- Негізгі бет
- Сурет
- Бір суреттің тарихы...
Бір суреттің тарихы – Казимир Малевич. "Қара шаршы"
Көркем өнер туындысы жұмбағымен тартымды. Белгілі бір өнер туындысы туралы толық қорытынды жасау мүмкін емесі сияқты, бұл туралы бәрінің бір пікірге келуі де мүмкін емес. Атақты "Қара шаршы" картинасы да бір ғасыр бойы өнер сүйер қауымның дау-дамайына айналды.
"Казимир Малевичтің әйгілі полотносы қиял-ғажайып бейнесі ме, әлде философиялық құпия хат па? Бір жағынан, ақ фонда қара квадрат салу үшін әйгілі суретші болу міндетті емес. Мұны барлығы сала алады. Бірақ "Қара квадрат" әлі күнге дейін әлемдегі ең танымал туындылардың бірі. 100 жылдан астам уақыт бұрын салынғанына қарамастан, пікірталастар мен қайшылықтар әлі де жалғасып келеді. Неліктен?
***
ХХ ғасырдың бейнелеу өнері формасы мен мазмұны жағынан өте күрделі һәм қызықты. Дәстүрлі классикалық өнер бір жағынан жаңа қырын көрсетсе, екінші жағынан авангард, оның әр түрлі ағымдары – фовизм, кубизм, кейінірек сюрреализм, абстрактілі өнердің әр түрлі бағыттары: поп-арт, оп-арт, кинетикалық өнер сурет өнерінде жаңадан жол сала бастады. Сонымен ХХ ғасырдың басында әртүрлі зерттеулер негізінде кеңейіп келе жатқан авангард өнері бейнелеу өнерінде ресми бағыт ретінде "авторитетті" академиялық өнермен бәсекеге түсті. Суретшілердің көркем бейне мен экспрессия құралдарын жаңартуға бағытталған күш-жігері өнер саласында бірқатар жаңа көркем стильдер мен тенденциялар туғызды, олар жалпы әлем өнерінің дамуында маңызды рөл атқарды.
ХХ ғасырдың басында қазіргі заманғы кескіндеме реализм принциптеріне қайшы келетін көркем стильдерді дамыта бастады. Мұндай суретшілер табиғатқа негізделген формальды-пластикалық мәселелерді шешуге тырысты. Олар ХІХ ғасырдағы реализмді, натурализмді және импрессионизмді жоққа шығарып, өнердің жаңа дәуірін құруға атсалысты. Сондықтан олардың жұмысының ерекшелігі жасалынған образдар мен формалардың қарапайымдығынан, композициялардың жасандылығы мен декоративті жағына назар аударудың жоғарылауынан және оқиғаны еркін түсіндіруден көрінді. Бұл сурет өкілдері сезімін түрлі-түсті экспрессия арқылы көрсетуге тырысты, сызықтық перспектива мен болмыстың иллюзиялық бейнесін жоққа шығарып, саналы түрде пішіннің бұрмалануына жол берді.
Казимир Малевич
Осындай туындылардың бірі – Каземир Малевичтің 1915 жылы салынған "Қара Супрематикалық квадраты". Ол орыс өнері тарихындағы ең даулы сурет саналады. "Қара квадратта" суретші түс пен композицияның мүмкіндіктерін зерттеді.
1910-1913 жылдар кезеңі орыс авангард өнерінің дамуының негізгі кезеңдерінің бірі болды. Кейбір суретшілер өнерді ерекше тәсілдермен табиғатпен үйлестіруге тырысты. Басқаша айтқанда, кубизмде оның бейнесі объект ретінде өзара байланысты болуын қамтамасыз ететін үйлесімділік болған жоқ.
Осылайша, бейнелеу өнерінде "таза объективтілік" дәстүріне енген екі тенденция пайда болды. Осы уақытта кубофутуризм қозғалысы шарықтау шегіне жетіп, жаңа көркем бағыттар пайда бола бастады. Олардың бірі – конструктивизмді суретші В.Е.Татлин басқарды. Екінші ірі тенденция "супрематизм" деп аталды және оның жетекшісі Малевич Северинович Малевич (1879–1935) болды.
