Болмысы күрделі, әпенділеу, қалжыңбас, испан суретшісі Пабло Пикассоның толық аты-жөні қызық. Оның ұзын сонар есімі мен тегін оқу үшін біраз уақыт керек.
Оның аты-жөніне он бес әулие мен туған-туысының есімдері «қосақталған». Есейе келе Пабло бірнеше фамилиясының ішінен Пикассоны таңдап алады. Пикассо – шешесінің фамилиясы. Себебі, эгоист Пабло біреулердің өз картинасын әкесінің суреттерімен шатастырғанын қаламады.
Жас кезінде шешесін бейнелеген картинасын «Суретшінің анасы» деп атады. Осыдан-ақ өзіне тым сенімді екенін, өзінің үлкен суретші болатынына еш күмәнданбағанын байқауға болады.
Пабло бұзық бала болды, мектепте нашар оқыды. Біреуді ұрып, тәртіп бұзғаны бар, сабақ үлгерімінің нашарлығы бар, әкесін мектепке жиі шақыратын. Мұғалімдер әкесі Хосені сыйлайтындықтан оған көбіне кешіріммен қарады. Паблоның өмірбаянын зерттеушілер суретшінің қатемен жазғанын айтады.
Хосе тентек, қызуқанды баласының болашағына қатты алаңдады. Бұзық балаларға қосылып кетпесін деп тапсырма беріп, сурет салдырды. Хосе баласының алғашқы қадамынан-ақ ерекше талант екенін байқады. Паблоның есте сақтау қабілетінің мықтылығы сондай бір рет көрген адамның портретін арада біраз уақыт өткеннен кейін тез салып тастайтын.
Әкесі апталап, ұзақ еңбекте-ніп салатын картинаны салу үшін оған екі-ақ сағат жететін және әкесіне қарағанда оның салған картиналары жанды еді.
Баласының әрбір шығармасына әкесі тамсана қарап тұрып, «Сен – генийсің! Сен әлемді мойындатқан суретші боласың және басқашалай болу мүмкін емес. Әлемнің сурет өнері сені күтіп отыр» деп көтермелеп, қанаттандырды. Табиғатынан талантты, мақтау сүйгіш бала өзіне сенді. Бәлкім, Пикассоға әкесі дұрыс бағыт-бағдар көрсетпегенде, кім білсін, ол әлемді мойындатқан суретші болмас па еді?! Бір нәрсе анық: ол өмірге суретші болып келіп еді. Әкесінің бағыттауымен жасына қарамастан, он үш жасында Барселона Көркемсурет академиясына, он алты жасында Мадридтегі Сан Фернандо академиясына қабылданады. Бірінші академияны бітіріп, диплом алды, ал екіншісін оқымай, тастап кетті. Академияда оқып жүрген кезінде әкесінің бауыры ай сайын ақша салып тұрды. Пикассоның оқудан шығып кеткенін білген ағасы үзілді-кесілді көмектесуден бас тартты. Сол сәтте Пабло жоқшылықтың, аштықтың не екенін білді.
Пикассоның натурашы әйелдерге төлейтін ақшасы болған жоқ. Кедейлер жататын ауруханада Пикассоның досы дәрігер болып жұмыс істейтін. Мұнда көптеген жезөкшелер емделетін. Суретші дәрігер досының ақ халатын киіп алып, жезөкшелерді «қарайтын». Өзі «емдеген» жезөкшелер оның шығармашылығының кейіпкерлеріне айналды.
Жоқшылық суретшінің жүйкесін шаршатты. Оның достарының бәрі өзі секілді кедей еді. Олар жиі баратын кафенің қожайыны сурет өнерін жақсы көретін. Жаны ашып, кейде тегін тамақтандыратын. Пикассо ылғи да Парижге барса, танылып, байып кететіндей сезімде жүрді. Барселона кафелерінде ішіп отырып, ол суретшілер қаласы Париж туралы жиі айтатын. «Біз Парижге кетпесек, ешқашан танылмаймыз. Біз мұнда уақыт жоғалтып жатырмыз» деп мұңаятын. Бір күні достарымен Парижге тартып отырды. Кетерінде әкесіне «Мен – корольмін!» деп атаған өзінің портретін сыйлады. Мақтансын, өзін мақтасын, ол шынында да, өз әлемінің, өз ортасының королі еді. Бастапқыда Пикассо импрессионист суретшілер Гоген, Ван Гог, Делакруаның шығармашылығымен ауырды.
