонда олардан басқа батыр болмағаны ма?
Көше тазалаушылары да батыр бола алады. Ала таңнан бәрінен бұрын оянып, сіз жұмысқа шығамын дегенше жүретін жолыңызды жапырақтан, қардан тазартып қояды. Өткен-кеткендердің мүсіркеп қараған көздерін, кекете сөйлеген сөздерін қаперге алмайды. Достарының өзі туралы не ойлайтыны да маңызды емес. Бастысы, маңдай терімен адал ақысын алып жүр. Басқа жұмыс болмаса сіз осы іспен айналыса алар ма едіңіз?
Даяшылар да батыр бола алады. Жігіт басымен дастарқанды сүртіп, бірнеше ыдысты аса сақтықпен ары-бері алып шапқылағанын есептемегеннің өзінде, күніне неше түрлі клиент келетінін ойлап көріңіз. Бірі сырттан ашуланып келіп жынын даяшыдан алады, бірі тырнақ астынан кір іздеп, себепсіз жерден алып, жерге салады. Мұның барлығына үндемей шыдады дейік. Өлімнен ұят күшті емес пе? Ол адамның менсінбей, төмендетіп қараған көзқарасы ше? Сіз осының барлығына төзе алар ма едіңіз?
Тілші де батыр бола алады. Егер ештеңеге қарамастан, шындықты шырқыратып жаза алса... Ешкім батылы барып айта алмағанды ашып жазғанынан қоғамды өзгертуге, жоғары жаққа қозғау салуға мүмкіндігі болып тұрғанда, отбасын ойламай, жұмыстан шығарып жібереді, соттап жібереді, өлтіріп кетеді деп жеке жағдайын ойламай, әлемді өзгерту үшін басын қатерге тіге алса, оның батыр болғаны.
Бұл мамандардың барлығы бірдей осы мамандықты таңдағаны үшін батыр деген сөз емес. Әңгіме өзі ұнатқан не қалаған ісі үшін ештеңеге қарамауында және мойнына алған шаруаны қандай деңгейде атқарғанына байланысты.
Қазақта «батыр ана» деген ұғым бар. Бір адамның ішінен бір адам шығуы, өмірге нәресте әкелу оңай іс емес. Оны 273 күн бойы құрсағыңды көтеріп, күтімін жасау да қиын. Алайда бұл іс кейде оқушы қыздардың өзінің қолынан келеді. Ал қатарынан 7-8 баланы осылай жарық дүниеге әкеліп, қатарынан қалдырмай өсіру кез келген ананың қолынан келмейді, сондықтан 7 баладан артық тапқан анаға ғана осы мәртебе беріледі.
Батырлық – адамгершіліктен, жауапкершіліктен туады. Сіздің ғана қолыңыздан келетінін көріп тұрып, тартынып қалмай, мойынға алған істі абыроймен алып шықсаңыз батырсыз. Қолына найза алып, садақ ұстағанның бәрі батыр емес, жауға жалғыз шауып, дара ерлік көрсеткен – батыр.
Батырлық – өз қарақан басынан бұрын, ел қамын ойлау, өз жанұясынан Отанын биік қою.
Батырлық – басқаның қолынан келмейтін істі жеке өзі атқару.
@. @assel_assanova