Сурет өнері – елдің мәдениеті мен өркениетін көрсететін шығармашылық туынды. Тарихта жазушы-ақындармен қатар суретші есімдері де мақтанышпен айтылады. Сурет өнерінен ләззат алатындар, оны жоғары бағаға сатып алып, жинайтын адамдар да бар. Әлемде тіпті суреттің түпнұсқасы үшін бүкіл дүниесін сатуға дайын адам да табылады. Бүгін мәдениетімен әлі де таңғалдырудан жалықпайтын Жапония елінің әйгілі суретшілерін назарыңызға ұсынамыз.
Кацусика Хокусай
Хокусайдың шығармашылығы тек жапон суретшілеріне ғана емес, еуропа өнеріне де әсер етті. Клод Моне мен Пьер Огюст Ренуардың жұмыстарынан жапон суретшінің туындыларына сілтеме көруге болады. Хокусай 1760 жылы қарапайым шаруалар отбасында дүниеге келеді. Бірақ ата-анасы асырауға шамалары жетпегендіктен, оны сегундарға арнап айна жасайтын қолөнершінің қолына табыстайды. Хокусай өзінің өкіл әкесіне көмектесіп жүріп, шығармашылық жұмыспен етене таныса түседі. Бірнеше жылдан кейін ол суретші Кацукава Сюнсенің студиясына келеді. Ол оған бағытын табуына септігін тигізеді. 1790 жылдары ол маңызды туындыларын салады. Ол өзіне ғана тән авторлық стильде гравюралар жасап шығады: ол қытай, жапон және еуропа стильдерін топтастырады. Ал оның аты тек 1830 жылдары ғана танымал болды. Суреттерінің арасында топ жарғаны "Фудзи тауының 100 түрі" (100 видов горы Фудзи) болатын.
Такаси Мураками
"Менің эстетикалық түсінігім қоршаған орта арқылы қалыптасты: соғыстан кейінгі Жапонияның тар тұрғын үй бөлмелерінен мен ойша манга мен аниме әлеміне қашып кететін едім",– дейді Такаси Мураками өзі жайында. Бұл сөздері оның туындысын дәл сол қалпы суреттейді: оның шығармашылығында батыс поп-мәдениеті, Хиросима және Нагасакидегі ядролық жарылыс қорқынышы, жапон дәстүрлі өнері мен анимедегі сән өзара үйлесім тапқан. Такаси Мураками жағдайы нашар отбасында дүниеге келеді – әкесі такси жүргізуші болса, анасы үй шаруасымен ғана айналысатын. Соған қарамастан ол заманауи Жапонияның ең белді суретшілерінің бірі атанып, Токио Ұлттық университетінде докторлық дәрежесін қорғап шықты.
Хироси Есида
XIX ғасырдың ортасында Жапонияда үлкен өзгерістер бола бастады – тек экономикалық жағдай ғана емес, мәдени өзгерістер де бар еді. Жергілікті өнер батыспен селбесті. Сол өтпелі сәттегі атақты суретшілердің бірі – Хироси Есида. Ол 1876 жылы дүниеге келді. Автор ретінде ұлттық сурет өнерін насихаттаушы атанды. Ол батыс сурет өнерін шексіз жақсы көретін. Өз туындысына міндетті түрде батыс элементтерін енгізуге тырысатын. Суретші АҚШ және Еуропа елдеріне жиі саяхаттап, шығармашылық студияларда білім алған. Өзінің жұмыстарында тек жапония пейзажы мен көрнекі жерлерін ғана емес, шет мемлекеттердегі ескерткіштерді де жиі суреттеуге тырысқан.
Яёи Кусама
Психологиялық ауытқу, галлюцинациялар мен өлім туралы шексіз ойларда қуанатын ешнәрсе жоқ. Соған қарамастан бұл кейбір суретшілердің шабыт көзі болуы мүмкін. Яеи Кусама 1929 жылы дүниеге келген. Жапонияның консервативті көзқарастағы мемлекет екенін ескеріп, бойжеткен өзінің өнер жолын АҚШ-та бастаған. 1950-жылдары ол сурет өнерінің нағыз бүлікшісі атанды. Оның туындыларына тек ерекше болып қана қоймай, танымалдық бойынша өз қатарластарын басып озды. Бірақ ол өз отанына оралып, еңбек жолын өзіне жайлы ортада жалғастырады. Яеи Кусама үш рет Жапония атынан Венециялық биенналеге қатысты, туындылары әлемнің алдыңғы қатарлы мұражайларында сақталды. Кусаманың жеке мұражайы Токиода орналасқан. Өзі болса психикалық емханада тұрады.
Фудзисима Такэдзи
Фудзисима Такэдзи – XX ғасырдың ең танымал суретшісі. Ол беделді самурайлардың Симадзу әулетінде дүниеге келген. Ата-анасы ерте жастан оны өнерге баулыған. 1905 жылы Еуропаға аттанып, сол жақта бес жылдай өмір сүреді. 1910 жылы Токиодағы Өнер мектебінің профессоры атанады.
Дәуірі бөлек, тарихы мен мәдениеті бір жапон суретшілерінің туындылары осындай. Сіздің ең сүйікті суретшіңіз кім?