Парижде ол өзін өте еркін сезінді. Баяғы еңсесін басып тұратын мұңнан арылғандай болды. Тапқан табысын әйелдерге шашып, қыдырып, кейде нан сатып жеуге ақшасы болмайтын. Пикассо Парижде ешкім емес еді. Картиналарын сата алмады. Жаңа картина салайын десе, бояу сатып алуға ақшасы болмады. Ол өзін суретші ретінде жоғалтып алудан қорықты. Ол қалай тапса да, наша шекті. Нашаға тәуелді сүреңсіз күндер бірінен кейін бірі өтіп жатты.
Көрші бөлмеде тұратын жақын досы Касагемастың бөлмесіне кіргенде оның жерде жатқан өлі денесін көрді. «Танымал суретші болам» деген арманы бар досы өзіне қол жұмсапты. «Касагемастың өлімі» атты картинасын салып, өзі нашадан біржола бас тартты. Досының өлімі психологиялық қатты соққы болғаны сондай ол Барселонаға қайтып кетеді. «Мен өмірге сурет салу үшін, әйгілі суретші болу үшін келгенмін. Егер сурет салмасам, мен де досым секілді өзіме қол жұмсап өліп қалам. Ал өзіңе қол жұмсау – бұл күнә. Мені рухани тоқыраудан тек қана шығармашылығым құтқарады» деп бас алмай сурет сала берді, сала берді. Ол – әлемдегі ең көп салған, өнімді еңбек еткен суретші. Арада біраз уақыт өткеннен кейін ол Барселонада тұншығып бара жатқанын сезінді. Езуінде ажал жымиып тұратын ол Парижден қорқып қалса да, ойынан суретшілер қаласы шықпайтын. Ішкі қорқынышын жеңген суретші біржола Парижге қоныс аударады.
Пикассоның жолы болғаны сол: картина сатумен айналысатын көпес Волларға шығармашылығы ұнады. Воллар Пикассоның көрмесін ұйымдастырып, картиналарын сатып, жақсы пайда тапты. Пабло картиналары сатылып, шабыттанып, таза шығармашылықпен айналысты. Ақын әрі суретші Жакоб оны танымал суретшілермен таныстырды. Ал ақын Аполлинермен достығы оны Париждегі зиялы қауымның ортасына кіргізді. Пикассо өзі армандаған танымалдылыққа тез қол жеткізді.
Бұл кезде Пабло өзі ғашық болған Фернандасымен бірге тұрып жатқан. Қызба мінезді Пабло Фернанданы «сурет өнерінен түк түсінбейсің» деп жазғыратын.
Пикассо ең алғаш рет кубизм стилімен «Авиньон қыздарын» салды. Бұл картинасында суретші жалаңаш жеңіл жүрісті қыздарды бейнеледі. Жалаңаш әйелді кім салмады дейсіз? Мәселе – стилінде еді. Әйелдердің кейбірінің басы жан-жануардың басына ұқсайды. Бұл картинасы бұрынғы картиналары-на мүлдем ұқсамайтын. Басқа бояу, басқа стиль, басқа ағым...
Жаңа картинасын көрген Воллар «Бұл – күйреу! Сен сурет салуды білмейді екенсің ғой. Бұрын қалай байқамағам?» деп ренжіді.
Сыншылар, басылымдар Пикассоны аямай сынап жатты. «Пикассо сарқылды, бұдан әрі қарай ештеңе сала алмайды, осы жерден тоқтау керек» деп жатты. Басылымдар сынаған сайын Пикассоның танымалдылығы арта түсті.