Кубизм, оның ерекше геометрия стилі суретшілерге шығармашылықты шектеп, жалықтыратын қалып ретінде көрінді. Малевичтің жұмысы да осы қайшылықтар процесінде тәжірибе алаңына айналды. Ол бір уақытта кубизм, футуризм және "жеке эмоционалды реализм" бойынша жұмыс істеді. Алогизм ("қисынсыз ой, рефлексия") Казимир Малевичтің жаңа шығармашылық жүйесіндегі бағыттардың бірі болды. Бір қызығы, алогизм логиканы жоққа шығармайды, керісінше жоғары логикаға сүйенуді құптайды.
Осы негізде Малевичтің шығармашылығында объективтілікке жатпайтын дәстүр пайда болып, оның суреттері абстрактілік негізінде супрематизм бағытын көрсете бастады.
1913 жылы М.Матюшиннің "Күнді жеңу" операсы қойылып, Малеевич осы туындының сахналық декорацияларын, костюмдер жинағын жасады және басты қоюшы суретші ретінде қатысты. Дәл осы эскиздерде қара түстер гаммасын алғаш рет тиімді қолданған суретші "қара квадраттың" көрінісін ішінара көрсете алды. Бұл эскиздерде де күн сызықтарының орнына қара сызықтарды жиі байқауға болады. Қысқаша айтқанда, "Қара квадрат" туындысы осы процестерден шабыт алды және суретшінің супрематикалық бағыттағы алғашқы туындыларының бірі болды.
Супрематикалық шығармалар жинағы 1915 жылы 19 желтоқсанда Санкт-Петербургте Н.Е.Добичиннің көркемдік көрмелер бюросында ашылған "0.10" көрмесінде ұсынылады. Экспозициялар арасында басты назарда тұрған "Қара квадрат" картинасы жаңа пластикалық шешіммен жасалған шығармашылық жұмыс ретінде әртүрлі қарама-қайшы пікірлер тудырады.
Малевичтің "Қызыл квадраты"
Көрме каталогындағы тізім бойынша "Қара квадраттың" түпнұсқа атауы "Тіктөртбұрыш" еді. Әрине, бұл автордың үстірт ойлауының нәтижесі емес, керісінше оның супрематизм принциптері тұрғысынан динамикалық форма жасауға тырысуы еді. Суретші сурет туралы: "Бұл супрематикалық үш квадрат белгілі бір дүниетаным орныққандығының белгісі. Қара түс – үнемдеудің символы, қызыл квадрат –революцияның белгісі, ал, ақ квадрат – әрекет", - дейді.
Өнертанушы Е.Ю.Андреева "Малевичтің геометриясы – бұл теңдесі жоқ мәнерлі пластикалық өрнек, яғни ол өзінің әсер ету күшімен таң қалдырады. Ол өзінің семантикалық дәйектілігін квадраттардан жасады", - дейді.
Малевичтің "Ақ квадраты"
Малевичтің картинасына ХХ ғасырдың басындағы өнертанушылар жоғары бағалады. Соның бірі, әдебиет сыншысы және "Өнер әлемі" қауымдастығының негізін қалаушы Александр Бенуа "Реч" газетінің 1916 жылы 9 қаңтарда шыққан санында: "Бұл сурет футурис суретшілер ұсынған Мадонна мен Венера бейнелерін ауыстыратын "икона" екендігі даусыз", - деп жоғары баға берді.
Кейінірек К.Малевич "Қара квадраттың" әртүрлі мақсаттарға арналған бірнеше нұсқасын салды. Қазіргі уақытта "Қара квадраттың" дизайны, құрылымы және түсі бойынша ерекшеленетін төрт нұсқасы сақталған. Малевичте қара квадратпен байланысты көптеген суреттер бар. Квадрат сонымен қатар Малевичтің көп фигуралы үстемдік композицияларында кездеседі.
