Мемлекет басшысы биылғы жылды “Жастар жылы” деп жарияланды. Мәдениетке, әдебиетке, қоғамға еңбегі сіңіп жүрген елімізде қаншама жас дарын бар, бұл қадам соларды елеп-ескеру мақсатында жасалды.
Сондай дарынды жастардың бірі – Сұлтан Аманжол. Сұлтан – елімізге танылып келе жатқан суретші. Жақында ғана Кипрде жеке көрмесін өткізіп, суретшілерге берілетін Доғдұрбек Нұрғазиев атындағы “Аласиа” сыйлығымен марапатталып қайтты. Біз жас суретшімен жеке көрмесі, шығармашылығы, алдағы жоспарлары туралы сөйлескенді жөн көрдік.
– Сұлтан, сен – енді танылып келе жатқан суретшісің, біздің оқырмандарға өзіңді таныстырып өтсең. Қай жақтың тумасысың, сурет өнері қайдан жұқты? Сурет салумен неше жастан бастап әуестендің?
Мен Аманжол Сұлтан Айдосұлы 1993 жылы 1 ақпанда дүниеге келгем. Алматы облысы, Райымбек ауданы Саржаз ауылы – тұрғылықты мекенім, бірақ Нарынқол ауылында туғанмын. Сурет өнері кімнен жұқты десеңіз? Анам сенің нағашыларың суретші болған десе, әкем өз інісін айтады: “Алмас деген суретші болған” деп. Апам өз інілерін айтады. Жалпы бәрі өз жағына тартады.
“1 пайыз талант, 99 пайыз еңбек” дейтін сөз бар емес пе? Талантым бар екен деп, мақтанып, еңбек етпесең, ол әурешілік болады. Сондықтан еңбек етпесең, сурет өнерінің қыр-сырын меңгере алмайсың. Талай суретшілер бар оқымаған, іргетасы қаланбаған. Олар ауыл-аймақта, аудандық көлемінде қалып қояды. Әлемдік деңгейге шығу үшін, өзіңнің бар екеніңді дәлелдеу үшін, туындыларыңды басқа суретшілерге мойындату үшін оқу керек, табиғат аясына шығып этюдтар салу керек. Табиғат аясына шыққан сайын айналадан түрлі-түсті “бояу” жұқтырып, шеберлігің шыңдала түседі. Ғалымдар білімді көп оқу арқылы жинаса, суретшілер шеберлікті этюдтер арқылы, түс арқылы жинайды. Осылай табиғат аясына шығуың бар, шығармашылығыңды шыңдауың бар, өзіңнің аз-маз талантың бар осылар қосыла келе бір жақсы дүниелер тудыруыңа септігін тигізеді.
– Сурет салуың мектеп жасынан басталған ғой?
– Иә, мектепте жүріп қабырға газетін шығардық, қала берді жаңа жылда Аяз атаның суретін салатынбыз. Сосын картон қораптың сыртына Абай, Ғабит, Мұқағали аталарымыздың суреттерін салатынмын. Олар әлі де үйде сақтаулы тұр.
– “1 пайыз талант, 99 пайыз еңбек” дейсің, академиялық білім керек дегенді де айттың. Өзің қай жоғары оқу орнын бітірдің?
– Қазақ педагогикалық университетінде көркем сурет факультетінің кескіндеме мамандығын бітірдім. Мен түскен жылы бұл мамандықта оқитын жалғыз студент болдым. Сосын мен үшін бір группа ашып берді. Бес жыл бойы жалғыз, мықты суретшілерден тәлім алдым.
– Суреттеріңді қарап отырсам туындыларыңда Климттың, Баскияның және ішінара Салахиддин Айтбаевтың “қолтаңбалары” бар сияқты. Жалпы, осы өнерде қай суретшінің “қылқаламын” өзіңе жақын көресің?
