Мыңжылдықта бір болатын көрме: Лувр, да Винчи, Джоконда

Мыңжылдықта бір болатын көрме: Лувр, да Винчи, Джоконда
Фото: vk.com

Леонардо да Винчи шығармашылығына арналған бұл көрмеге билет сату жаздың басында, нақтырақ айтсақ, 18 маусым күні басталды. Сайттағы дерек бойынша, көрме осы бейсенбі, яғни, 24 қазанда басталып 4 айға созылады деп көрсетілген. Париждің Лувры – шебердің көптеген шедеврлерінің тұрақты мекені. Мона Лизаға "қонаққа бару" үшін өнер сүйер қауым ерте қамданды. Себебі, мұндай шара – мыңжылдықта бір болатын оқиға. 

ӨНЕР ТАРИХЫНДА МҰНДАЙ КӨРМЕ БОЛМАҒАН 

Биыл да Винчидің өмірден өткеніне 500 жыл толып отыр. Бір жыл бойы шебер шығармашылығын дәріптеген түрлі шаралар шеруі енді оның шедеврлерінің тұрағы болған Луврда шарықтау шегіне жетеді. Соңғы аккорд атануы тиіс көрмеге дайындық 2015 жылы басталған еді. 

Леонардо шығармашылығына арналған көлемді көрме осыдан 7 жыл бұрын Лондонда өткізілген. Ол кезде Ұлттық Галерея Қайта Өрлеу дәуірінің "генийі" жазған туындылардың 10 шақтысын бір шатыр астына жинаған еді. Олардың бесеуі тұрақты түрде осы Луврда "мекендейді". Қазіргі көрмені ұйымдастырушы Венсан Дельевен Леонардо мұрасын толық жинақтауға талпынып көрген. 

Леонардо да Винчиге біржақты қарау мүмкін емес, оны бөлісе алмайтындар шебердің көзінің тірісінде де болған. Әсіресе, өзі туып өскен Италия мен суретшіні қамқорлығына алған Францияның "арпалысы" тым ерекше. Осыған байланысты, Парижде ұйымдастырлып отырған мұндай көлемді көрмеге автордың Италияда сақталған шығармаларының келу-келмеуі екіталай. Бір қызығы, Леонардо мұрасына қатысты дау-дамайдың ең үлкені саясатта емес. Атрибуцияда.  

Бұл көрмеде Леонардо авторлығына еш күмән келмейтін картиналар ғана көрсетіледі

Атрибуция демекші, аталған көрменің мақсаты – тек автор туындысы екені дәлелденген дүниелерді ғана жинақтау.

2018 жылы Christie’s бәссауда үйі саудаға "Әлемді құтқарушы" аталатын өте сирек кездесетін бағалы лотты шығарды. БАҚ оны Леонардо да Винчидің соңғы картинасы деп жазды. Жеке коллекцияда сақталып келген жалғыз туынды басында $100 миллионға бағаланды. Бірақ жаңа қожайын оны $450,3 миллионға сатып алуы арқылы рекордты баға бекітті.

"Әлемді құтқарушы", 1499

Қазіргі таңда "Әлемді құтқарушы" ел аузындағы картина болса да, ол бұл көрмеде көрсетілмейді. Себебі, да Винчи авторлығы дәлелденбеген.

1499 жылы салынған осы сурет туралы: "Аукцион сарапшылары үшін бұл картина Қасиетті Граальдан да бағалы",– деген болатын Christie’s  бәссауда үйінің өкілі Лоик Гузе.

Айта кетейік, мамандар "Әлемді құтқарушы" картинасын Леонардо да Винчи Франция королі Людовик XII сұранысы бойынша салған деседі.  Кейін картина 1625 жылы Карл I Франция патшайымы Генриетта Марияға үйленген уақытта Англияға өткен. 1649 жылы  Карл I дарға асып өлтірілген кезде туынды Корольдік коллекция тізімінде болған. Содан 1651 жылы бәссаудада сатылып, ал 1666 жылы Карл II билік құрып тұрған кезде Корольдік коллекциясына қайтарылған. 1763 жылы картина жоғалып кетеді де, бұл оқиғадан бір жарым ғасыр уақыт өткеннен кейін қайта сатылымға шығарылған. 1900 жылы орын алған сондай бәссаудалардың бірінде "Әлемді құтқарушы" белгісіз адамның жеке жинағына өтеді.

2018 жылдың 15 қарашасы күні Нью-Йорк қаласында өткен шараға дейін картина Лондон, Гонконг пен Сан-Франциско өнер мұражайларында жұртшылық назарына ұсынылған.

ЛЕОНАРДО ДА ВИНЧИ, "Мадонна Литта" 1490-1491 

"Мона Лизаға" қонаққа келмейтіндер қатарында "Мадонна Литта" да бар. Бұл әлдеқашан белгілі болған. Эрмитаждағы картина Италияда өтетін басқа көрмеге жіберіледі (Бұдан Ресейдің қай елге бүйрегі бұратынын байқауға болатын шығар). Оның үстіне өнер сарапшыларының көпшілігі "Мадонна Литта" Леонардоның шәкірті болған Джованни Больтраффионың картинасы дейді. Бұл суреттің Больтраффио таңбасы қойылған эскизі бар екен. Әрине, Эрмитаж эксперттерінің бұған сенгісі жоқ. Олардан авторды Джованни Больтраффио деп көрсетуін талап еткені үшін сурет Луврға емес, Миландағы Польди-Пеццоли  мұражайына барады. Қызық, иә?!

