- Негізгі бет
- Сын сағатта
- Асхат Шынәлі: "Мобилографияға...
Асхат Шынәлі: "Мобилографияға талғаммен келу керек"
Асхат Шынәлі — кейінгі жылдары қарқынды дамып келе жатқан мобилография саласының маманы. "Моб Арми" деп аталатын Қазақстандағы алғаш мобилография мектебінің негізін қалаған. Асхаттың өзімен және оның бизнесімен жақын танысу үшін сұхбаттасып қайтқан едік.
Асхат, бүгінде өмірде өзін таппай, адасып жүргендер көп. Сіз әлеуметтік желідегі парақшаңызда өзіңізге не керегін ұққаныңызға көп болмағанын атап өткен болатынсыз. Осы бір өмірлік жолыңызды баяндап кетсеңіз.
Кез келген адамның бойында қабілет бар. Бірінің қабілеті бала кезден байқалады, енді бірі орта жасқа келгенде түсінеді. Ал кей адамдар өзінің не нәрсеге қабілетті екенін ұқпастан кетеді. Қазіргі уақытта адамның бойында неге бейімі бар екенін анықтайтын түрлі психологиялық тесттер бар. Бірақ, мен бұл тесттерді тапсырмадым. Ішкі түйсігім арқылы келдім. Жастайымнан кино саласына, видео түсіруге қатты қызығатынмын. Кейде әуесқой видеолар түсіретінмін. Бірақ сол уақытта есепші ретінде қызмет атқарып жүрдім. 10 жылдан кейін бұл жұмыстан жалықтым. Маған шабыт бермеді. "Бизнес бастауым керек" деген ой жиі келе бастады. Ізденіп, соған бастау болатын, бағыт беретін адамдар мен курстар іздей бастадым. Курс кезінде өзімнің неге қабілетті екенімді анықтадым. Оның үстіне менің тәлімгерлерімнің бірі менің талантымды байқап, оны одан әрі ашуға септігін тигізді. Сол сияқты адамға бірнеше мүмкіндік береді. Ол біреудің көмегі арқылы да келуі мүмкін. Тек соны уақытында ұстап қалу керек.
Бірнеше жерде есепші қызметін атқарғаныңызды атап өттіңіз. Біреуге жалданып жұмыс істеуден жеке бизнестің басты ерекшелігі неде?
Ең басты ерекшелік — еркіндік. Екіншіден, өз бизнесінді ашқан сәттен бастап, сенің ойлау көкжиегін толығымен өзгереді. "Кәсіпкердің ойлау қабілеті" қызметі іске қосылады. Қол астында команда жұмыс істейді, олардың алдындағы жауапкершілікті сезінесің. Топты және бизнесті қалай басқару керек деген сауалдар сені ізденуге мәжбүрлейді. Сәйкесінше сен мүлде басқаша ойлай бастайсың. Үшіншіден, қаржылай тәуелсіздік. Жалданып жұмыс істейтін адам өзінің қаржысының шектеулі екенін біледі.
Ал бизнестің қандай кемшіліктері бар?
Шығын көп болады. Бірақ, тәуекелдің артында береке барын ұмытпаған жөн. Неғұрлым шығын көп болса, соғұрлым табыс та артады.
Қазір — инфобизнес уақыты. Ал олардың басты ұраны — "Бизнес бастау бәрінің қолынан келеді". Сіз бұл пікірмен қаншалықты келісесіз?
Бұл жерде бейтарап пікірді ұстанамын. Жоғарыда атап өткенімдей адамның барлығында қабілет бар. Соны дамытып, өз ісінің маманы болған кезде, түбі бизнес саласына келеді. Өнім шығарады, оны сатады. Адам өзінің күшті жақтарын білмейінше қатардағы қызметкер болып қалады.
Бизнесте достық деген ұғым бола ма?
Екі дос бизнес ашса, оның дамуы қиын болады. Бірақ бизнесті өзің бастап, даму барысында танысып, олармен серіктес әрі дос болсаң жемісті болады.
Мобилографтардың саны жыл сайын артып келеді. Сізді бәсекелестеріңізден қандай қасиеттеріңіз ерекшелендіреді деп ойлайсыз?
Алдымен, менің Қазақстандағы тұңғыш әрі жалғыз мобилография мектебім бар. Онлайн және оффлайн курстар бар, мойындаймын. Дегенмен қабырғасы қаланған, аяғына нық тұрған мектеп ретінде өзімізді мойындатқандардың бірі әрі бірегейіміз деп білемін. Болашақта халықаралық нарыққа шығарсам деген ой бар. Өйткені қазір бизнесмендердің барлығы мобилографға зәру.
Мобилографтың бойынан табылу керек 3 қабілет:
Бірінші мобилограф болу үшін адамда талғам болу керек. Өйткені тәжірибемде сабақты қанша жақсы оқыса да, тырысса да қолынан келмеген жайттар болды. Өйткені бұл іс оған арналмаған. Кей адамдардың қолынан бірден келеді. Ол оны ары қарай алып кетеді. Әрине бұны дамытуға болады. Дегенмен талғамның рөлі жоғары. Киімге, музыкаға, кадрға деген талғам болуы керек. Мысалы, адамның киінгеніне қарап оның қаншалықты креативті адам екенін бірден білуге болады.
Екінші байқампаздық болу керек. Мобилограф қымбат көрінетін кадр мен арзан кадрды ажырата алуы тиіс. Музыканы да дәл солай таңдауы керек. Оны дамыту үшін фильмдер жиі көру керек. Оны тек көріп қана қоймай, зерттеу керек.
Үшіншісі ерінбеу керек. Кейде монтаж 3 сағатқа дейін уақыт алады. Көбіне адамдар бастайды да, "бұл менің салам емес" деп қолды бір сілтей салады. Ерінбеген адам ғана нәтижеге жетеді. Қиын, ісі баяу өрбіп жатқан жұмыстар әдетте үлкен жетіктікке бастау болады.
Асхат қандай тегін қосымшалар қолданады?
Тегін қосымшаларды өте сирек қолданамын. Өйткені сапалы нәрсе жасау үшін ақысы болу керек. Бірақ, кей қосымшаларды бастапқы уақытта қолдануға ұсынар едім. Фото өңдеу үшін Lightroom, видео өңдеуге CapCut және VN қосымшарын пайдалануға болады.
Т. Есқали