Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің 85 жылдығына орай "Ұлттық рухтың ұясы" апталығы аясында "Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының" апталығы өтті. Ондағы ең ерекше шара кәсіби суретші Қанат Сырлыбаевтың "Ақ пен қара" көрмесі болды.
Қанат Сырлыбаев – Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, "Дизайн" мамандығының ІІ курс магистранты. Алғашқы шеберханасы – О. Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжі, ұстазы – белгілі суретші-график Оспанов Балтас.
"Жұмысым компьютерлік графикамен тығыз байланысты және сол саланың мұғалімі болғандықтан, қазіргі таңда академиялық тақырыпта сурет салмаймын", - дейді Қанат. Оның қазіргі шығармашылығы минимализм бағытындағы плакаттарға арналған және туындылары әлеуметтік тақырыптарды қозғайды.
"Қоғамдағы проблемаларды көре тұра тыныш отыра алмадым. Қоғам ауруын жасырса, соңы жақсылыққа апармайды. Ойымдағы, жүрек түбінде жатқан тебіреністі қағаз бетіне түсіріп, жаңа минимализм бағытында көпке ой салғым келді", - дейді суретші.
Суретшінің туындылары бірнеше көрмеге қойылған, бірақ ҚазҰУ-дағы көрмедегідей бірнеше еңбегі бірінші рет көпке ұсынылып отыр. Назарыңызға "Ақ пен қара" көрмесінде қойылған минимализм плакаттарды ұсынамыз.
"Инеде" плакаты арқылы нашақорлыққа деген көзқарасымды жеткізгім келді", - дейді автор.
"Көкек ана" болса, балаларын тастап кеткен аналарды бейнелейді. Жалпы көкек – өз балапандарын біреудің ұясына тастап кететін құс. Яғни өзі бақпайды. Сондай көкек аналар біздің қоғамда да бар".