- Негізгі бет
- Сурет
- «Ұлы дала бояулары»...
«Ұлы дала бояулары» атты халықаралық суретшілер симпозиумы өтіп жатыр
Алматыда ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдығына арналған «Ұлы дала бояулары» атты заманауи суретшілердің халықаралық симпозиумы өз жұмысын бастады.
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде бастау алған халықаралық шараға өз елімізбен қатар, Ресей, Қытай, Корея, Польша, Армения, Қырғызстан, Венгрия, Финляндия елдерінің суретшілері, өнертанушылар, фотосуретшілер, мәдениеттанушылар, ҚР Суретшілер Одағының, мұражайлар мен галерея өкілдері қатысуда.
Шараның негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының 25 жылдық мерейтойына орай еліміздің мәдениеті мен өнерінің дамуына үлес қоса отырып, елдер арасындағы шығармашылық ынтымақтастық пен достық қарым-қатынасты дамыту, мәдени байланыс орнату, өнер тұлғаларымен тәжірибе алмасу, бейнелеу өнерін насихаттау болып табылады.
Симпозиумды салтанатты түрде ашқан Қыздар университетінің ректоры Динар Нөкетаева: «Дүние жүзінде қаншама ұлт болса, олардың әрқайсысының болмыс-бітімі, өзіне тән ерекшелігі, ана тілі, дәстүрі, өнері, жылдар бойы қатталған тарихы бар. Елдің ертеңі үшін өткенінің өміршеңдігі аса маңызды. Сондықтан да тарихты қалыптастыру, сақтау, ұрпақтан-ұрпаққа толықтыра отырып жеткізу өмір ағымымен жалғаса беретін қалыпты құбылыс. Тарихшы-археологтар, әдебиет зерттеушілері, өнертанушылар секілді әр саланың жілігін шағатын мамандар өткеннің өткелімен ескі дүниені келешекпен байланыстырып тұрары анық. Қанша жылдар өтес де, дәуірлер дәуренінен сыр шертетін игіліктер жалғасы үзілген емес. Бүгін ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Алматы қаласының мыңжылдығына арнап, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті «Ұлы дала бояулары» атты халықаралық суретшілер симпозиумын ұйымдастырып отыр. Бұл Корея, Финляндия, Армения, Польша, Ресей, Қытай, Венгря, Қырғызстанның, сондай-ақ өз еліміздің суретшілері тәжірибе алмасып, еліміздің көрікті мекендерін аралап, рухтанып, тың дүниелерді тудыруға шабыттанып қайтсын деген ниеттен туған ой.
Бүгінде Қазақстан суретшілері, бейнелеу өнері майталмандарының ізбасарлары өте көп. Солардың бірі – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Кәсіптік білім кафедрасында қызмет етіп, дарындылардың қабілетін шыңдауға үлес қосып келе жатқан білікті ұстаз әрі кәсіби суретші Марат Тұрғымбай. Осы симпозиумның аясында ҚР Суретшілер одағының мүшесі Марат Еңсебекұлы Тұрғымбаевтың шығармашылық еңбек жолының 40 жылдығына орай жеке көрмесін өткізуді де жоспарға енгіздік. «Шебердің қолы – ортақ» деген бар. Марат Еңсебекұлы Қыздар университетінде кәсіптік білім беру саласына зор еңбегін сіңірген азамат. Эстония, Германия, Финляндия, Түркия, Армения және тағы басқа да көптеген елдерде ұйымдастырылған көрмелерге қатысып, мол тәжірибе жинақтаған маман ұлттық педагогикаға үлкен үлес қосып келеді. Талантты шәкірттер бейнелеу өнерінің кесіндеме, пейзаж, натюрморт, графика секілді түрлі жанрларында салған суреттерімен, батик, тоқыма әдістерін де пайдаланған жаңа туындыларымен қуанту үстінде. Олардың жұмыстарымен сұлулық та, нәзіктік те, сонымен қатар қайсарлық та астасып жатады. Оқу ордасының әр ғимаратына студенттердің әдемі жұмыстары ерекше көрік беріп тұрғаны оқытушы Марат Тұрғымбаевтың жемісті еңбегі екені де даусыз.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстанның болашағы қоғамның идеялық бірлігінде» атты еңбегінде: «Тарихи құндылықтарымызды барынша зерттеу мен қайта қалпына келтіру, сақтауға, зерттеуге мән беріп, өткен тарихымызды ұрпаққа жеткізуіміз керек. Өзінің тарихи, мәдени тамырларына қайта оралу – бұл әрине оң процесс» деп атап өткен болатын. Сондықтан да Қыздар университеті әлем шеберлерінің тәжірибе алмасуы үшін шығармашылық орта қалыптастыруды, сурет өнеріндегі жетістіктермен бөлісуді, өзекті мәселелерді талқылауды ғана қалап отырған жоқ, сонымен қатар халықаралық байланысты нығайта отырып, ынтымақтастық пен достықты арттыруға үлес қосуды мақсат тұтады. Суретшілер симпозиумы арқылы ұлы даланың қанық бояуларын танытып, қазақ жерінің сұлулығын, қазақ халқының өрлігін сездіретінімізге кәміл сенемін. Бұл шара – суретшілер қылқаламымен Мәңгілік Елдің тарихын өзгеше қырынан көрсетіп, мәңгілік көркемдікті есте сақтаудың тың тәсілі болатыны сөзсіз», деп, мерейтой иесінің иығана қазақы дәстүрмен шапан жауып, гүл шоқтарын табыс етіп, симпозиум жұмысына сәттілік тіледі.
