Париждік сән апталығы аяқталысымен, өнер сүйер қауым Версальге аттанады. Өйткені, онда француз фотоөнерінің майталманы Робер Дуаноның құрметіне көрме ашылмақ. Наурыз айының 8-ші жұлдызы күні Espace Richaud мәдени орталығында Vogue Paris журналының қолдауымен фотографтың 1949 бен 1952 жылдар аралығында түсірілген суреттері көпшілік назарына ұсынылады. Өз заманында Дуано Эдмонд Шарль-Рудің өтінішімен (Vogue Paris журналының сол кездегі редакторы) Парижде фоторепортаж жасауға аттанған екен.
Шарль-Ру екеуі мәдениет астанасының ең атақты тұлғалары мен түрлі жиынды, сән көрсетілімдерін суретке түсірген. 3 жылға созылған жұмыстың нәтижесінде 450 000-нан астам сурет қалған. Олардың қатарында танымал модель Бриджит Бардоның сән әлеміне енді аяқ басқан шағынан естеліктер де сақталыпты. Пабло Пикассоның шебер қолдары өңдеген суреттер де бар екен.
Les Années Vogue көрмесі Espace Richaud (78 Boulevard de la Reine, 78000 Versailles) орталығында 28 мамырға дейін өтеді. Ал, Flammarion суреттерді топтастыра отырып, кітап-альбом шығаруды жоспарлап отыр.