- Негізгі бет
- Сурет
- Ең алғашқы фотосуреттер...
Ең алғашқы фотосуреттер
3D, панорама, автофильтр, селфи форматындағы кескіндер бүгінде қалыпты жағдайға айналды. Адамзат тарихында алғашқы суреттің пайда болуы үлкен оқиға еді. Төменде біз алғашқы фотолардың эволюциясын ұсынамыз.
Ле Граның көрінісі. 1826 жыл
Ең алғашқы фотосурет
Адамзат тарихындағы ең алғашқы фотосуретті жасаған адамның нағыз өнертапқыш екені айтпаса да түсінікті. “Терезедегі көрініс” аталатын бірінші гелиогравюраны Жозеф Нисефор Ньепс есімді француз түсірген. Өнертапқышты бейненің көшірмесін алудың жаңа жолдары қызықтыратын. Сол жолдарды табу мақсатында Ньепс шығыс Францияның Сен-Лу-де-Варенн қаласындағы Гра елді мекенінде орналасқан шеберханасына арнайы құрылғы орнатады. Ол обскур камерасы деп аталатын. Аталмыш құрылғы күн сәулесі арқылы бейненің тікелей көшірмесін жасайтын. Шеберхана терезесіндегі көріністі фотосуретке түсіру Ньепс мырзаның 14 сағат уақытын алыпты. Тынымсыз елгезектік пен төзім нәтижесінде адамзат тарихындағы ең алғашқы фотосурет алынды. Ньепстің еңбегі фотоөнер саласының негізін қалады десек артық айтқан болмас. Кейін ол Луи Дагер есімді суретшімен бірлесе жұмыс жасады. Суретшінің дагеротипті аталып кеткен түсірілімдері фотоөнер саласының даму үдерісін жаңа деңгейге көтерді. Ал, тарихи суреттің түпнұсқасы қазіргі таңда Техас штатының Остин қаласындағы зерттеу орталығында сақтаулы тұр.
Тартан өрнегі. 1861 жыл
Бірінші түсті фотосурет
1861 жылы ағылшын физигі Джеймс Максвелл түсірген "Тартан өрнегі" фотография тарихындағы алғашқы түсті фотосурет саналады. Максвелл Лондон корольдік институтында түсті көрудің ерекшеліктері туралы дәріс оқыған кезде түрлі-түсті тартан лентасының өзіндік портретін көрсеткен.
Адамның алғашқы суреті
Париждің Тампль Бульварында жұмыс жасап жүрген аяқ киім тазалаушы өзінің адамзат тарихындағы ең ықпалды фотосурет түсіруші атанарын білді ме екен?! Оның есімі Луи Дагер болатын. 1839 жылы Луи жасаған сурет – адам сұлбасы бейнеленген алғашқы фото туынды еді. Дагерге дейін адам келбеті тек қылқалам шеберлерінің картинасында ғана бейнеленген болатын. Аталмыш суретті түсіру үшін Луи өз объективін бульварға бағыттап, кейін, бірнеше минут бойы күміс жалатылған мыс дискіні жақын ұстап тұрған. Ал, суреттің өңделуі химиялық заттардың көмегімен жүзеге асырылған екен. Тампль бульварында түсірілген бұл сурет – айнамен шағылысу нәтижесінде алынған бірінші фотосурет (mirror-image photograph).
Бірінші фотомонтаж
1858 жылы Генри Пич Робинсон өкпе туберкулезінен қайтыс болған науқас қыздың суретін түсіру үшін бес негативті қолданды. Бұл фотомонтажда қолданылған алғашқы сурет.
Бірінші автопортрет
Алғашқы фотографиялық автопортрет 1839 жылдың қарашасында Филадельфияда түсірілді. Сурет авторы белгілі америка суретшісі Роберт Корнелиус. Бұл алғашқы селфи десек те болады. Әлбетте, қазіргіге ұқсас селфилер 1920 жылдары ғана түсіріле бастады.
Әуеден түсірілген алғашқы сурет
Алғашқы аэрофотосуреттердің авторлары – көгершіндер. 1903 жылы Юлиус Густав Нойброннер камера мен таймерді біріктіріп, оларды көгершіннің мойнына орнатты. Бұл әдіс кейінірек неміс армиясында әскери барлау мақсатында қолданылды.
Су астында түсірілген алғашқы фотосурет
Су астында алғашқы сурет 1926 жылы Мексика шығанағында түсірілді. Суреттің авторы – доктор Уильям Лонгли және National Geographic фотографы Чарльз Мартин.
Ғарыштан түсірілген алғашқы сурет
Жердің ғарыштан алғашқы суреті 1946 жылы 24 қазанда түсірілді. АҚШ-та ұшырылған V-2 автоматтық зымыраны 105 шақырым биіктікке көтеріліп Жердің бірқатар суретін түсірді. Суреттер 35 мм-лік пленкамен әр жарты секунд сайын таспаланған.
Т. Раушанұлы