 ЛЕОНАРДО ДА ВИНЧИ, "Мадонна Бенуа" 1478

Ал дәл осы Эрмитаждағы "Мадонна Бенуа" деп те, кейде "Гүл ұстаған Мадонна" деп аталатын картинаның Леонардоға тиесілі екеніне ешкімнің күмәні жоқ. Орыс жеріне 1914 жылы Николай II алып келген өнер жақұтын француздар Луврдағы көрмеге қанша алдыртқысы келсе де, соңғы сәтке дейін нақты жауап болмады.  

PS: Мұндай келетін-келмейтіні белгісіз туындылар көп болды. Қалай болғанда да, көрмеде Луврда тұрақты көрсетілетін 5 картина үшін де баруға болар еді осы көрмеге. 

Леонардо да Винчидің Луврдағы 5 картинасы

Луврдың директоры Жан-Люк Мартинес 515 жылдық тарихы бар  құнды өнер туындысына "түзетілмейтін зақым келтірілуі мүмкін" деген оймен "Мона Лизаны" ешқайда жібермейді. Мұражай тәртібіне сай, "Джоконда" тіпті өзі қойылған залдан да шығарылмайды екен. Бір қызығы, Леонардо да Винчидің көрмесіне де қойылмайды деген сөз де тараған болатын.

"Мона Лиза" Луврда ғана сақталып келеді. ХХ ғасырдың басында сурет 2 жылдай ұрланған картиналар тізімінде болды. Кейін Италиядан табылғаннан соң, 1914 жылы Луврге қайта оралды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ол Франция аумағындағы түрлі мұражайларда сақталған, бірақ сол кезеңдегі оның тұрағы болған көрмелер туралы нақты ақпарат жоқ. 1963 жылы "Мона Лиза" Вашингтонда және Нью-Йоркте қойылды. Соңғы рет сурет 1974 жылы Токиода және Мәскеуде өткен көрмелерге жіберілген. Содан бері "Джоконда" Луврдан ұзап шықпады. Бұл да Винчиді ең атақты туындысы.

"МОНА ЛИЗА" ҚАЛАЙ ЕҢ КӨП ТАРАЛҒАН КАРТИНАҒА АЙНАЛДЫ?

Ол Луврдан 1911 жылы тамыз айында ұрланды. Картинаны екі жылдан кейін Флоренциядан тапқан. Ұры болса, бар болғаны әділеттілік орнағанын қалайтынын айтып, өзін ақтамақ болады. Оның ойынша, Наполеон ұрлап кеткен шедевр туындыны Италияға қайтару қылмысқа баланбауы тиіс екен.  

Винченцо Перуджиа есімді суретші 1911 жылы картинаны ұрлағаннан кейін, Париж полицейлері оған іздеу салып "Джоконданың" 6,5 мың суретін түрлі газеттер мен журналдарға басып шығарады. Осы оқиғаға дейін қазір аса құнды туынды ретінде бағаланатын картина туралы ақпарат тек интеллигенттер ортасына ғана мәлім еді. 

Бір қызығы, полицейлер бұған күдікті ретінде бірден Пабло Пикассоға шыққан. Одан бірнеше мәрте жауап алған. Пикассо айтарлықтай сескеніп, осыған дейін ұрлаған бірнеше мүсінін өткізіп жібермек болады. 

"Сұлу ферроньера" 1490–1497

Леонардо шығармашылығындағы әйел бейнелері қашан да құпияға толы. Болжам бойынша, мұнда Милан герцогының сүйіктісі Лукреция Кривелли бейнеленген.

"Әулие Иоанн " 1514–1516

Көптеген зерттеушілер әулиенің суреттегі қимыл-қозғалысы мен жүзіндегі мысқылдың ізін ренессанс стиліндегі түпкілікті өзгерістің белгісіне балайды. Ол уақытта мұндай бейнелер сирек салынатын.

"Әулие Анна Мадоннамен және Христоспен" 1508–1510

Леонардоның аяқталмай қалған соңғы туындыларының бірі. Ол шебердің сүйікті сфумато техникасы арқылы салынған.

 "Мадонна құз арасында" 1483–1486 

Бұл картинаның екі нұсқасы бар. Енді оның екеуін де бір жерден көру мүмкіндігі бұйырады.

PS: Алдыңғы жылы Парижден Леонардо да Винчидің бұрын соңды белгісіз болып келген картинасы табылды деген хабар тарады. 

Зейнеттегі қария Tajan аталатын бәссауда үйіне бір бума сурет әкеліп өткізген. Аталған бәссауда үйінің қызметкері 15 сызбаның бірінде әулие Себастьянның ағашқа байланған денесі бейнеленген суретке ерекше назар аударған. Ол суреттен Леонардо да Винчидің қолтаңбасын байқайды. Қарияның айтуынша, суреттер оған әкесінен қалған көрінеді. Ал, да Винчидің суреті оның әкесінің қолына қалай түскені белгісіз.

Бұл эскиз көрмеге қойылса, Леонардоның ең соңғы табылған картинасын көру мүмкіндігі пайда болар еді. Осы аталғанның қайсысы өнерсүйер қауымның көзайымына айналғанын көрме ашылған соң білеміз. 

А. Оралқызы