«Микеланджело: Хас шебер сызбашы және дизайнер» аталатын көрме мұражайлар тарихында бұрын-соңды болмаған ірі шараға айналғалы тұр. Осыған орай италиялық мүсінші әрі қылқалам шеберінің АҚШ пен Еуропа мұражайларындағы барлық туындысы бір жерде топтастырылады.
Өнерсүйер қауым алдағы күзде басталатын көрмеден үш мәрмәр мүсін мен 150 картинаны тамашалай алады. Мұражай қонақтары назарына ұсынылатын бірегей экспонаттар қатарында Микеланджелоның осы күнге жеткен алғашқы картиналарының бірі «Әулие Антонияның азабы» туындысы да бар.
Метрополитен мұражайында қазіргі уақытта Микеланджелоның үш қана туындысы бар: екі картина және «Жас мерген» мүсіні.
Естеріңізге сала кетейік, Микеланджело Буонарроти – италиялық қылқалам шебері, мүсінші, кескіндемеші, сәулетші әрі ақын. Ол ақсүйектер отбасында дүниеге келген. Шебердің өнер жолында кескіндемеші Гирландайо мен мүсінші Бертольдо ди Джованни сынды ұстаздары болды. Сондай-ақ, суретші шығармашылығының кемелденуіне Джотто ди Бондоне, Донателло, Мазаччо, Якопо делла Кверча шығармаларының ықпалы зор болды.
Микеланджело мүсіндері мен картиналары – Қайта өркендеу дәуірінің аса құнды туындылары.
Өмірінің соңғы 30 жылында Микеланджело мүсін мен кескіндемеден бірте-бірте алшақтап, негізінен сәулет өнерімен және поэзиямен айналысты. Ол бейнелеу өнерінен гөрі құрылыс жұмыстарымен көп шұғылданды. Микеланджело Флоренцияда Лауренциана кітапханасының ғимаратын тұрғызды. 1546 жылдан өмірінің соңына дейін Микеланджело Римдегі әулие Петр соборы мен Капитолий ансамблін салды (екеуі де автор қайтыс болғаннан кейін аяқталды).
Микеланджело қартайған шағында да поэзиядан қол үзбеді. Оның лирикасы терең, асқақ, трагизмге толы болды.