Модильяни немесе қаңғыбас суретші

Модильяни немесе қаңғыбас суретші

«Модильяни» фильмінде Пикассо Модильяниден «Сен неге мені сонша жек көресің?» деп сұрайды. Сонда әйгілі суретші Модильянидің жауабы: «Мен сені неге жек көруім керек? Мен біреуді жек көрсем, ол – өзім».

Негізі, шын талантты, табиғаттан ерекше жаратылған талант иелері әрқашан өзімен-өзі бәсекелеседі, өзіне көңілі толмай, өзін-өзі жек көреді. Әр таланттың өмір жолы әртүрлі ғой. Біреу көзі тірісінде бағаланып, атақ пен абыройға бөленіп, бай-бақуатты тұрса, біреудің жолы болмай, кедейшіліктен көз ашпайды. Пикассо – көзі тірісінде бағаланған суретші. Ал қырсық, қоғаммен ымыраға келмейтін, келе алмайтын Модильянидің өмірінің өзі – шым-шытырық сурет еді, тағдырдың картинасы. 
1884 жылы 12 шілдеде Амедео Модильяни дүние есі­гін ашқан күні әке-шешесінің «дүниеге ұл келді» деп қуануға шамасы келмеді. Бұған дейін жақсы табыс тапқан инженер үлкен қаржылай қиыншылыққа ұшырап, төртінші баласын әйелі босанып жатқанда үйіне соттан адамдар келіп, дүние-мүлкін тәркілейді. 

...Модильяни сурет өнерінен өзін іздеп жүрген кезінде қабырғасына темекі иісі сіңіп қалған Париж кафелерінде ішіп отырып, «Мен өмірге келген сәтте отбасыма сәтсіздік алып келдім» деп достарына мұң шағатын. Сәлден кейін шаттанып, «Он бір жасымда суретші болатынымды білдім. Қатты ауырып, орнымнан тұра алмай, төсек тартып жаттым. Түсімде суретшілер салған шедевр картиналар көз алдымнан тізбектеліп өтіп жатты. Суретшілердің кімдер екенін нақты білмеймін. Бірақ бәрінің әйгілі суретші екенін, олар салған картиналардың шедевр екенін түйсігіммен кездім. Сол сәтте өзімнің тағ­ды­рыма суретші болу жазыл­ғанын сездім» дегенді жиі айтатын. 
Париж – талай дарынды суретшіні әлемге танытты, талай талантты жұтып жіберді. Бұл – өзі сондай сұлу және таланттарға қарап, ажал езу тартып тұратын қала. Париж тәкаппар, асқақ, талантты Модильянидің өмірімен ойнады, әлде керісінше, суретші ажалмен ойнап жүрді. Анасы жиі ақша салып тұрса да, Модильяни жоқшылықтан көз ашпады. Ол көптеген таланттар секілді ақша үнемдеуді біл­меді. Модильяни кімге қа­рыз болмады? Ақшасын тө­лей алмаған суретшіні пәтер иелері талай рет қуып шық­ты. Олар ақысына сурет­шінің картинасын алып қалды. Суретші біраз уақыт арзан қонақүйлерде тұрды. Қонақүйдің ақшасын төлемей, қожайынын зар қақсатып, қашып кеткен суретшіні көз алдыңызға елестетіңізші. Ка­феде ішіп, қарыз болып қал­ған кезде де картинасын сыйға тартты. Кафе иесіне картина емес, ақша керек еді. Бұрқылдап жүріп, суретшінің «біртүрлі» картинасын алатын. 
Ол өзінің еркіндігін шек­теген әлемге өкпелі еді. Ол өзін өз қоғамына керек тұлға сезінді. Оның таланты, шығармашылық потенциалы тиын есептейтін пәтер мен қонақүй иелеріне керек емес еді. Қонатын жері болмаған кезде қаңғыбастарға қосылып, қаңырап қалған ғимараттарда түнеді. Оны достары қалжың­дап, «қаңғыбас» деп атады. Еркелетіп «Моди, біздің Моди» деді. «Моди» француз тілінде «қарғыс атқан» деген мағынаны береді. Адамның тағдырына есімі әсер ететіні – әлдеқашан ғалымдар зерттеген ақиқат. Бәлкім, кім біледі, қарғыс атқыр осы лақап есімі оның жоқшылықтан көз ашпай, сәтсіздікке жиі ұшырауына себеп болды ма екен? 
Десе де, оның өміріне сәу­ле түсіріп, оның шығарма­шылығын түсініп, қолдаған адамдар да болды. Дәрігер Поль Александр сурет өне­рін қатты жақсы көретін. Модильянидің картинасын сатып алып, суретшіні қуантып тастайды. Дәрігер бір үйіне үйсіз-күйсіз жүрген талантты суретшілерді кіргізіп, олардың шығармашылықпен еркін айналысуына жағдай жасады. Табиғатынан жалғыздықты сүйетін, жалғыздықта сурет салатын Модильяни көбіне су­рет­шілермен келіспей, жан­­жа­лдасып қалатын. Әрине, ішіп алған сәттерінде бәрі­нің суретіне баға беріп шы­ғатын. Оның «шынайы баға­сы» оларға ұнамайтын, әрине. Бірде тіпті қатты қызып қа­лып, үйдегі мүсіндерді теуіп, картиналарды лақтыра бастай­ды. Модильяниді бәрі сүйреп, далаға шығарып тастайды. 
Далада кейде баратын жері болмай қонса, кейде ішіп алып, есін білмей ұйықтап жа­татын. Жаны тыныштық таппай басын тауға да, тасқа да ұрған суретші наша да шекті. Кейде тыржалаңаш көшеде ұйықтап жатты. Қаңғып жүр­се де, суретші талғаммен киі­нетін. Сұлу, сымбатты суретші әйелдермен тез тіл табысатын. Кедейшіліктен көз ашпай, қаң­­ғып жүрсе де, әйелдердің жү­регін жаулаудан оның ал­дына ешбір суретші түсе алмады. 
Тентек суретшінің өмірінде көп әйел болды, өте көп әйел. Модильяниге әйелдер тез ғашық болатын. Замандастары: «Модидің не сиқыры барын, оны көрген әйелдер одан көз ала алмайтын» деп жазады. 

