Атауы: “Помпейдің соңғы күні”
Автор: К.П.Брюллов
Салынған жылдары: 1830-1833
Кенеп, майлы бояу 465,5 × 651 см
Петербордағы Мемлекеттік орыс мұражайы
Бұл картинаны салудағы алғашқы қадам 1827 жылы жасалды десе де болады. Графиня Самойловамен бірге Италияға барған суретші Помпей мен Геркуланум аталатын ежелгі күйреген қалалардың орындарын аралап жүріп, көзіне түскен тұстарды қағаз бетіне түсіруге бел буады. Содан кейін ол болашақ картинаның алғашқы сызбаларын жасайды. Карл Павлович Брюллов “Помпейдің соңғы күні” туындысын алты жыл бойы салған.
Суретші ұзақ уақыт бойы үлкен кенеппен жұмыс істеуге бата алмайды. Ол суретті бірнеше рет өзгертеді, бірақ өз жұмысына қанағаттанбайды. Содан 1830 жылы Брюллов үлкен кенеппен жұмыс істеу арқылы өзін тексеріп көруге шешім қабылдады. Ол туындысының мінсіз болғанын қалағаны сонша, кейде оның сурет салудан әлсізденіп қалған денесін шеберханадан сүйреп шығаруға тура келетін. Өз ісіне жан-тәнімен берілген қылқалам шебері туынды өз ойынан шыққанға дейін тынымсыз еңбектенумен болды.
Содан аталмыш картина 1833 жылы көпшілік назарына ұсынылды. Оны көргендер бір ауыздан туындының шедевр екенін мойындады. Олардың қатарында сыншылар да, қарапайым көрермендер де болды. Еуропа қоғамы мен Петербор жұртшылығы Брюллов өнеріне бас иді. Тіпті, туындыға Пушкин мадақ өлең арнаса, Гоголь ол туралы мақала жазды. Ал, Лермонтов өз шығармаларында сан мәрте атап өтті. Жазушы Тургенев те осы ұлы туынды туралы жағымды пікір қалдырды. Сонымен қатар, сурет Римде италиялық жұртшылыққа көрсетіліп, кейін Париждің Лувр көрмесіне ауыстырылды. Еуропалықтар мұндай тарихи маңыздылығы зор туындыға қатысты оңтайлы пікірде болса, Париж баспасөзі жағымсыз пиғылдағы мақалалар жариялаған екен. Оның себебін қазір анықтап білу мүмкін емес.
Туындының сюжетіне көз тастайтын болсақ, мұнда барша тіршілік иелерін жермен жексен етуге қауқарлы Везувий жанартауы мен шарасыздықтан жан-жаққа жан сауғалап қашқан адамдар бейнеленген.
Көптеген өнертанушылардың айтуы бойынша, суреттегі негізгі кейіпкер – анасының өлі денесінің қасында жатқан сәби. Бұл өмір мен өлімнің арпалысы. Ескінің көмілуі. Жаңаның тууы. Туындыны тамашалаушы сәбидің тірі қалып, қырылып қалған қауымның ұрпағын жалғастырарына сенгісі келеді.
Суреттің сол жағынан біз Скавр қабірінің баспаларында шоғырланған бір топ адамды көреміз. Бір қызығы, олардың қатарында суретшінің өзі де бар...
Сонымен бірге ауру әкесі мен анасын құтқаруға тырысқан адамдарды байқауға болады. Ал, әкесі керісінше балаларын өз денесімен қорғап қалмақшы...
Сүйіктісің мәйітін көтерген ғашық жігіт ендігі өмірінің мәні қалмағандай, қашуға құлшыныс байқатпайды...
Аман қалу мүмкін еместігін ұғынған үш әйел тізерлеп, Құдайға жалбарынды...
Ал, арттағы ақ киімді адам өлім аузында бола тұра, дүниеқоңыздықтан өзімен алтын алып кетуге тырысып бағады...
Ауданы 30 шаршы метр кенепке осыншама кейіпкерді қалай сыйғызған?! Бұл туындыда бір қаланың ғана емес, барша адамзаттың болмысын бейнеленгендей...