Атақты The Guardian басылымында өнер туралы жаңа мақала шықты. Оның авторы Эдвард Джонс "Пандемия суретші Эдвард Хоппердің туындыларының мәнін ашты" деп жазды.
Оның шөл даладай жансыз қала пейзаждары мен жалғыздыққа қамалған кейіпкерлері дәл қазіргі уақыттың сипаттамасын беретіндей. Қазір бүкіл әлем Хоппер картиналарының ішінде өмір сүріп жатқандай.
Желі қолданушылары суретші шығармашылығы туралы "Жабық кинотеатрдағы мұңды әйел, заманауи безендірілген пәтеріне қамалған жас жігіт, асханада бір-бірінен тым алшақ отырған адамдар... Мұның бәрі адамзаттың өз-өзіне деген аяныш сезімін оятпауы мүмкін емес", – дегенге саятын ойлармен бөлісуде.
Мақала авторы "Карантин кезеңі аяқталса да, оның салдары әлі ұзақ сақталады", – деген қорытындыға келеді. Covid-19 адам сенгісіз әлеуметтік мәселелер бастамасы болуы әбден мүмкін. Жанына жақын адамдардар арасында жоғалған байланыс қайта қалпына келеді дегенге сену оңай емес. Қалай болғанда да, Хоппер шығармашылығы бізге соны айтады.
Біз жалғыздықты еркіндігімізді сақтау үшін таңдаушы едік. Енді бұл біздің таңдауымыз болудан қалды. Хоппер туындыларын қарай отырып "Заманауи өмірдегі еркіндік баламасына айналған жалғыздық жоғалғанда бізге не қалады?!.." деген ойға қаласың...