Оңтүстік Кореядағы комиксті салу және оларды оқу үрдісінің дамығанына көп бола қоймады. Біраз уақыт бойына кітап бизнесінің аз ғана бөлігін алатын, тіпті кейде оларды сату заңсыз саналды.
Korea Times басылымының ақпаратына сүйенсек, оңтүстік кореялық комикстерге 90-жылдардың соңына дейін шектеу болса, 60-70 жылдары сөмкесінен комикс табылған оқушыны мектепте де, үйде де қатаң жазалаған. Бір кездері мектептерде табылған комикстерді өртеу дәстүрі болатын. Комикстерді сол уақыттары зорлық-зомбылықты насихаттайды деп айыптады. Естеріңізде болса, Америка Құрама Штаттарында да біраз уақытқа дейін комиксті тығылып оқитын болған.
90-жылдардың ортасында Оңтүстік Кореяның билігі 142 карикатурист пен басылымды комикстерді таратты деген айыппен жазалаған. Кейін содан "аман қалған" басылымдар Кореядағы экономикалық дағдарыс кезінде жабылған. Бұл өндірістің пираттық нұсқалары интернеттің пайда болуымен өршіді: комикстерді желіге жүктей бастады.
Бастапқыда Кореядағы комикстер жапониялық манганың көшірмесі болғандықтан, алғашқы вебтундар сол ережені ұстанды: авторлар сурет салу үлгісін кітап парақтары секілді жасады. Комиксті сайттан оқыған қолданушылар комикстің келесі бетіне өту үшін батырманы басу керек еді. Бұл ыңғайсыздық тудырды.
2000-жылдардың басында кәріс комикстер мәдениеті жаңғыра түсті. 2002 жылдан бастап авторлар вебтунды кітаптан гөрі, әлеуметтік желі үлгісінде жасады. Енді келесі бетке ауысу үшін батырманы басудың керегі жоқ еді. Тек төмен қарай жылжыта берсеңіз болды.
Вертикальды үлгіде салынған алғашқы комикс Daum порталында жариланған Шим Сын Хенның Pape & Popo атты вебтуны болатын. Бұл үлгі Кан Фул лақап атымен жеке сайтын ашып, Soonjung Manhwa атауымен комикстен соң атақты бола түсті.
Daum және Naver секілді комикстердің ірі порталы осы үлгіде суретшілерге арналған құрылғыларды жасай бастады. Ал, "вебтун" термині бірден пайда бола қоймады: бастапқыда қолданушылар webmic (web және comics) деп атады. Webtoon (web және cartoon) сөзі кәріс БАҚ-тары арқасында қолданысқа енді.
Смартфон мен планшеттердің пайда болуы авторлар мен оқырмандарға еш кедергі келтірмеді. Керісінше, ыңғайлы бола түсті. Авторматты түрде парақтау, жанр мен автор бойынша жіктеу, жаңа бөлімі жайында хабарлама алу, пікір қалдыру мүмкіндігі мен үлкейту қызметтері іске қосылды. Авторлар оқырмандарынан айырылып қалмау үшін түрлі анимация мен дыбыстар қоса бастады.
Соңғы он жылда вебтундардың танымалдылығы артқаны соншалықты, олардың табысы да молая түсті. Кәріс нарығынан шығып әлемдік нарыққа бет бұрды. Мысалы, 2013 жылы Naver өзінің алғашқы Webtoons басылымдық көрмесін Франкфурт кітап жәрмеңкесінде өткізді. Оған дейін 2012 жылы Daum солтүстік америкалық нарықтағы Tapa онлайн-платформасын қаржыландырды. Бүгінде Tapas платформасында танымал 1200 карикатурист пен 24 000-нан астам веб комикс бөлімі бар. 2014 жылы рейтинг бойынша DC Comics басылымын артта қалдырған.