«Бүгін суретшілер қауымы үшін үлкен мереке. Осы симпозиумды ұйымдастырып, 12 елден 30-ға жуық танымал суретшілерді шақырып, барша суретшілердің басын қосып отырған Қыздар университеті басшысы Динар Жүсіпәліқызына үлкен алғысымызды білдіреміз. Сіздің қолдауыңызды, бейнелеу саласының дамуына қосып отырған үлесіңізді жоғары бағалаймыз. Біз де бұл симпозиумға құр қол келген жоқпыз. Әріптесіміздің мерейтойы қарсаңында Марат Еңсебекұлын ҚР Өнер академиясының мүшесі етіп қабылдадық. 40 жылдан бері шығармышылықпен айналысып келе жатқан Марат Тұрғымбайдың ел мәдениеті мен өнеріне сіңірген еңбегі зор», деп атап өткен ҚР Өнер академиясының президенті, ҚР еңбек сіңірген суретшісі Анарбек Накисбеков арнайы диплом мен куәлікті табыс етті.
Суретші шығармашылығының 40 жылдығына орайластырып отырған симпозиумда Марат Тұрғымбайды шетелден және өз еліміздің әр өңірінен келген әріптес-достары 60 жылдық мерейтойымен құттықтап, зор денсаулық пен мол шығармашылық табыс тіледі. Сонымен қатар, басқосу барысында суретшілер, фотосуретшілер, өнертанушылар, шетелдік қонақтар сурет өнерінің өткені мен бүгінін тілге тиек етіп, бүгінгі таңдағы бейнелеу өнері саласындағы өзекті мәселелерді, қазіргі заманғы өнердің жаңа бағыттары, жаңа тенденциялары мен даму келешегін талқылап, өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Бір аптаға жалғасатын шара барысында Азия мен Еуропаның және Қазақстанның танымал суретшілері Алатау бөктеріне, «Алтын емел» қорығына, Шарын шатқалдары мен Көлсай көлдеріне және т.б. еліміздің көрікті жерлеріне пленэрге шығып, мастер-класстар көрсететін болады. Сондай-ақ, кәсіпқой суретшілер бірнеше шеберлік сыныптарын өткізбек. Қыздар университетінде ашылған халықаралық симпозиум «Таңбалы тас» мұражайында, Үшқоңырда, «CHAMBERLEIN» клубында, «Мега» ойын-сауық орталығында жалғасын табатын болады. Шара соңында симпозиумға қатысушылардың пленэрлік жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылып, қорытындыланады.
Симпозиум аясында, бүгін түстен кейін Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында елімізге белгілі суретші Марат Тұрғымбайдың жеке көрмесінің ашылуы салтанаты болып өтті. М.Тұрғымбайдың бұл көрмесі Қазақстанның белгілі суретшісінің туғанына 60 жыл толуына және шығармашылығының 40 жылдығына орай арнайы ашылды.
Көрмеге қылқалам шеберінің әр жылдары салынған 100-ге жуық туындылары қойылған. Өнерсүйер қауым назарына ұсынылған экспозициядан түрлі жанрдағы жұмыстарды, атап айтқанда адамдар оброзын әдемі сала білген портреттерді, түрлі табиғат суреттері бейнеленген пейзаждарды, сондай-ақ тарихи композицияларды да көруге болады. Суретшінің көрмедегі жұмыстары сюжеті бойынша да, олардың көркемдік баяндауы бойынша да айрықша сан алуан. Автор үлкен ауқымда салынған тарихи суреттерінде өткен мен бүгіннің сабақтастығы туралы, өз халқының рухани мұрасын сақтау қажеттегі туралы айтады. Экспозицияға «Мәңгі дала әуені», «Өмір-өзен», «Тау кеші», «Ханшатыр», «Қапшағай», «Қыз керуен», «Даламның оянуы», «Хан тәңірі», «Тоғыз құмалақ» «Қырдағы сағым» сынды шығармалары қойылған.
«Бұл менің 40 жылдық шығармашылық жұмысымның жеңісті жемісі деп білемін. Өнерде шекара жоқ, демекші, мен сонау алыстан келген барша әріптес-достарыма алғысымды білдіремін» деді көрменің ашылу салтанатында көрме авторы Марат Тұрғымбай.
Г. Берік