Атауы: Пенелопа мен оның табынушылары
Автор: Джон Уильям Уотерхаус
Салынған уақыты: 1912
Стиль: Романтизм
Майлы бояу, canvas. 130 x 188 см
Абердин. Абердин көркем сурет галереясы, Ұлыбритания.
Джон Уильям Уотерхаус – ағылшын қылқалам шебері. Прерафаэлиттік суретшілер толқынының көрнекті өкілі Уотерхаус әйел бейнелерін әсерлі жеткізе білуімен аса танымал. Оның көптеген картиналарындағы кейіпкерлер аңыздар мен әдеби шығармалардан алынған. Уотерхаустық әйелдер бейнесі – әрқашан нәзік, мұңды және өзінің ішкі жан күйзелісімен іштей арпалысқан тұңғиық кейіпкер.
Біз әңгімелегелі отырған “Пенелопа мен оның табынушылары” атты сурет те әдеби туындының ұшқыны. Бала кезімізден сүйіп оқыған көне грек аңыздарындағы оқиғалардың бірі осы суретте көрініс тапқан.
Гомердің «Одиссея» атты екінші поэмасының тақырыбы – Троя соғысынан қайтып келе жатқан Итака аралының патшасы Одиссейдің басынан кешкен шытырман оқиғалары. «Одиссеяның» негізгі сюжеті – «күйеудің оралуы». Одиссей өз үйіне 10 жыл бойы сапар шегіп, жолда көптеген қауіп-қатерді жеңеді. Уотерхаус туындысының негізгі кейіпкері Пенелопа Одиссейдің жолында оны күтумен болады. Хас сұлуға қаншама батырлар құда түссе де, ол кілемін тоқып бітірмей ешкіммен көңіл қоспайтынын айтады. Өзгеге өмірін арнамай, жарының сапардан ораларына сенген ару күндіз тоқыған кілемін кешке тарқатып тастап отырады. Осылайша, кілем тоқу 3 жылға созылады. Кейін оның бұл әрекетін біліп қойған жұртшылық Пенелопадан өзіне жүрегін ұсынған жігіттердің біреуін таңдауды талап етеді. Әйелі Одиссейдің ескі садағын атудан сайыс ұйымдастырып жатқанда ол қайыршы кейпінде қалаға келеді. Афинаның ықпалымен Пенелопа жеңімпазға күйеуге шығуға уәде береді. Одиссей сайысқа қатысып, жеңімпаз атанады. Содан соң Афинаның көмегімен барлық күйеусымақтардың сазайын береді.
Азаматына адалдығын сақтап қалған арудың аты Гомердің жырлауынан бөлек, Уотрехаус туындысы арқылы тарих бетінде мәңгіге сақталды.