– Кейбір адамдар суретшілердің “түсініксіз” картиналарын түсінбей: “мынау не шимай, не салған, осылар не үшін қымбатқа өтеді?” деп жатады. Мысалы Пикассоның “Алжирлік әйелдер” картинасы 179 миллион долларға сатылған. Сурет өнерінен хабары жоқ адам мұндай суреттерді түсінбейді. Қарапайым адамдар “мынадай шимайларды мен де саламын" деуі мүмкін. Бірақ ондай дәрежеге жету үшін академизм болуы керек, “фундамент” болуы керек. Адамды, табиғатты қалай салу керек деген сынды теориялық білімнен хабардар болуы керек. Осы ізденіс жолында жас суретшілер сюрреализм, реализм немесе абстракционизм сынды өз бағыттарын тауып жатады.
– Жақында Кипрге барып жеке көрмеңді өткіздің, суреттерің ұнаған болуы керек жергілікте үкімет Доғдұрбек Нұрғазиев атындағы “Аласиа” сыйлығымен марапаттапты. Осы көрме туралы, Кипрге баруың туралы айтып берсең. Ол жаққа баруыңа өздері ұсыныс жасады ма?
– 100-ден аса монумент жұмыстарының және кескіндеме туындыларының авторы Сембіғали Смағұлов дейтін ағамыз Кипрдегі Суат Гюнсель мырзамен байланыс жасап, Кипрға жас суретшілерді шақыру ұсынысын жасаған. Суат Гюнсель – 1,9 миллиард доллары бар белгілі бизнесмен. Кипр астанасы Никосия қаласының гүлденуіне атсалысып жатқан азамат. 30 миллион долларға мешіт, 4 емхана, бұдан бөлек, 20 мың студент оқитын университет салдырған жомарт кісі. Суат мырза енді түркі әлеміндегі ең үлкен музей салуды қолға алыпты. Ол кісі бұл музей түркі өнер дүниесінің орталығы болғанын қалайды екен. Міне, осындай жоспардың арқасында келісім шартпен 15 күнге бардым. 2 аптада 8 сурет салып беруім керек болды. Суат мырза жеке қабылдап: “сіз жұмыс істеңіз, басқаға алаңдамаңыз” деп жағдай жасап берді. Алғаш 3 күніміз танысу, жоспармен бөлісуге кетті. Үшінші күннен бастап сурет салуды бастадым. Алғашқы екі жұмыс “Тағзым” және “Тасаттық” деп аталды.
“Тасаттықты” салуымның өзі қызық болды. Ол жақта құрғақшылық, күн ыстық болғасын жаңбыр сирек жауады екен. 6 айдан бері жаңбыр жаумапты. Сондықтан жаңбыр жаусын деп ырымдап “көкке сиынған ана, жоғарыда Ұмай ананың белгілерін, жаңбырдың белгілерімен сурет салған ем, сізге өтірік маған шын арада 15 минут өтер-өтпес жаңбыр сіркірей бастады. Барлық суретші достарым, ағаларым: “өй, сен бақсы екенсің ғой” деп шулай жөнелді. Сөйтіп, Кипрге барып бақсы атандым.
Кипрге барып жаңа көзқарас әлде орта әсер етті ме жаңа қырым ашылды. Көрші шеберханада әзербайжан суретшісі, әлемде 30-дан аса көрмесін өткізген Илхам Енвереуглы, Асим Асим сынды атақты суретшілер жұмыс жасап жатты. Қазақстанда көбіне реализм бағытында сурет салушы ем, жаңа ортаға барып сюрреалистік бағытта туындылар сала бастадым. Жоғарыда айтып өткен “Тағзым” мен “Тасаттық” туындыларымды Суат Гюнсельге көрсеттім. Жаңбыр жаумай қалған кезде осындай өткізетін дәстүріміз бар деп түсіндірдім. Гюнсель мырзаға бұл суреттер ұнаған болуы керек Наргиз деген көмекшісін жіберіп маған тағы "екі жарым ай қал" деп ұсыныс жасады. Мен сол екі жарым айда 40 сурет салдым. Оның ең кішкентайы 160х120 болды. Басқалардың идеясы 15 күннен кейін таусылып қалып жатты. Ал мен шабытпен жұмыс істедім. Тек суретті ойладым. Өзіме көптеген жаңалықтар аштым. Әзербайжан, Түркияның суретшілері таңданыстарын айтып, жұмыстарымды мақтады. Суат Гюнсель мырза тағы да қалуға ұсыныс жасады. Алла бұйырса қайта баратын шығармын деп отырмын.
