Чернобыль атом электр станциясындағы апаттан бері 35 жыл өтті. 1986 жылы 26 сәуір күні сағат 01:23-те Чернобыль АЭС-тің 4-блогын жоспарлы түрде тоқтату және турбиналық реакторды сынау кезінде жарылыс болып, реактордың толық сөнуіне себеп болды. Жарылыс нәтижесінде қуат блогының бір бөлігі құлап, бас оператор қаза тапты.
Чернобыль жарылысы ©.bbc.com
Радиоактивті заттардың көп мөлшері қоршаған ортаға тарала бастады. Жел бұл заттардың уын Киев облысынан тыс жерлерге, тіпті Украина КСР-нің шегінен тыс аумаққа ұшырып әкетті. 60 мыңнан астам адам радиациядан зиян шекті, олардың көпшілігі апат салдарын жою үшін жұмыс істегендер еді. 7 миллионнан астам адам тұратын бұрынғы Кеңес Одағының жалпы 155 мың шаршы шақырымы радиацияға ұшырады. 1986 жылы 29 сәуірдегі бақылауларға сәйкес, жоғары фондық радиация Польшада, Германияда, Аустрияда, Румынияда және басқа елдерде де байқалды, радиация толқыны Швецияға дейін жетті.
Радиацияның әсерінен Ресейде, Беларуссияда және Украинада қатерлі ісік, жүйке-психикалық бұзылулар және генетикалық мутациямен ауыратындар саны артты. Салыстыру үшін айтатын болсақ, Чернобыль апатына дейін Беларуссияда 100 мың адамға шаққанда 82 қатерлі ісік ауруы болса, қайғылы оқиғадан кейін бұл көрсеткіш 6 мыңға жетті.
Чернобыль атом электр станциясында сол кезде ресми құжаттарда 54 адам қайтыс болды деп айтылған. Бірақ кейінірек апат және оның салдарынан барлығы 4 мыңға жуық адам қайтыс болды деп хабарланды. Әр жылы радиация әсерінен жалпы 100 мыңға дейін адам қайтыс болды.
Чернобыль апатының салдарынан барлығы 115 мың адам қауіпсіз жерге көшірілді. 1986-1992 жылдар аралығында оқиға орнында апаттардың зардабын жою жұмысына барлығы 526 250 адам қатысты. Олардың барлығы кейіннен радиациялық әсер ету нәтижесінде белгілі бір дәрежеде мүгедектікке ұшырады.
1986 жылы 26 сәуірде украиналық фототілші Игорь Костин алғашқылардың бірі болып Чернобыль атом реакторын суретке түсірді.
Кеңес басшылығы Костиннің фотосуреттерін апаттан бір апта өткеннен кейін ғана жариялауға рұқсат берді.
Фотограф бұл аймаққа апат болғаннан кейін де жиі келді және радиацияның әсерін қағазға таспалады. Назарыңызға Костиннің бірнеше фотосуретін ұсынамыз.
Апаттан кейінгі алғашқы жылдары радиоактивті аумақта туған адамдар ғана емес жан-жануарлар да қорқынышты мутацияға ұшырады.