Американың ең атақты жұбының бейресми фотографы болған Марк Шоның қорынан алынған тың суреттер Лондон қаласындағы Proud Central галереясына қойылды. Көрме 6 мамырға дейін жалғасады. 1950-1960 жылдары фотограф Марк Шо көптеген беделді журналдарда жұмыс істеді. Ол Пабло Пикассо, Элизабет Тейлор, Одри Хепберн сынды өз заманының даңқты өкілдерінің портреттерін жасады. Шо түсірген 27 кадр ғасырлық тарихы бар Life журналының мұқабасын әрлеген болатын. Десе де, оған танымалдылық алып келген Джон мен Жаклин Кеннедидің фотосуреттері болатын. Ең қызығы, ол бейресми фотограф болғандықтан, кадрлар президенттің жұмыс барысындағы кездесулерін емес, күнделікті өмірдегі, көпшілік үшін перденің арғы бетіндегі көріністерді тамашалауға мүмкіндік береді. Марк Шо Кеннеди әулетімен Джон президент атанғанға дейін араласа бастаған. Жоғарыда атап өткен Life журналының түсірілімдерінің біріне шақырылған жұппен таныстық кейін достыққа ұласады. Ал, сайлаудағы жеңістен соң, Шо президенттің Массачусетс штаты, Гианнис-Порт қаласындағы жазғы резиденциясында қонақта болу мәртебесіне ие болады. 1963 жылы Далласта Джон Кеннедидің қастандықпен өлтірілуі фотограф үшін үлкен соққы болғаны сонша, ол өзі ұнататын осы өнер саласын мүлдем тастап кетеді. Ол 48 жасында өмірден өткеннен кейінгі 40 жыл бойы оның жұмыстарын жариялауға мүмкіндік болмады.1996 жылы Шоның ұлы Дэвид, пен келіні Джульет бұрын-соңды ешкім көрмеген мұрағатты жұртшылық назарына ұсынған еді. Біз айтып отырған көрме солардың негізінде жасалды.