Бір суреттің тарихы: "Парсы кілемі алдындағы қыз"

Бір суреттің тарихы: "Парсы кілемі алдындағы қыз"
Фото: google.kz

Врубель Михаил Александрович
"Парсы кілемінің алдындағы қыз", 1886 жыл
Кенеп, майлы бояу. 104х68
Киевтегі орыс өнері мұражайы
-----------------------------------

Врубельдің ең атақты картиналарының бірі осы – "Парсы кілемі алдындағы қыз". Көпшілікке бұл туынды жақсы таныс болғанына қарамастан, оның шығу тарихы мен жеткізер ойы жұмбақ күйінде қалған. Шедеврді ұғуға ондағы детальдардың көптігі де ықпал ете алмайды.

Шебердің өзге де кейіпкерлері секілді "Парсы кілемі алдындағы қыз" да көрген жанды құпияға толы жанарымен жаулап алады.

Ал кейіпкердің әкесіне не ұнамады? Қызының көзқарасы ма? Киімі ме? Әлде антураж? Бәлкім қанжар мен гүл шығар?

Осыны бір зерттеп көрелік.

Врубель картинасында бейнеленген кішкене ғана Мария – Георгий Дахновичтің қызы. Ол өз заманында Киев қаласының Крещатик және Фундуклеевская көшелерінің қиылысында кәсібін дөңгелетіп отырған бай еді. Бұл кісі қазіргінің тілімен айтсақ, ломбардтың иесі болған, пайызға ақша береді. Барлық суретші секілді Врубель де осы жерге келгіштей беретін. Өнері бағаланбаған соң,  амалсыздан жан бағудың қамымен картиналарын тиын-тебенге өткізіп кететін. Сырт келбеті венециялық көпестерден айнымаса да, қу кедей еді. Кей өнер зерттеушілері "Парсы кілемі алдындағы қыз" портретінің салынуына бір ғана себебі де осы шебердің әлеуметтік жағдайының нашарлығы дейді.

Суретші ломбард иесі өз қызының суретін міндетті түрде сатып алады деп ойлаған...

Врубель кейде Дахновичтің ломбардынан өте көңілді қайтатын: "Бұл әлемде жақсы адамдар әлі де бар! Аквареліме 2 рубль сұрап барғам, ол болса, өз еркімен бақандай 5 рубль беріп жіберді!" - дейтін.
Басқа байларға қарағанда Дахнович Врубельге сәл-пәл көмектесіп тұратын. Кейде ол еш қайтарым талап етпестен қалтасына азғантай ақша да салып жіберетін.

Бір қызығы, Врубель шығармашылығында маңызы зор болған асыл тастарды тамашалауға мүмкіндік беретін. Ломбардқа өткізілген жақұттардың күн сәулесіне қалай құбылатынын тамашалаудан талмайтын шебер үшін олардың бағасынан, осы қасиеті бағалырақ болатын. Кейінгі картиналарында оны сурет салу техникасы ретінде пайдаланды. 

Қызылды-жасылды тастардың жылтырын Врубель төмендегі жұмыстарында мінсіз жеткізген.

Ломбард иесі осындай игі істерімен суретші көңілін жауласа да, оның шығармашылығына еш қызығушылық танытпайтын. Өнерді бағалай білмейтін әкесіне қарағанда, 13 жастағы Маня Дахнович шебер әкелген барлық жұмысқа аса үлкен ынтамен қарайтын. Сондай кездесулердің бірінде Врубель Манядан шығыстық сарындағы кейіпкерді көрді, көп кешікпей портретін сызуға кіріседі.

Осылайша қарапайым қыз жұмбақ әлемнің кейіпкеріне айналып шыға келеді. Үстіндегі қызыл көйлек, сезім мен өлімнің символы болған қолындағы қанжар мен гүл, нәзік саусақтарына тым ауыр көрінетін алтын сақиналар, тұнық көзқарас оны Мұңлыққа ұқсатты. Әмірдің гареміне еріксіз қамалған тұтқын арудың болмысын бергендей еді.

 
Суретшінің портретті ломбард иесі сатып алады деген ойы жүзеге аспайды. Бай әрі перзенті үшін ештеңе аямайтын Георгий Дахновичке бұл картина ұнамаған секілді. Ал, Маняның пікірімен ешкім санаспады. Ақыры автор ақшасыз қалды.

"... қыздың" портреті одан кейін де көпшілік көңіліне қона қоймады. Оны 4 рет бәссаудаға салған Врубель көк тиынсыз қайтты.
Бірақ бұл "түсініспеушілікке" оның еті әбден үйренген: "Мен суретшімін, ешкімге қажеті жоқ суретшімін. Ешкімнің менің шығармашылығымды тамашаламайтыны, қызықпайтыны, түсінбейтіні мені түсініксіз күйге бөлейді", - дейтін автор.

Бір күні ол түскі асы үшін осы суретті ақыға тастап кетпек болады. Бірақ асхана иесі ақша талап етеді, ал суретті көрген оның қызы әкесіне: "Ештеңе ұқпадым, бірақ әдемі екен! 1 рубльге тұрарлық",- дейді. Кейін автор қайта келіп картинасын 2 рубльге сатып алады.

А. Оралқызы