– Енді жеке көрмең мен алған сыйлығың туралы айта кетсең?
– Алғашында 15 күнде салған 8 туындымның көрмесінен бөлек ұжымдық көрме болды. Кейіннен барлық суреттерімнен құралған үлкен жеке көрме өткіздік. Доғдұрбек Нұрғазиев атындағы “Аласиа” сыйлығы Түркияның шебер суретшілерге беретін сыйлығы екен. Гюнсель мырза еңбегімді бағалап осы сыйлықпен марапаттады. Оны экономика және энергетика министрі Хасан Тасой келіп табыстады.
– Айвазовский 1869 жылы Суэц каналының салтанатты ашылу салтанатына жол тартқан Ресей делегациясының құрамында болды. Оған жүктелген тапсырма каналдың ашылу салтанатын қағазға түсіру еді. Мысырға саяхат қылқалам шеберіне керемет әсер қалдырды. Ол шөл дала құдіретіне, жұмбақ Сфинкс бейнесіне, алып пирамидаларға, мысыр аңыздарына арқау болған теңдессіз жәдігерлерге тамсана қарады. Осындай ішкі төңкеріс пен Шығыс мәдениетіне бойлау нәтижесінде пайда болған туындылар қатарында “Каир өмірінің көрінісі” картинасы бар. Жас суретші ретінде Кипрге саяхат сенің сурет өнеріңе қандай да бір әсер етті ме?
– Мен бұл елге саяхат арқылы суретші ретінде басқа қырымнан танылдым. Кейбір жұмыстарды жасауға тылсым күш әсер етеді. Өйткені мен кей суреттеріме қарап отырып “осыны шынымен мен салдым ба?” деп ойлаймын. Мен өзге елде жүргесін, Қазақстаннан суретші ретінде шақырғасын ішімде жатқан бар дүниемді, талантымды көрсеткім келді. Бұл жерде менің ғана емес, елдің намысы тұрды. Сондықтан ұялмайтындай, сапалы суреттер салуға тырыстым.
60-жылдары Садахиддин Айтбаев, Тоқболат Тоғысбаев ағаларымыз сынды жас суретшілер қазақтың сурет өнері айдынына жаңа толқын әкелді. Орыстың көзқарасынан шықпай келе жатқан шеңберді бұзғандай болды. Енді біз жас суретшілер жаңа заманымызға жаңа толқын алып келеміз деп ойлаймын. Сол жолда еңбек етіп жатырмыз.
– Алдағы жоспарың қандай? Елде жеке көрме өткізу ойда бар ма?
– 2020 жылға қарай Алматыда жеке көрмемді өткіземін деп отырмын. Кипрде жүргенде Еуропадан келген немістер, түріктер суреттерімді көріп, "мынау нені білдіреді" деп сұрап, таңданыстарын жасырмады. Бұл еңбегімнің ақталғаны деп өте қатты қуандым. Шетелдегі сол көрермендердің әсерін елімізде де көргім келеді. Келесі жылы жеке көрмемді осы Алматы қаласынан бастаймын.
– Елдегі үлгі тұтатын суретшілерің туралы айтып өтсең?
– Реализм жанрында Талғат Тілеужанов ағамызыдың туындылары қатты ұнайды. Ол кісі АҚШ-та өткен Дүниежүзілік суретшілер көрмесінен реализм жанры бойынша гран при алып келген. “Атамекен”, “Көкпар” сынды картиналардың авторы Қанафия Телжанов атамызды да үлгі тұтамын. Ал енді авангардизм жанры бойынша, бет бұрып жүрген бағытым бойынша Марат Бекеев, Асқар Есдаулет, Илхам Енвереуглы сынды ағаларымды үлгі тұтамын.
– Шығармашылығың шарықтай берсін. Әңгімеңе рахмет!