1915 жылы салынған алғашқы "Қара квадрат" картинасы қазір Третьяков галереясында сақтаулы. Өлшемі 79,5 х 79,5 5 см. Бағасы 20 миллион доллар
"Қара квадрат" 2, 1923 жыл. Мемлекеттік орыс мұражайы
"Қара квадрат" 3, 1929 жыл. Мемлекеттік Третьяков галереясы
"Қара квадрат" 4, 1920 - 1930 жылдараралығы. Эрмитаж
Екінші "Қара квадрат" 1923 жылы Венециядағы биенналеде көрсету үшін салынды. "Қара квадраттан" бөлек "Шеңбер" және "Крест" нұсқалары да бар. Өлшемдері - 106х106 см. Триптих 1915 жылы салынған түпнұсқа кескіндемеден өлшемімен де, арақатынасымен де ерекшеленеді. Суретті Малевичтің ең жақын шәкірттері Анна Лепорская, Константин Рождественский және Николай Суетин Казимир Малевичтің басшылығымен салған. 1936 жылы наурызда бұл үш картинаны К.Малевичтің әйелі Н.Малевич және тағы 80-ге жуық супрематикалық картиналармен бірге Ресейдің мемлекеттік мұражайына тапсырған.
***
Суретші, "Аласиа" сыйлығының иегері Сұлтан Аманжол болса бұл суреттің ашылмаған қыры көп деп санайды.
"Казимир Малевич дегенде көз алдымызға біриншіден майлы бояумен кенепке салынған "Черный квадрат" атты туындысы келеді. Малевичті біз суретші ретінде ғана танығанымызбен ол философ, педагог, өнертанушы, абстракциянизмнің үлкен ағымдарының бірі супрематизмнің негізін салушы. Әлем оны черный квадрат арқылы таныды. "Черный квадрат" атты картинасымен суретшінің супрематизм ағымымен жазған картиналарында геометриялық денелерді бір бірімен керемет композициялық шеберлікпен ойната білуі консептуалды өнер өкілдерінің шығармашылығына үлкен әсерін тигізді. Сурет әлеміне үлкен толқын әкеліп қазіргі таңға дейін Малевичтің, Кандинскийдің шығармашылығынан бастау алатын үлкен суретшілеріміз көп. Малеевичтің "Черный квадратымен" геометриялық денелерден тұратын композициялары менің шығармашылығымада өз әсерін тигізбей қоймады бұны "Конструкция" "Болашақтан хат" атты суреттерімнен көре аласыздар.
Сұлтан Аманжол "Конструкция"
Сұлтан Аманжол "Болашақтан хат"
"Черный квадрат" нақты бір мағынасын ешкім дөп басып айтпауы мүмкін. Көрермен бұны өздерінше талқылап әр түрлі көзқарастары мен пікірлерін айтып, әр адам өздерінше пайымдайды. Бұл менің суретшілік көзқарасымда дүниенің басталуы бір ортақ түйін іспеттес. Негізі суретші әр туындыны жазарда бір оқиға мен көңіл күйіне, ішкі сезімін тебірентер құбылыстар әсер етеді. Суретші Малевичтіңде "черный квадрат" атты туындысын жазарының алдында бір қойылымда болған декорациядағы "черный квадратка" ұқсас нәрсенің үлкен ой туғызып туындының өмірге келуіне әсер еткен. Суретшінің өзі де туындының мағынасын нақты ашып айтпағандықтан, бұл бір тылсым белгі живописьтің құпияға толы ашылмаған сыр сандық екенін көрсетеді. Мысалы Алматылық авангард жанрының белді өкілі Калмыковтың бейнелеуіндегі Алматылық үлкен ғимараттың Калмыков өмір сүрген жылдары салынбай өмірден өткеннен кейін салынғандығы суретші ол ғимараттың тірі кезінде өз мәнерімен кенепке беруі сынды жауабы табылмаған тылсым нәрселер көп", - дейді суретші.
***
"Казимир Малевичтің әйгілі полотносы қиял-ғажайып бейнесі ме, әлде философиялық құпия хат па? Бір жағынан, ақ фонда қара квадрат салу үшін әйгілі суретші болу міндетті емес. Мұны барлығы сала алады. Бірақ, "Қара аквадрат" әлі күнге дейін әлемдегі ең танымал туындылардың бірі. 100 жылдан астам уақыт бұрын салынғанына қарамастан, пікірталастар мен қайшылықтар әлі де жалғасуда. Неліктен? Мұны біз де өзімізше талдап көрейік...