Аудиторияны арттыру үшін 2014 жылдан бастап Naver вебтундардың ресми аудармаларын Line Webtoon платформасында жариялай бастады. Оған дейін веб-комикстер заңды түрде ағылшын тіліне аударылмаған болатын: барлығын фанаттар өздері жасап, бейресми түрде тарататын.
Көптеген суретшілер үшін комикс хоббиден жұмысқа ауысты: арнайы саланы оқудың қажеттілігі болмады, ал оқырманды сурет техникасы емес, сюжет пен тақырыбы қызықтырды. Бұл өндірісте бүгінде әртүрлі маман иелері жұмыс жасайды.
Оңтүстік Кореядағы кітап сатылымынан түсетін табыстың төрттен бірі комикстерге тиесілі. Вебтундарды кітап үлгісінде шығарып сата бастады. Дегенмен, оқырмандардың көбі комикстерге арнайы жазылып (ақылы) немесе сайттарда таратылатын тегін комикстерді оқуды жөн көреді. Тегін комикс авторлары да табыс табады. Оларға табыстың басым бөлігі жарнамадан түседі.
Веб-комикстер желісі бойынша сериалдар мен фильмдер түсіріледі. Кәрістер сценарист, актер мен режиссерге келгенде кірпияздық танытады. Кез келген фильмді (не сериалды) авторлары мен актерлеріне мән беріп қана қарайды. Сондықтан, танымал комикстердің экранизациялау кең танымалдылыққа ие. Көрермендер әрдайым комикс пен оның экранизациясын салыстырады. Кейіпкерге актер ұқсаса алғыстарын білдіреді, кейде сюжеттегі ауытқу олардың ашуын тудырады.
Мысалы "Қақпандағы ірімшік" (Сыр в мышеловке) атты вебтунға 2016 жылы сериал түсірілді. Бірақ, адаптация көрермендерге ұнамады. Олар түсіріліммен айналысқан адамдарды сынға алып, балағат хабарламалар жіберген. Нәтижесінде сериал авторлары халық алдында кешірім сұрады. Ал 2018 жылы дәл осы комикс бойынша фильм түсірілді. Бір қызығы сериалда басты рөлді ойнаған актер фильмге қайта шақырылса, актрисаны өзге адаммен алмастырған. Ондағы себеп, актрисаның ойыны халыққа ұнамаған. Міне, Корея тұрғындары кейіпкерді таңдау мен вебтун экранизациясына зор мән береді. Ал, биыл Netflix видеохостингі "Махаббат дабылы" (Love Alarm) атты вебтун желісі бойынша сериал түсірді. Бастапқыда бәріне ұнағанымен, сюжеттегі олқылық интернет қолданушыларын біраз әуреге салды, ал сериал авторлары сынның астында қалды.
Вебтунды комикстің жанры дей алмаймыз. Бұл екі маңызды элементтер тұратын мәдени құбылыс: дәстүрлі комикс және интернет-ресурстарын оқиғаны баяндау барысында қолдану.
Жапон мангаларының айырмашылығы – түстердің қанықтығы мен қолданылуы. Ал, өзге елдердің комикстерінен айырмашылығы оларда сиквел кездеспейді. Кәріс вебтундарының ұзақтығы екі томнан он томға дейін жалғасады. Әр томы 300 бетке дейін барады. Жаңа бөлімдері белгілі бір уақытта, аптасына бір-екі рет шығады. Жанрлары көп: триллер, романтика, комедия, хорро, тарихи, мектеп өмірі.
Болашақта вебтун бағыты қалай өзгерері белгісіз, бірақ, Кореяда бұл өндіріс ұзақ жылдар бойы даму сатысынан өтіп, өзіне ғана тән ерекшеліктерімен ғана оқырманын тапқаны бізге айқын. Бір ғана жаңалық елдегі комикс мәдениетін түбегейлі өзгертті. Өндірісте де, қолданушы да өзіне не керектігін таба білгендей. Бүгінде вебтун Кореядағы ең танымал мәдение құбылыс ретінде қала бермек.