Ол әйелдердің ешқайсысы да суретшінің жан дүниесінде нендей арпалыс болып жатқа­нын, оның өмірден жиі түңілетінін сезген жоқ және сезіне де алмайтын. Модильяни жүздеген әйелге ақы төлеп, олардың тәнін бейнеледі. Олардың бәрі де суретшінің көңілдесі болды. 

Ағылшын ақыны Беатрис Хастингс Модильянидің сезіміне сезіммен жауап беріп, оның шығармашылығында үлкен рөл ойнады. Екеуі шы­ғармашылық туралы әңгі­мелесіп отырып, бірге шарап ішетін. Соңы жанжалмен, төбелеспен аяқталатын. Екеуі қолдарына не түссе, бір-біріне лақтырып, ұрып, үйдің ішін астан-кестен ететін. Бір-бірін азаптап, қинап жақсы көрген олар өз сезімдерін «махаббат» деп түсінді. Модильяниден әбден шаршаған Беатрис қашып кетеді. Модильяни шарқ ұрып, Париж көшелерінен Беатристі іздеді. «Қайтып келетін шығар, ол мені шын сүйеді» деп өзі сүйген, өзінен бес жас үлкен әйелді ұзақ күтті. Өзі салған Беатристің портреттеріне сағына қарап, уақыт өткізді. Бірақ олар бұдан кейін ешқашан кездеспеді. 
Болмысы қарама-қайшы­лыққа толы, «мен өмірде бі­реуді жек көрсем, ол – өзім» дейтін суретші өмір бойы өзін іздеді. Анығы, өмірдегі өзін, шығармашылықтағы өзін іздеді. Бәрінен тез жалығатын суретші айлап сурет салмай, ешкіммен араласпай, төсектен тұрмай, үйден шықпай, жата беретін. Сондай күндері оны бір жан іздеп келетін. Мынау жалған өмірден, болмысы жасанды адамдардан жалыққан суретшіні ол ғана түсінетін. Ол – Модильянидің музасы Жанна еді. Өзі айтқандай, «таза, пәк Жаннаны сүймеу мүмкін емес» еді. Жаннаның әке-шешесі қыздарының евреймен тағдырын қосқанын қаламады. Он тоғыз жасында Жанна әке-шешесінің қар­сылығына қарамастан, үйсіз-күйсіз Модильянимен бірге кетеді. Жанна қаңғыбас, қырсық суретшіні сүйгені сондай, онымен бірге болу үшін бүкіл қиыншылыққа төзеді. 
Модильяни болған кафе­лерде төбелес болатын. Ішіп, қызып қалған Модильяниге төбелесуге сылтау табылатын. Әйтеуір ол кафе, барлардан төбелессіз қайтпайтын. Фран­цуз тілін жақсы меңгерген, бірақ акцентпен сөйлейтін Модильяниді көпшілік «ита­льяндық болар» деп ойлайтын. Ол Италияда туып-өсті. Фран­цуз тілін анасынан үй­ренді. Өзі өмір сүріп жатқан қо­ғамның еврейлерге де­ген жеккөрініш сезімі оның еркіндігін шектейтін. Қыр­сығып, кейде ешкім сұрамаса да, өзін «Модильяни – ев­рей» деп таныстыратын. Талан­тын танығысы келмейтін, мойын­дағысы келмейтін әлемге өк­пелі еді. 

