Осыдан 41 жыл бұрын Кеңес өкіметінің саясатымен Ауғанстан жеріне Кеңес әскерлері кіргізілді. Сол соғысқа Қазақстандық жауынгерлер де қатысып, ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Соғыс 1979 жылы желтоқсан айында басталған. Осыған орай Қазақстан республикасы суретшілер одағының Алматы облыстық филиалының қолдауымен 25 желтоқсан күні, Жамбыл аудандық мәдениет үйінде "Отқа оранған жастық шақ" атты облыстық кәсіби суретшілер көрмесі өтті.
Көрмеге Алматы облысынан көптеген суретшілер, ауған соғысы ардагерлері және мектептің суретші ұстаздары қатысты. Көрме Ауған ардагерлері арқылы жастарды ерлікке, патриоттыққа тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған.
Көрменің өтуіне Суретшілер одағы, Алматы облыстық филиалының төрағасы, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Көркем академиясының академигі Ермұхан Жүнісхан, Жамбыл аудандық Ауған ардагерлері ұйымының төрағасы Бақыт Жақыппеков, ҚР үздік өлкетанушысы, суретшілер одағының мүшесі, ҚР Көркем академиясының Ұлы даланың тарандысы атағының иегері Әуелбек Искаков мұрындық болды.
Алғаш болып сөз алған Алматы облыстық филиалының төрағасы, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Көркем академиясының академигі Ермұхан Жүнісхан көрменің ашылуымен құттықтады.
"Тәуелсіз елде жас ұрпақты патриоттыққа тәрбиелейтін осындай көрменің өтуі адамды қуантады. Осы көрме арқылы суретшілер түйген ойларын майлы бояумен кенеп бетіне салып, жастарға үлгі көрсетіп жатыр. Кез келген адам әр салада отанын сүйетін патриот болуы керек. Келер ұрпақ осындағы ауған соғыс ардагерлерінен үлгі алуы керек", - деді.
Одан кейін сөз алған Жамбыл аудандық Ауған ардагерлері ұйымының төрағасы Бақыт Жақыппеков: "Бүгінгі өткізіліп жатқан іс-шара 1979 жылы 25 желтоқсанда Ауған соғысына басталғанына және сол қан майданға қазақстандық жауынгерлердің қатысқанына байланысты өткізіліп жатыр. Аталмыш көрме тарихты ұмытпау, жастарға тәрбие беру мақсатын көздейді", - деді.
Бұл көрмеге Алматы облысынң түкпір-түкпірінен суретшілер мен қоса мектеп ұстаздары да өз картиналарын алып келген екен. Қазылар алқасы аталған суреттердің бағалап, оларға арнайы сыйлықтарын тапсырды.
Үштөбе қаласынан келген Абылханов Айнолла Хасенұлы осы көрмеге арнайы сурет салып алып келіпті. "Пандшер шатқалында" деп аталытын картина Ауған соғысы кезіндегі ауған халқының көшуін бейнелейді. Суретші осы туындыны көрген ауған соғысы ардагерлері қанды-қырғын кездегі оқ пен оттың ортасында жүрген кезі есіне түсіп көздеріне жас алды дейді.
"Менің мектепте жұмыс істегеніме 40 жылдай уақыт болды. Осы көрмеге екі картинамды алып келдім. Бірі "Ауған асуы", екіншісі "Пандшер шатқалында" деп аталады. Мен осы картиналарымда ауған соғысы кезіндегі атмосфераны дәл бейнелеуге, киімдерін дәл жеткізуге тырыстым. Осындай тарихи оқиғаларды болашақ ұрпаққа сурет арқылы жеткіздім деп ойлаймын", - дейді Абылханов Айнолла.
Көрмеге қатысушы суретшілер, мектеп ұстаздары және ауған соғысы ардагерлері "Үздік ұстаз", "Отан патриоты" және Бауыржан Момышұлы медальдарімен марапатталды.
Суретшілер одағының мүшесі, халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаев музейінің меңгерушісі Әуелбек Искаков мұндай көрмелер жастарға тәрбие беретінін, патриоттық сезімін оятынын айтады.
"Жамбыл ауданында ауған соғысы ардагерлерімен Қазақстан Суретшілер одағы Алматы облыстық филиалының және Үмбетәлі Кәрібаев музейінің ұйымдастырумен "Отқа оранған жастық шақ" атты облыстық кәсіби суретшілер көрмесі өтіп жатыр. Неге бұл күн? Себебі, осыдан 1979 жылдың 25 желтоқсаны Кеңес әскерінің ауғанстанға кірген күні екен. Біздің мақсат ауған соғысы ардагерлерінің ерлігі арқылы жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру. Көрмені ауған соғысының қандай болғанын жастар көрсін, соғыстың болмау керек екенін түсінсін деген мақсатта өткіздік. Бұған Жамбыл аудан әкімдігі, мәдениет бөлімі де атсалысты. Бұл көрмеге 40 шақты сурет қойылды. Оның ішінде Қазақстанға белгілі суретшілердің де туындылары бар. Болашақта осындай көрмелерді тағы да өткіземіз деген ойдамыз. Жалпы, музейлердің мақсаты елімізде ерлікті, батырлықты дәріптеу болып саналады", - дейді ҚР үздік өлкетанушысы, суретшілер одағының мүшесі, ҚР Көркем академиясының Ұлы даланың тарандысы атағының иегері Әуелбек Искаков.
Іс-шара соңында Жамбыл ауданының жергілікті әншілері жырдан шашу шашты.
Айта кетейік, Ауған соғысы 1979 жылы КСРО Қарулы күштерінің Ауғанстанға кіріп, оның ішкі істеріне қол сұғуы салдарынан тұтанған соғыс. КОКП және КСРО басшылығы Ауғанстандағы 1978 жылғы сәуір төңкерісі нәтижесінде билікке келген “халықтық-демократяиылық үкіметті” қолдап, көршілес елдің соцмалистік бағытпен дамуын көздеп, “интернационалдық әскери жәрдем береміз” деген желеумен оның ішкі істеріне араласты. 10 жылға созылған соғысқа қазақстандық жауынгерлер де қатысты.
Қазақстаннан Ауған соғысына 22 мың сарбаз қатысып, олардың 761-і қаза тапты. 21 адам хабарсыз кетті. Бүгінгі таңда Қазақ елінде 10 мыңға жуық ауған ардагерлері бар.