- Негізгі бет
- Сурет
- Жүрек белгісі қалай...
Жүрек белгісі қалай пайда болған?
Адам денесіне тән шынайы жүректі “махаббат” символына айналған белгімен салыстырып көріп, ешқандай ұқсастық байқамағанымыз өтірік емес. Сол кезде ғана қазіргі жүрек белгісінің шығу тарихы бәрімізді қызықтырады.
Жүрек белгісінің шығуы туралы нақты ақпарат болмаса да, халық арасында тараған аңыздар мен болжамдар жоқ емес. Алғашқы болжам бойынша, жүрек белгісі шырмауық жапырағымен байланысты. Шырмауық жапырағы шынымен жүрек белгісіне ұқсайды. Шырмауық өзінің берік тамырымен, табиғаттың сан құбылғанына қарамастан өсе беретіндігімен танымал. Ежелгі Грекия мен Римде шырмауық бауыр басудың белгісі болған. Сол себептен, күмбездерді шырмауық жапырақтары арқылы өрнектеуге тырысқан.
Одан бөлек, Роаноке (Вирджиния) университетінің профессоры Гальдино Пранзароне зерттей жүргізе отырып жүректің шығу тегі әйел адамның бөксесіне тамсанудан туған деген тұжырымға келген. «Discovery News» басылымына берген сұқбатында зерттеуші ежелгі миф пен әдебиетті зерттей отырып, гректердің әйел бөксесін сұлулықтың символы, әйел болмысының бастауы ретінде қарастырғанын тілге тиек етеді. Зерттеушінің сөзіне сенсек, ежелгі гректер махаббат символына айналған Афродитаны сұлулық эталоны санаған.
Жүрек белгісі бүгінде жастардың ең сүйікті белгілеріне айналды. Ең танымал әрі жиі қолданатын эмоджи қатарынан жүрек белгісін көруге болады. Жүрек белгісін тек жастар өзара ғана емес, атақты адамдар өздерінің табынушыларына да емін-еркін көрсетеді.
Сіз жүрек белгісін қаншалықты жиі қолданасыз?