- Негізгі бет
- Сурет
- Пикассоның соңғы үйі...
Пикассоның соңғы үйі
Ұлы суретші Пабло Пикассо өмірінің соңғы жылдарын Notre-Dame-de-Vie вилласында өткізген. Қылқалам шеберінің соңғы үйі жақында ғана бәссаудаға қойылып, 20 миллион евроға сатылды. Мужендегі вилланың жаңа қожайыны — жаңазеландиялық кәсіпкер Райо Визэнедж. Бір қызығы, бұл азамат аталған үйді осыдан 4 ай бұрын сатып алған көрінеді. Ол кезде 18 миллион евро ұсынған кәсіпкер ақшаны төлеуі керек болған уақыт аралығында толық өтей алмаған. 2 ай ішінде ақшасы төленбеген 15 бөлмелік вилла осы айда бәссаудаға қайта шығарылған. Осы жолғы мүмкіндіктен айырылып қалмас үшін Райо Визэнедж 20,2 миллион евросын сайлап келген.
Пабло Пикассо соңғы жылдары өткізген Канн маңындағы вилла аумағында 3 ғимарат бар: негізгі сарай, қонақүй және қызметшілер тұрағы. Сондай-ақ, сарайда 15 жатын бөлме және 12 жуынатын бөлме бар. Mas de Notre Dame de Vie-дің болашақ қожайыны жүзу бассейні, теңізге шығатын терраса және шарап жертөлесін де иемденеді. Үй қайта қалпына келтірілген, бірақ Пикассоның шеберханасы өзгеріссіз қалдырылған. Жылжымайтын мүлік агенті Майкл Цинраффтың айтуынша, онда, тіпті, суретшіден қалған бояу іздері бар.
Пикассо Муженде 12 жыл өмір сүріп, 1973 жылы қайтыс болды. Суретші бұл үйде екінші әйелі Жаклин Рокпен бірге өмір сүрген. Пикассо өзінің 400-ге жуық туындысында Жаклин сұлуды бейнелеген екен. Ерлі-зайыптылар 1953 жылы кездескен. Ол кезде Рок 26 жаста, Пикассо 72 жаста болған екен. Олар 1961 жылы үйленді. Жары өмірден өткеніне он үш жыл толғанда Жаклин Рок осы виллада өз-өзіне қол жұмсайды.
Пикассодан бұрын бұл вилла белгілі сыра брендінің негізін салушы Виллем Гиннесс отбасына тиесілі болған. Британ саясаткері Уинстон Черчилль бұл жерге бірнеше рет келіп картина жазған екен.
А. Оралқызы