Өнертанушылар Пикассо шығармашылығын түрлі кезеңдерге бөліп қарастырады. Кубизм ағымымен салған суреттері жақсы сатылып, суретшінің қалтасын қомпайтып, атын аспандатты. «Үш әйел», «Амбруаз Воллардың портреті» картиналарын осы кезде салды.
Пикассотанушылар «Суретші өзін ренжіткен әйелдерден қа-лай кек алуды білді. Кубизм ағымымен сурет сала бастағанда олардың картиналарын өте ұсқынсыз етіп бейнеледі» деп жазады.
Танымалдылыққа қол жеткізген Пикассоның өмірінде басқа әйел пайда болды. Есімі – Марсель Умбер еді. Лақап аты – Ева. Пикассо Еваны шын сүйді, музасы санады. Тіпті Ева бейнеленген картинасын «Жалаңаш әйел, Ева, мен сені сүйем!» деп атады. Евамен суретшінің бақытты өмірі ұзаққа созылған жоқ. Ерке Ева ауырып, көз жұмады.
Биші Ольга Хохловаға үйленіп, отбасын құрып, өмірге ұлы дүниеге келгенде суретші өмірге мүлдем басқа көзқараспен қарай бастады. Суретшінің картиналарында күңгірт бояу азайып, жарыққа ұмтылу, анықтыққа ұмтылу басым еді.
«Би» картинасында суретшінің отбасындағы ырың-жырыңнан шаршаған жан күйзелісі байқалады. Отбасынан жылы-лық сезінбеген, әйелінің кесір мінезінен қажыған суретші он жеті жасар Мария Вальтер есімді бойжеткенмен кездеседі. Мария Пикассоның көптеген картиналарының «кейіпкеріне» айналады. «Айна», «Айна алдындағы қыз» картиналарының кейіп-кері – Мария. Пикассоның қабірінің қасына қойылған «Құмыра ұстаған әйел» мүсінінде бейнеленген әйел де – Мария. Мария Пикассодан Мая есімді қыз туады.
Үздіксіз жұмыс істеуден, екі әйелдің мінезінен шаршаған, бәрінен еркіндікті жоғары қоятын суретші Ольга мен Марияны бірдей тастап, таза шығармашылыққа бет бұрады. Жас кезінде салған «Өмір» атты картинасындағы сюжет өз өмірінде қайталанды. «Өмір» атты картинасында бала құшақтап тұрған әйел жалаңаш күйеуі мен оның көңілдесіне жек көре қарап тұрады. Ал қысылған күйеуі жанарын жасырғысы келеді. Бірақ бұл картинасын өнертанушылар жақсы қабылдағанымен суретшінің өзіне ұнамапты.
1946 жылы Пикассо жас суретші Франсуазамен танысып, жас әйелінен бір ұл, бір қыз сүйеді. Пикассоның әйгілі «Әйел-гүл» картинасы Француазаға арналған. Пикассоның қиын мінезінен, әр әйелге барып, серілік құратын еркін мінезінен шаршаған Француаза ұлы мен қызын алып, қашып кетеді.
Сексен жасында суретші отыз алты жастағы Жаклин Рокқа үйленеді. Өмірінің соңғы жылдарында ол көбіне-көп тек қана әйелі Жаклиннің суретін сала-ды. Көзі нашарлап, құлағы нашар естіген ауру суретшіні Жаклин баладай мәпелеп, жақсы күтеді. 92 жасында Пикассо мәңгілік сапарға аттанды.
Пикассо көзі тірісінде әлемдегі ең бай суретші болды. Ол дүние салғанда байлығы 1 миллиард 100 миллионды құрады.
Пикассо 1918 жылы досы, ақын Гийом Аполлинерге ашық хат жібереді. Екі ұлы тұлғаның қолы тиген осы ашық хат аукционда 166 мың евроға, ал «Алжир әйелдері» картинасы 179 миллионға сатылды. Көзі тірісінде бағаланған кейбір тұлғалар өлгеннен кейін ұмытылып қалады. Ал Пикассо – жұлдызы жоғары суретші.
Аягүл МАНТАЙ,
Мәскеу
Дереккөзі: "Айқын" газеті