- Негізгі бет
- Сурет
- Жұлдыздың тілін түсінетін...
Жұлдыздың тілін түсінетін адам бар
Жұлдыздың сұлулығын сурет тілімен сипаттаған адам бар. Ол – Финляндия елінің тумасы, жартылай грек, жартылай финляндиялық Оскар Кесерчи. Оскар фотоаппаратын жанына серік етіп, түн бола салысымен жұлдызбен сырласуға аттанады. "Үнемі жалғыз жұмыс істегенді ұнатамын, оңаша қалғанда жұлдыз жауған аспанға қарап ерекше күйге бөленесің", – дейді фотограф.
Финляндияда түн салқын. Оскар түннің салқындығына қарамастан, ғаламат суреттер түсіріп жүр. Оның еңбегінен түн мен жұлдыздың сұлулығын сезінесіз. Оскар фотография өнерімен соңғы жылдары айналыса бастаған екен. Суретке кәсіби түрде түсіруді оған ешкім үйретпеген, өзі талпынған.
Фотограф өзінің сайтына: "Мен 1989 жылы Финляндияда дүниеге келдім. Грекияда өстім. 2013 жылы Финляндияға қайта оралып, бір жыл өткен соң алғаш рет фотоаппарат сатып алдым. Содан бері ең ғаламат сәтті суретке түсіріп аламын. Күн сайын жаңа нәрсе үйренуге, суреттерімді тың идеямен дамыта түсуге тырысамын. Көбіне суреттерімді Финляндияда түсіремін. Грекияға жыл сайын барып тұрамын", – деп жазған.
Оскардың суреттері жұмбақ әрі сұлу. Жұлдыздың әсемдігін айқын көрсете білген фотограф көрерменін ертегі әлеміне жетелейді. Жұлдыз, түн. Оскар осы екі детальді ғана шебер пайдаланып, сұлу суреттерді дүниеге әкелген.
"Суретімнен адам баласын көрсеңіз, ол – мен. Камераға таймер қоямын да, тиісті орынға жүгіріп барып, бірнеше секунд қозғалмай тұрамын. Сонда суретім айқын шығады", – дейді Оскар.
Ендеше өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған фотографтың еңбегіне назар салыңыз.
М. Оңғарова