- Негізгі бет
- Сурет
- Жоғалған картиналардың қайта...
Жоғалған картиналардың қайта оралуы
Ұрланған өнер туындыларын табу жолында із кесушілер қанша күш-жігер жұмсағанымен, 28 жыл бұрын жоғалған Рембрандтың екі картинасы Бостондағы Изабелла Стюарт Гарднер мұражайына қайтып келген жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыруға талпынған Cuseum тобының мүшелері Hacking the Heist қосымшасын ұсынды.
Мұражайға келген адам телефонына осы қосымшаны орнатып, гаджет камерасын қабырғада әлі күнге дейін орны үңірейіп тұрған бос рамаға жақындатса Рембрандт туындылары қайта пайда болады.
Әзірге бұл бағдарлама «Қара киімдегі ер мен әйел» және «Галилей теңізіндегі дауыл» атты картиналарды ғана көру мүмкіндігін береді. Алдағы уақытта өзге де ұрланған өнер жауһарларын қосу жоспарланып отыр. Олардың қатарында 30 жылға жуық уақыт бұрын қолды болған Эдгар Дега мен Эдуард Мане жұмыстары және Вермеердің «Концерті» бар. Сол кезде жоқ болып кеткен 13 туындының жалпы құны қазір 500 миллион долларды құрайды.
«Бүгінгі таңда Гарднер мұражайына келушілер бос рамалар орнында бұрын ұрланған суреттердің болғанын білмейді», - дейді Cuseum тобының негізін қалаушы Брендан Сико .
Гарднер мұражайы картиналарды іздеуді тоқтатқан емес және тонаушылар туралы немесе кенептің орналасқан жері туралы ақпарат үшін 10 миллион доллар сыйақы ұсынады.
Білсеңіздер, айтыңыздар.
А. Оралқызы