Қала көшелерінде шарқ ұрып, Жанна Модильяниді іздеп жүретін. Әкесі Жаннаны талай рет Модильяниден ажы­ратып алуға әрекет жасайды. Қызы Жанна «Мені Модиден өлім ғана ажыратады. Ол жоқ жерде мен өзімді тірі адам сезін­беймін» деп айтқан бетінен қайтпады. 

1918 жылы екеуінің қы­зы өмір есігін ашты. Кіш­кентай сәби рухани тоқырау­ға ұшыраған әкесінің өмі­рі­не сәуле шашты. Ол шабыт­танып, сурет салды. Өмірге құштарлығы оянып, Жанна мен сәбиінің алдындағы жауап­кершілігін сезінгендей болды. Некелерін қиып, Жаннаны қуантқысы келді. Бірақ... ол ойы іске аспады. Туберкулез дерті асқынып, суретшіні төсекке таңды. Суретші отыз бес жасында көз жұмды. Модилья­ниді жерлеген сәтте Жаннаның көзінен бір тамшы да жас шықпады, ол үнсіз тұрды. Себебі, ол іштей бір сұмдық шешімге келіп еді. Жанна сүйіктісі Модильяни көз жұмғаннан кейін бір күн­нен соң өзіне қол жұмсады. Ең өкініштісі, Жаннаның құр­сағындағы сәби тоғыз айлық еді. Жазғыра алмайсың және жазғыруға тиісті де емеспіз... Әйгілі суретші Модильянидің музасы болу – оның бақытты һәм азапты тағдыры еді. Модилья­нидің жиырма бес картина­сының «кейіпкері» – Жанна. 
Өнертанушылар «Модилья­нидің шығармашылығын кубизм не фобизм ағымына жатқызуға болмайды, ол экспрессионизм ағымының өкілі» дейді. Десе де, суретші Парижге алғаш келген кезінде алғашқы картиналарын сол сәтте «сәнде болған» кубизм ағымымен салғаны анық. 
Неміс суретшісі Людвиг Мейднер Модильяниді «Біздің Моди жоқшылыққа ешқашан бас қатырмаған ең соңғы богема. Ол – тым еркін еді» деп жазады. Модильянидің қай суретін алсақ та, мысалы, «Қалыңдық пен күйеу», «Еврей қызы», «Мадам Помпадур», «Балалы сыған әйелі» – бәрінде суретшінің жан дүние­сінің еркіндігі байқалады. Иә, Модильяни – өмірде де, шығармашылықта да еркіндігін жоғалтпаған суретші. 

Аягүл Мантай, Мәскеу

Дереккөз: Айқын


Y. Almabek