1. "Қара квадрат" – "қараңғы" тіктөртбұрыш
Шын мәнінде, "қара квадрат" қара да емес, квадрат та емес: ешқандай бұрыш бір-біріне параллель болмағандықтан, квадраттың сипаттамасы жоқ. Қою түс, керісінше, әртүрлі түстердің қоспасы, олардың арасында қара түсті кездестірмейсіз. Бұл автордың салқынқандылығын емес, оның ерекше стиль жасауға деген ұмтылысын көрсетеді.
2. "Қара квадрат" – бұл "халтура"
Малевич 1915 жылы 19 желтоқсанда Санкт-Петербургке жоспарланған футуристік "0.10" көрмесінде бірнеше туындысын ұсынуы керек еді. Уақыт өте келе суретші жұмысты аяқтауға үлгермейтінін түсінді. Осы кезде ол салған суретіне наразы ма, әлде басқа себептермен бе, ашуланып кенепті бояй бачтайды.. ал соңында біз шедевр деп жүрген қара төртбұрыш пайда болады. Осы кезде есіктен досы кіріп келіп: "Гениално!" деп айқайлаған көрінеді. Досының сөзінен кейін Каземир Малевичке кездейсоқ салған қара кавадраты ұнай бастаған деседі...
Мамандардың айтуынша, сурет бетіндегі бояу жарылған. Бұл жерде табиғаттан тыс ештеңе жоқ, тек жұмыс брошюрадағыдай шықпаған. Негізгі қабатты зерттеуге бірнеше рет әрекет жасалды. Алайда, ғалымдар, сыншылар мен өнертанушылар ультрафиолет сәулесі арқылы зерттеу суретті бүлдіреді деп, оны рентген сәулесі арқылы зерттеуді мақұл көрген.
3. "Қара квадрат" – бұл түрлі-түсті куб
Малевичтің өзі оның "Қара квадраты" табиғи емес "илләһи сезім" арқылы салынған деп бірнеше рет мәлімдеді. Кейбір адамдар квадратты "қара квадрат" деп санайды. Себебі суреттің шекара сызықтарының ішіне қарасаңыз, қара квадрат емес, түрлі-түсті кубтар көрінеді. "Қара квадраттың" жұмбақ мағынасын "қоршаған әлем бір қарағанда тегіс. Үңіліп қарасаңыз, ғалам шексіз және түрлі-түсті" деп түсіндіруімізге болады.
4. "Қара квадрат" – бұл өнердегі ревалюция
Кескіндеме пайда болғанға дейін кубизм өкілдері Ресейде танымал бола бастады. Бірте-бірте бұл тенденция барлығының әсер етіп, суретшілер жаңа тенденциялар жасай бастайды. "Супрематизм" термині латынның “suprem-інен" шыққан, бұл кескіндемеге емес, кескіндемедегі бояуға мән беруді білдіреді. Супрематикалық картина – "бұйымсыз" кескіндеме, "қиялдың жемісі".
5. "Қара квадрат" – бұл саяси шеру
Казимир Малевич саяси өзгерісті сезген. 1915 жылы Малевичтің "Квадраты" өз заманының жаңа өзекті идеясы ретінде пайда болды. Суретші жаңа адамдарға жаңа дәуір мен революциялық өнер ұсынды. Бұл кескіндеменің дүниеге келуі дәстүрлі өнердің аяқталғанын білдірді.
6. "Қара квадрат" – мазмұннан бас тарту
Шығарма бейнелеу өнеріндегі формализмге қызмет етті. Суретті салуда суретші "контекст" және "мазмұн" ұғымдарын ғана емес, "тепе-теңдік", "перспектива", "динамика" туралы да ойлайды. Алайда оның замандастары К.Малевичтің көргенін көрмеді. "Қара квадрат" замауи суретшілер үшін тарихи оқиға болса, ал қалғандары үшін "қарапайым тіктөртбұрыш" болып көрінді.
***
Қорыта айтқанда, ХХ ғасырдағы бейнелеу өнері тарихындағы ең көп дау тудырған "Қара квадрат" әлі де "жұмбақ тақырыптардың" бірі. Қазіргі өнертанушылар бұл туындыны рентген сәулесі мен микроскоп арқылы зерттегеннен кейін де нақты қорытындыға келген жоқ.
Т. Раушанұлы